Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Ақынның мақсаты – әлдекіммен қылыштасу емес, ақиқатқа көз жеткізу
8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Túrkistan басылымы арқылы қазақ қыздарына өз ақыл-кеңесімді айтқым келеді. Басылымдарыңызды замандастарыммен қатар оқитын жас қыз-келіншектер пайдалысын көңіліне тоқып, керегіне жаратар, ал айтқаным дұрыс емес десе, оны да түсінемін. Біз, ересектер қазір жастарға кей нәрсені айтуға жасқанатынымыз рас. Дей тұрғанмен 75-ке келгенше талай нәрсені көрдік, үйрендік, жирендік. Екі ғасырды бастан өткердік. Сол уақыт аралығында көңілге түйгенімді баян етейін.
Әйел – адамзаттың анасы, сол себепті айналамыздағы тіршілік әйелмен тығыз байланысты. Уинстон Черчилль «Ұлтты жою үшін соғыс ашудың қажеті жоқ, ұлт әйелі жолынан тайса болғаны, ұлттың өзі-ақ құриды» деген екен. Бұл сөйлемнің астарында шындық жатыр. Сол себепті нәзік жан иелерінің қолында дүниенің барлық кілті тұрғанын жете түсінгені жөн. Біз әжелер дәстүрін оқып, әжелер тәрбиесін көріп өстік. Басқа қоғамда өмір сүрсек те, сол дәстүрді жалғадық, сабақтастырдық. Тоқсаныншы жылдары біз аңсаған еркіндік, егемендікпен қатар, жаңа ұрпақ келді. Жаңа ғасыр да өзінің ерекшелігімен келгенін мойындаймыз. Өмірімізге жылдам еніп жатқан тың дүниелерге қуанамыз, бірақ қазақ қыздарына сол жаңашылдықтың ішінен тек қажеттісін алуды ұсынар едім. Осы 30 жыл ішінде қыздарымыз ел алмаған білімді алды, әбден пісіп жетілді, әлемді кезді, көпті көрді. Дегенмен біз әлі де ел болу үшін қазақ әйелінің келбетіне көңіл бөлуіміз керек. Ең алдымен, ата-бабамыз қалыптастырған ананы сыйлау дәстүрін жоғалтпауымыз қажет. Байқасаңыз, соңғы уақытта ананы әлпештеу, анаға құрмет көрсету туралы әңгіме азайып бара жатыр.
Ана байқұс 30 жасқа толса да, үйіне бір бөлке нан әкелмейтін баласының асты-үстіне түседі. Сомадай болып алып, таңнан кешке дейін компьютер алдында отырып, ойын ойнайтын жігіттің тамағын алдына тосып, тыныштығын күзетеді. Біз қазір әйелді қоғамға қызмет етуін көп насихаттаймыз. Бұл – дұрыс, әйел қоғамды дамытуға атсалыссын. Дегенмен сол әйелдер ең әуелі өз ошағын, бесігін, баласын сақтай білуі керек екенін жадынан шығарып алған жоқ па? Соны ойланып көрейікші. Әйел – бәрінен бұрын ұяның күзетшісі.
Мен әйелдер өмірі туралы өлең жиі жазамын. Сол өлеңдерімде қазіргі қазақ қыздарының қандай болуы керек екенін сипаттаймын. Біреуін жұбатсам, енді біреуін жылатамын. Қыздарға үлгі көрсетіп, тәрбие берсем деп еліміздің батыс өңірінде шапқылап жүрмін. Осы жасымда университет, колледж есіктерін қағып, қыздарға тәрбие сағатын өткізіп жүрген жайым бар. Сондағы мақсатым – қазақ қызының тәрбиесі мен бейнесін саралап, бүгінгі келбетін сипаттау. Ақынның қолынан басқа не келеді дейсің? Жалпы, ақынның жүрегі – ең адал, ең таза жүрек. Ақын ешкімді алдай алмайды. Кейде ақындарды жоғары шенділерге тіс батырып, тізе бүктіре алмайды деп кінәлайды. Ақынның мақсаты – әлдекіммен қылыштасу емес, ақиқатқа көз жеткізу. Қоғамды түбегейлі өзгерте салатындай ақынның мүмкіндігі жоқ.
