Ақбоз атты Аттила

Ақбоз атты Аттила

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде берген арнайы сұх­батында ұлт туралы толғаныстарын ортаға салды, әсіресе, тарихқа үлкен көңіл бөлді. «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады – деді Елбасы. – Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек». Міне, осы тұрғыдан қарағанда, Қазақ елінің ежелгі және ортағасырлық тарихын жаңаша ғылыми деңгейде, объективті түрде қалып­тас­тыру қажет. Әсіресе, бұл жерде біз ғұндар тарихынан бастауымыз керек. Ғұн державасына келсек, оның Еура­зиядағы тарихы күні бүгінге дейін әлі де айтарлықтай ашылмай келеді.

Түркі-ғұндар Орталық Азиядан шыққан. Б.з.д. ІV ғ. қытайлықтар оларды өздерінің қауіпті қарсы­лас­тары ретінде көрсеткен. Ғұндардың әскери көсемдері Хань империясымен соғыста бірталай жеңістерге жеткен. Б.з. ІІ ғ. бірінші жартысын­да ғұн тайпаларының қазір­гі Шығыс Қазақстан, Жетісу, Орал, Каспий жаға­лау­ларынан Еділдің арғы жа­ғындағы далаларға көшіп-қонуы басталды. ІV ғ. ортасында ғұндар Еділ мен Дон аймағына бойлап ен­ді. Азов және Солтүстік Кав­каздағы аландарды, Бос­фор патшалығын өзіне қара­тып, олар Оңтүстік–Шы­ғыс Еуропадағы Остгот пат­ша­лығының билеушісі Эр­манарихтың көп тайпалы державасын 375 жылы жеңіліске ұшыратты.

Осы уақыттан бастап Еура­зия мен Еуро­пада халық­тар­дың ұлы көшені үде­рісі (великое переселение народов) жүрді.

Біз осы мақаламызда ғұн­дар­дың ІV-V ғасырлардағы Еу­разиядағы тарихын Ватикан­нан табылған латын тіліндегі деректер негізінде кеңінен жандандыра аламыз.

Ғұн державасының Батыста терри­тория­лық жағынан кеңеюі мен қуатының асып-тасуы 434-453 жылдар аралығында билік құрған Аттиланың (Еділдің) тұсында орын алды. Аттила және оның дәуірі Еуразия тарихында өшпес із қал­дырды, ол тек тарихи шығармалар, хроникалар мен эпикалық ескерткіштерде ғана сақталып қалған жоқ. Біз өз тарапымыздан германдықтардың эпостары мен Скандинавия сагаларында (das Niebelungenlied, Edda, Sagen, т.б.) ғұндардың және олардың қолбасшысының ұлы істері көрініс тапқандығын анықтадық (бұл шығармаларда ол Attila, Etzel, Atzel, Atli, Ätla деп көрсетіледі). Осы жерде бір айта кететін жағдай, бірқатар герман тайпалары, сонымен бірге, Солтүстік, Орталық және Шығыс Еуропаны мекендеген халықтар мен тайпа ұйымдары күшейіп келе жатқан Ғұн державасын өздерін Рим империясынан қорғаушы күш ретінде де сезінді.

Биылғы жылдың шілде айында мен Мем­лекеттік бағдарламаға сәйкес, ҰҒА-ның Тарих және этнология институтының қолдауымен Италияға сапарға бардым. Оның мақсаты – ғұндар, аварлар, Түрік қағанаты, Алтын Орда тарихы бойынша сирек кездесетін деректер мен материалдарды анық­тау еді. Ватиканда деректік материалдарды – манускриптілер жиынтығын Vaticani Latini (Ла­тын қорлары) қолжазбалар залын­да қараған кезде мол олжаға жолықтық. Мысалы, түркі-ғұндар және олардың Рим империясымен өзара қарым-қатынастарына қатысты мәліметтер Рим папасы Лев І-нің (440-461) хаттарында бар болып шықты. Ол Шығыс Рим империясын Еуропадағы үстемдік үшін күресте ғұндарға қарсы бірлесуге шақырған (Biblioteca Apostolica Vaticana (BAV), Vaticani Latini (Vat. lat. 541, f. 67-68 R). BAV, Vat. lat. 1319, f. 96ᵛ , Vat. lat. 544, f. 183-184R). Деректер билеуші Атти­ланың бейнесін объективті түр­де ұлы істерді атқарған зор мем­лекеттік қайраткер ретінде жаңғыр­туға мүмкіндік береді. Аттиланы І мыңжылдықтың ең белгілі толағай тұлға деп есептеуге толық негіз бар.

