Аққан жұлдыз: Әлия Молдағұлованың жеңіс жолындағы ерлігі
Талай жанның өмірін қиған сұм соғыста қан мен терін төккен талай батырдың асқақ арманы орындалғанына биыл 76 жылдың жүзі болыпты. Сол соғыс жылдарында майданға аттанған 17 жасар қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлова жүзге жуық фашистің көзін жойып, нәзік жанын ерлікпен қиды. Бөйжеткен шағында қолға қару алған қазақ қызы болашаққа ерлік пен патриотизмнің мұрасын қалдырып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында қазіргі Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрмұхамет Сарқұлов итжеккенге айдалып, анасы Маржан ашаршылық жылдары картоп алғаны үшін оққа ұшады. 6 жасар Әлия Молдағұлова жетім қалып, нағашы ағасы Әубәкірдің қолында өседі. Тағдыр тәлкегін ерте көрген батыр қыз 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанды. Ол кездері Әлия не бәрі 17 жаста еді.
«Әлия Молдағұлова 1943 жылдан бастап қайнап жатқан майданға араласты. Әсіресе, Әлия Молдағұлованың 1944 жылғы ерлігі ел есінен ешқашан ұмытылмайды», – деді тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан.
Бейбіт заманда қазақ қызының ерлігі еленіп Мәскеудегі, Новосокольникиде одан бөлек еліміздің көптеген қаласындағы мектептерге, сондай-ақ, әскери-теңіз флотының кемелері мен Каспий теңізіндегі жүк таситын теплоходына қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлованың есімі берілді.
«Осындай батыр қызды тарих ешқашан ұмытпайды. Қазақстанда көптеген қалаларда Әлия Молдағұлова атындағы көшелер, мектептер, ескерткіштер ашылды. Жақында ғана Ақтөбе халықаралық әуежайының өзі Әлия Молдағұлованың есімімен аталды», – деді тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан.
1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында 17 жасар Роза Рымбаева «Әлия» әнін шырқап, Әлия Молдағұлованың қайсар мінезін жеткізді. Мерген қыздың есімі ел жадында мәңгіге сақталып қалды.
1944 жылдың 14 қаңтары. Казалиха деревнясындағы ұрыста Әлия Молдағұлова берен мылтықты құшағына жастай қалып, Фашист басқыншыларының мығым жеріне оқ жаудырады. Алайда жауды қыспаққа алғанда Әлия Молдағұлова атойлап алға шығады. Дәл осы сәтте фашист офицерінің қолынан қаза тауып, соғыстан қара қағазы ғана оралды. Кейін мерген қызға майдандағы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағы және Ленин ордені берілді.
Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы.
Almaty.tv