Қазақ әйелі отбасында көп нәрсеге жауапты екенін сезінуі керек. Әйел үйдегі баласының мінез-құлығы үшін ғана емес, сонымен қатар ұлт тәрбиесі үшін қоғам, ел, халық алдында жауапты. Бесікте жатқан балақайды Ұлы даланың батыры етіп, ақыны етіп, қорғаушысы етіп тәрбиелеуі керек. Осы ретте қазақ әйелі атқаруы тиіс борышты анықтап алу керек деп есептеймін. Қоғамдық істерге белсене араласқан әйелдердің арасында еркіндікті сезген соң, ең негізгі лауазым иесі – ана екенін ұмытып кететіндері бар. Біле білсеңіз, ана болу – үлкен жауапкершілік. Арамызда еркіндікті ерсілікпен алмастырып алып жүрген әйелдер жетерлік. Бүгінде кейбір ерлердің әйелдеріне қорған бола алмай, базарға қап арқалатып, қала берді, арақ сатқызып қоятынын көріп-біліп жүрміз. Құлай ғашық болып, сүйіп алған сұлу қызды ұрпақтың ұлы анасы ретінде әлпештегеннің орнына, төмпештей жөнелетін азаматтарымыз баршылық. Бұл дегеніміз – сол азаматтарды бағып-қаққан аналардың өз борышын орындай алмағаны деп білемін. Әл-Фараби «Адам баласына алдымен тәрбие беру керек, сосын барып біліммен сусындату қажет» дейді. Кішкене күнінен анасының аузынан обалдың не екенін, сауап қалай жазылатынын естіп өспеген бала өз бетімен өмір сүреді. Қазіргі ақпараттық технология ғасырында әлеуметтік желінің пайдасы орасан. Дегенмен мұның ішіне жүктелген жаман нәрсені оқыған сайын, адам жамандыққа жаны құмарлана түседі, ал жақсы дүниені естіген сайын, адам жақсара береді. Алайда жаман нәрсе тез жұққыш келеді емес пе? Қыздарға ұялы телефонға телміріп, біреудің мінін теріп, жамандығын тергенше, қасыңда ауырып жатқан науқас туысқаныңды емдеу жолдарын ізде, дәрігер болмасаң да, деніңді сау ететін мәліметтерді қарап, кімнің қандай жаңалық ашқанын біліп, жетістікке жеткен ұлы тұлғалардың өмірінен хабардар бол дегім келеді. Әлеуметтік желідегі бәзбіреудің өмірін қызық көрмей, етегіңе жармасқан өз бұзықтарыңды тәрбиелеп, күллі ел мақтаныш тұтатын азамат етіп өсір дегім келеді. Өз үйін қоқсытып, көшеге шапқылап жүрген жанды ұлтқа жанашыр деп айта алмаймын. Ұлы даланың даңқы байтақ жерге қаз-қатар тігілген отау иелерінің бақытты сәттері арқылы асқақтайды. Әр әйел өз отбасы мүшелерін бақытты етсе, бүкіл ел бақытқа кенеледі.
Мойындауымыз керек, заман жақсылығымен келді. Дегенмен сырттан келген тың дүниелер мен ережелердің түгелін қабылдап, әр көштің соңына еріп, өз тамырымыздан ажырап кетпеуіміз керек. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұстанымды ескінің қалдығы демей, үнемі назарда ұстауымыз қажет. Осы тыйымдарды біліп-өскен қыз бақытсыз болмайды. Ал ақылсыз қыз шоқ басқан тауық секілді селкілдеп, бақытсыз күн кешеді. Кей әйелдеріміздің еркіндік деген осы екен деп еркекпен жарысып жүргені жақсылыққа апармайды. Ашуы келсе айқай салып, бір ұрып қалатын «арыстан» мінезді келіншектерді Құдай әйел етіп жаратқан соң, өз болмысына тән мінез-құлықтан ажырамауы керек деп білемін. Өмірде бақыт тапқысы келетін ер адам күн сайын әйел затына сый-құрмет көрсетуі керек. Ол үшін әйел адам өзін сыйлата алатындай деңгейде болуы тиіс.
Ал тұрмыс құрмаған жас қыздарға айтарым:
«Болмау керек сүюдің жолы жаңа,
Қыз үлесі қашанда болу Ана.
«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,
Өзі сүю қыздардың соры ғана…
Осы жолдар арқылы көрген-білгенімді, қазақтың әйелі кешкен нәрсені айтқым келеді. Ана болу, бесік тербету, қоғамға қызмет жасау, ұлтты сүю – аз шаруа емес. Махаббат жолында қыз бала ешқашан өзі сүйемін деп айтпауы тиіс. Сен сүйген емес, сені сүйген жігітпен көңіл жарастырған абзал. Тіпті, саған ғашық жігіт «Мен сені сүйемін» деп сезімін жасыра алмай, ашық айтса да, одан аздап қымсыну, қысылу керек. Жігітке қайтарар жауапты жұмбақ күйінде қалдырған ләзім. Қыз жұмбақ болуы тиіс, осылайша жігіттер отау тігіп, немере-шөбере сүйгенше сол жұмбақтың шешімін іздеп, сүйген жарына таңғалып жүруі керек. Жігіттер құпияға толы қызды құлай сүюден, сол қызға өлең арнаудан ақын атанады. Сондықтан ибалы қазақ қызының жан сыры жұмбақ күйде қалуы керек.
turkystan.kz