Бұл жерде біз қысқаша мына мәлі­мет­терді бергеніміз жөн. 451 жылы Сол­түс­тік Галлияда (Фран­ция) дүние жүзі тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі – Ката­лаун даласындағы ұрыс өтті. Сол кезеңдегі әлемнің алып держава­сы – Рим империясының өзінің көп­теген одақтастарымен Ғұн әскеріне қарсы қақ­тығысы ешқайсысының да басымдыққа ие бола алмауымен аяқталды. Алайда, осы шайқастан кейін де ғұндардың күш-қуаты елеулі болғандықтан, ұлы қолбасшы Аттила аз уақыттың ішінде қай­та атқа қонып, енді жорықты тіке­лей Рим империясының жүрегі Италияға бағыттады.

452 жылдың көктем-жазында ғұндар Солтүстік Италияға келіп, Аквилея, Кон­кордия, Альтин, Патавий (қазіргі Падуя), Ви­цетия (қазіргі Виченца), Верона, Бриксия (қазіргі Брешия), Бергамо, Милан, Тицин (қазіргі Павия) қалаларын алды. Аттила өз резиденциясын Миландағы Рим императорларының сарайына орналас­тырды. Бұл же­ңістерден кейін Римге жол ашыл­ды. Осы қиын жағдайда Рим им­периясы Аттилаға елшілік жіберуді ұйғарды. Елшілікті Папа Лев І өзі басқарды. Сол кездің куә­гері хронист Проспер Тироның ла­­тын­ша жазған хроникасына қа­ра­сақ: «Барлық елшілер сыймен қа­былданып, патша шіркеудің жо­ғарғы басшысының қатысуына ере­к­ше ризашылығын білдіріп, соғыс­ты одан әрі жүргізуден бас тар­­тып, бейбітшілікті сақтап, Ду­най­дың арғы жағына қайтуға уәде берді» (Prosper Тiro. Epitoma de Chronicon, 1367, — MGH, T. IX, p. 482).

Аттила Римге жорықтар жасаған басқа замандастарынан ерекшелене білді. Ол христиан діні мен Рим папасына құрметін көрсетті. Сондықтан, қазір де басты христиан храмы – Римдегі Әулие Петр соборында Ғұн империясының ұлы билеушісінің бейнесін көруге болатындығы кездейсоқтық емес. Бірінші көрініс – бұл собордағы XVII ғ. мүсіншісі Алессандро Альгардидің Лев І-нің Аттиламен кездесуін бейнелеген барельеф. Екіншісі – осы тақырыптағы Рафаэль­дің фрескасы.

Сонымен бірге, осы ізденіс сапарымызда бұған дейін Ғұн им­периясының, Рим мен Вати­кан­ның тарихына арналған ешбір еңбекте кездеспеген Аттиланың маңызды суреті табылғанын ай­рықша атап өткім келеді. Мә­селен, Ватикан музейінің қорындағы көптеген суреттердің арасынан 452 жылғы ғұн билеушісі Аттила мен Папа Лев І арасындағы кездесуді бейнелейтін фреска көзімізге оттай ұшырады. Бұл жерде Ватикан музейлері құрамына кіретін Географиялық карталар галереясы жөнінде сөз болып тұр. Бұл галереяда (Galleria della Carte Geografiche) 40 карта бар екен, оларда Католик шіркеуінің бұрынғы иеліктері көрсетілген.

Рафаэльдің белгілі Элиодор Станца­сындағы (Stanza di Eliodorо) «Ұлы Левтің Аттиламен кездесуін» көрсеткен суретпен салыстырғанда, біз тапқан фрескада Аттила ақбоз аттың үстінде, басына алтын пат­шалық тәж киген маңғаз бейнеде тұр. Оның келбетінде Солтүстік Италияны бағындырған және Рим империясына соққыларды жаудырған құдіретті әміршінің айбын-салтанаты көрініс тапқан.

Аттила қайтыс болғаннан кейін Батыстағы Ғұн державасы оның мұрагерлері тұсында ыдырап кетті. Ғұндардың бір бөлігі төменгі Дунайдың солтүстігінде қалды. Үлкен бөлігі Қара теңізге кетіп, ары қарай шығысқа, Орал және Арал теңізі бағытына, яғни кең байтақ Ғұн империясының ежелгі шығыс шекараларына оралды. Ғұн одағы бұдан былай Орта Азия тайпаларының бірігуіне әсер етіп, қазақ халқының да қалыптасуына өз ықпалын тигізіп, құрамына енді. Еуразия тарихының ортағасырлық кезеңіне өтуі мен жаңа өркениеттің қалыптасуына алып келген Еуро­падағы халықтардың ұлы көшені дәуірінде Ғұн державасы маңызды тарихи рөл атқарды.

Ватиканның кітапханасында мен еуропалық саяхатшылардың ерекше ілтипатында болған Орта­­лық Азия мен Шығыс, яғни Моң­ғолия мен Қытай жерлері бойынша мәліметтерге назар аудардым. Олар халықаралық қатынастардың тарихы, сондай-ақ шаруашылық пен тұрмыс, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастар, дін мен әдет-ғұрыптары туралы айқын мәлімет беретін ерекше тарихи деректердің бір парасы болып табылады.

Табылған осы мағлұматтардың ішінен ХІІІ ғасырдың ортасынан XV ғасырдың ортасына дейін Шығыс пен Орталық Азияға саяхаттарды ұйымдастырған 126 саяхатшыны атап көрсеткім келеді. Олардың басым көпшілігі белгісіз болып келген еді. Тек Батыс Еуропаның жекелеген мамандары ғана оларды біршама білетін болар.

Олардың кейбірін келтіруге болады: Balduin von Hennegau, Odorico da Pordenone, Isachus Venerio (Venier), Jacobus von Florenz, Paschalis Hispanus de Victoria, Gottifredo Morosini, Giovanni Querini және басқа да бірқа­тар саяхатшылар мен миссионерлер. Айталық, италиялық саяхатшылар Орталық Азия мен қыпшақтар қағанаты (Khanat Кipchak) жерлерінен өтуге болатын жолдарды атап көрсеткен. Бұл арада «қағанат» анықтамасы «мемлекет» сөзіне сәйкес келеді. Түркі термині «қағанат» өзінің мазмұны бойынша «мемлекет» ұғымын білдіреді. Ватикан кітапханасының материалдарында Алтын Орда, Шағатай мемлекеті, әртүрлі хандардың бас­қаруы туралы мәліметтер кездеседі. Қазақстан тарихы, түркі әлемі мен Орталық Азия тарихы бойынша Рим папалары мен Алтын Орда хандарының жазысқан хаттары ерекше маңызға ие. Біз жекелеген манускриптілердің мазмұнымен таныстық. Бі­рақ бұл жұмысты әлі де қар­қын­ды түрде жал­ғастыру керек.

Ғұн мұрасын әлем­дік ғылымға белгілі архео­ло­гия­лық қазбалар арқылы да бағалауға болады. Қа­зір­гі кезеңде қазбалар Қазақ­с­танда, Орталық Азия, Еу­ра­­зия мемлекеттерінде, т.б. аймақтарда жалғасып жа­тыр. Бұлар ғұндардың өзін­дік материалдық мәде­ниетінің, қолөнерінің, сау­дасының, әскери өнерінің сөзсіз куәсі болып шығады. Ғұндардың зергерлік үлгілері мен нақыштары, мәселен, қазақтардың зергерлік өнері­мен терең үйлесімділік табатынын байқауға болады. Ол бұйымдардың ішінен алтын және күміс диадемалар, алқалар, сырғалар, тарақтар, т.б. заттар ерекше көзге түседі.

Жоғарыда көрсеткендей, түркі-ғұндардың біздің отандық тарихы­мыздағы, сонымен бір­ге дүние жүзі тарихындағы ор­ны ерекше. Бұл тарихты зерт­теуді жа­ңа тұрғыдан одан әрі жал­ғас­тыру қажет. Көптеген дерек-құжаттар грек, латын, көне герман және Скан­динавия тілдерінде сақталып қалған­дығы бізге бұл орайда үлкен мүмкіндіктер тудырады әрі Ұлытау төрінде Елбасы айт­қан­дай, қазақтың арғы түбі ғұн­дар­дан басталатын тарихын түген­деуге көмектеспек.

АЛМАТЫ.

Суретте: профессор Қ.Жұмағұлов тапқан Ватикан­дағы фреска. Көрініс Ғұн империясының, Рим мен Вати­канның тарихына арналған еңбектерде күні бүгінге дейін кездеспеген. Фреска XVI ғасырда орындалған. Суреттің төменгі жағында «S. Leo Pont. Max. Attila. Furentem. Reprimit» деген жазу бар. Ол латын тілінен аударғанда «Ұлы папа Лев қаһарлы Аттиланы тоқтатты» дегенді білдіреді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста