АҚ ПАТШАНЫҢ САРАЙЫНДА БОЛҒАН АҚСАҚАЛДАР

ҚАЗАҚ ДЕПУТАЦИЯЛАРЫ ЖӨНІНДЕ БІРЕР СӨЗ
Ресей патшалығымен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынастар Тәуекел ханның тұсында басталған. Тәуекел 1594 жылдың аяғына таман Мәскеуге Құлмұхаммед биді елші ретінде аттандырады. Атақты би бұл сапарында біраз мәселелер төңірегінде сөз қозғаған.
Ресей патшалығымен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынастар Тәуекел ханның тұсында басталған. Тәуекел 1594 жылдың аяғына таман Мәскеуге Құлмұхаммед биді елші ретінде аттандырады. Атақты би бұл сапарында біраз мәселелер төңірегінде сөз қозғаған. Ал осы кездесуді жалғастыру орыс патша тарапынан 1595 жылы қолға алынып, қазақ даласына Третьяк Чебуков жіберілгенімен қарым-қатынас жалғаспаған. 
Ресей патшасы Федор Иванович 1595 жылдың наурыз айында Тәуекел ханның елшісімен бірге Вельямин Степановты қосып жібереді. Осы елшіліктен бастап қазақ-орыс арасындағы қатынастарда ілгері басушылық байқалады. 1694 жылы хан Тәуке І Петрге хат жазады. Мұнан кейін 1687-1697 жылдарда екі ел арасында сауда-саттық мәселелері қозғалған. 1772 жылы І Петр: «Всем азиатским странам и землям, – оная орда ключ и врата; и той рады причины оная орда потребна под россиской протеку... быть, чтобы только через их во всех азиатских странах комоникацею иметь и к Россиской стороне полезные способные меры взять» – деген. Дегенмен, І Петр қайтыс болғаннан кейін оның ойы іске аса қоймады. 
Ойрат-жоңғарлар қазақ даласына көз тігіп, жаулап алу мақсатында үнемі шабуылдаумен болды. Бұл шапқыншылықтан көршілес орыс мемлекетімен толыққанды қатынас орнағанда ғана құтылатынын саралаған Әбілхайыр хан 1730 жылдың 8 қыркүйегінде Анна Иоановна патшайымға арнайы хат жазып, Сейітқұл, Құтлымбеттерді елшілікке аттандырады. Ал 1731 жылдың 7-10 қазанында Әбілхайыр ханның ордасына полковник Тевкелев бастаған Ресей елшілігінің келуі, онда 27 бидің Ресейге бодан боламыз деп ант қабылдағаны тарихтан белгілі.
Орыс патшалығы қазақ даласында үш орда, кейіннен дистанциялық (желілік), уездік, болыстық, т.б. басқару органдары арқылы өз биліктерін жүргізді. Қазақ жұртшылығы арасынан шыққан хандар, сұлтандар мен билер, батырларды өздеріне тартып, қызметтерін бағыттап отыруға тырысты. Алайда қазақтың белгілі билері орыс патшасы берген шен-шекпенін өз жұртының мақсаты үшін пайдаланды. Әрине, мұндай адамдар аз болатын. Ал патша генералдары мен ояз басшылары қазақ жұртшылығының беделді сұлтандары мен билерін және жекелеген батырларды патша сарайына шақырып, салтанатты қабылдауларды дүркін-дүркін жасап отырған. Патша бұл қабылдауларда біріншіден, Ресей патшалығының күш-қуатын көрсетуге тырысса, екіншіден, қазақ даласында билігі жүретін, өз жұртына айтқанын орындата алатын сұлтандар мен билерді уысынан шығармауға ұмтылды, үшіншіден, олардың ойларын білуге мол мүмкіндік туатынын есепке алып шақыртатын.
1828-1830 жылдарда шақыр­тылған Қарқаралы мен Көкшетау ішкі округінің билері император Николай Павловичтің қабылдауында болды. Олар: сұлтан Тұрсын Шыңғысов, Абылай Абасов, Құсбек Тәукин, Алшынбай Тіленшин, Шыңғыс Бөкеев т.б. еді. Бұлар осы қабылдауда негізінен шендерін өсіру мен айлықтарын көбейтуді сұраған көрінеді. 
1847 жылы сұлтан, генерал-майор Баймағанбет Айшуақов бастаған қазақ зиялылары Мәскеу, Петербор қалаларында болып қайтқан.
Орта бөліктен: сұлтан Мұхамед­ғазы Шерғалиев;
Шығыс бөліктен: сұлтан Бабағали Мәтиев, Досмұхамед Әрменов;
Құрметті Ордалықтар – Батыс бөліктен: Би Қазы Сырымов, Майке Құлов;
1859 жылдың 3 тамызында ІІ Александрдың шақыртуы бойынша пристав Костромитиновпен бірге 13 адам жолға шығады. Олар 12 тамызда Нижний Новгордқа, одан соң Мәскеуге келеді. Қазақтардан құралған бұл үшінші делегация еді. 24 тамызда делегаттар Петерборға келіп жетіп, көрнекті жерлерін аралап, 9 қыркүйекте ІІ Александр патшаның қабылдауында болады. Патша өзінің арнайы жарлығымен Сырдария шебінен барған Тайпы және Тұрсынбай Бүркітбаевты Станислав лентасы, алтын медальмен марапаттайды. Бұл делегаттар 1859 жылдың 13 қыркүйегінде елге қайтып, жолда Мәскеу қаласында 7-9 күндей аялдап, Орынборға келеді. 
Бұл патшаның астарлы саяса­тынан туындаған сапар екенін көзі ашық қазақ өкілдері көкірегіне түйіп қайтады. Осы қабылдау күндерінде Тайпы Жаңбыршин мен Тұрсынбай Бүркітбаевты патша мұрагерлері және ұлы князь Константин мен Николай, Михаил Николаев қабылдайды. Осында Ішкі істер министрі екеуіне де жоғарыда айтылған сыйлықтарды берген. 
Жалпы 1849-1860 жылдар ара­лы­ғында патша қазақ өкілдерін 4 рет қабылдаған. Бұған әрдайым Орынбор мен Самара генерал-губернаторы А.А.Катенин мұрындық болып отырған.
1859 жылғы Петербор сапарына Орта бөліктен Орал даласының орта бөлігінің басқарушысы, подполковник Мұхамеджан Баймұхамедов, басқарушының орынбасары, жүзбасы сұлтан Ханғали Арыстанов, Шекті руының биі Есет Көтібаров барды. 
Ал Шығыс бөлігінен – №53 дистанцияның бастығы, әскери старшина сұлтан Сүлеймен Жиһангеров, №21 дистанцияның бастығы, жүзбасы сұлтан Махмұт Жантөрин, Жаппас руының басқарушысы, жүзбасы Бермұхамед Құланбаев болды. Батыс бөліктен – батыс бөлік әкімінің көмекшісі, хорунжий Шолақ Айбасов, жүзбасы сұлтан Асфандияр Сүйеуғалин; Ішкі ордадан сұлтан Едіге Сүйінішқалиев, сұлтан Дәулеткерей Шығаев бар еді.
1859 жылдың 31 шілдесіндегі №240 қатынаста Тайпы Жаңбыршин мен Тұрсынбай Бүркітбаевтың жақын арада, басқа да ордалықтармен бірге Санкт-Петербургке аттанатынын, оларға Перовскідегі надворный кеңесші Осмоловский арқылы 50 сом күміс ақша бергенін жазады. Орынбор шекара комиссиясының бастығы, стас-советник В.Григорьев делегацияны бастап жүретін пристав Костромитиновке нұсқаулар берген. 
Пристав Костромитинов өз кезе­гінде шекара комиссия бастығына қай жерге, қай күні келгеніне дейін хабарлап рапорт жіберген. 11 тамызда Нижний Новгордқа келгенін, 13-інде әрі қарай жолға шығатынын хабарласа, 17 тамызда делегацияның 16 тамыздан Мәскеуде екенін, 22-інде Петерборға қарай жолға шығып, 24 тамызда Санкт-Петербургқа аман-есен келіп, Владимирск бұрышы мен Нева даңғылындағы Москва қонақ үйінің №29,30,45,48 бөлмелеріне орналасқандарын жазған. Сондай-ақ ол Мәскеу мен Петербордағы қабылдаулар жайында қысқаша мәлімдеген. Пристав Костромитинов 13 қыркүйектегі рапортында астанадан Орынборға қарай жолға шыққанын, 17-де Мәскеуден шыққандарын назардан тыс қалдырмаған. 

1960 жылы Санкт-Петрборда патша қабылдауында болған Қазақ депутациясы
С.Бекшорин, М. Тәукин, Е.Қасымов, Б.Шегенов, М.Жантөрин, пристав 
Л.Н.Плотинков, Е.Төлепов, Ә.Сейдалин, Ә.Мұңайтпасов, А.Бағанин.

Архив құжатында 8 қыркүйекте мәртебелі патшаның депутация мүшелеріне шен-шекпен беріп, марапаттағаны және оларға ақша бергені де жазылған. Мысалы, подполковник М.Баймұхамедов – полковник, сұлтан Ханғали Арыстановқа – есаул лауазымын берсе, батыр Есет Көтібаровты түтін салығынан босатқан. №53 дистанцияның бастығы, әскери старшина сұлтан Сүлеймен Жиһангеровке – подполковник, №21 дистанция бастығы, жүзбасы сұлтан Махмұд Жантөринге – есаул, Жаппас руының басқарушысы, жүзбасы Бермұхамед Құланбаевқа – есаул, Батыс бөлігінің басқарушысының көмекшісі Шолақ Айтбасовқа – хорунжий, есаул Асфандияр Сүйеуғалинге түтін пұл есебінен 500 сом күміс ақша беруді, сұлтан Едіге Сүйінішқалиевке – хорунжий, сұлтан Дәулеткерей Шығаевқа – хорунжий, жаппастың биі, хорунжий Тайпы Жаңбыршинге алтын медаль және Станислав лентасы берілген және осы марапатқа қыпшақ биі, хорунжий Тұрсынбай Бүркітбаев та ие болған. 
1859 жылдың 2-5 қазан аралы­ғындағы Шекара комиссиясының шебін­де патша сарайынан оралған­дарды барар жеріне дейін жеткізу мәселелері де айтылған. Сонымен қатар сырдариялық билер: Тайпы Жаңбыршин, Тұрсынбай Бүркітбаевты жол қаражаты және тарантаспен қамтамасыз етіп, жолдағы пошта бекеттерінен тоқтаусыз ат ауыстырып алуына рұқсат берген пәрменді қағазды қоса берген. Сондай-ақ олармен ақшалай есептесуге де тапсырма берілген. Демек, барлық депутация өкілдеріне де осындай қамқорлықтар жасалғаны байқалады. 
Аталған депутация өкілдері Нижний Новгородтағы үлкен жәрмеңкеге куә болады, Мәскеудегі (18 тамыздағы) әскери шеруді көрген. Петерборда қазақ делегациясын Қысқы сарай, Эрмитаж, Кунст-камера, басқа да сән-салтанаты келіскен орындарға апарған. Архив құжаттарының арасынан Ресей шенеуніктерінің бір-біріне жазысқан хаттарынан өкілдері жақтырмаушылық байқалып отырады.
Қарақұл Құлкенов, Құлназар Арыстановты өзімен бірге патша қабылдауына алып баруға рұқсат та сұраған және Есет Көтібаров өзінің генералға жазған бір қатынасында (25 сәуір 1859 жылғы) Орынбор генерал-губернаторына жазған өтінішінде Хиуалық қазақтардың тұрмысының нашарлығын айта отырып, өздерінің тұрмыс-тіршілігінен хабардар еткен. Есет батыр бұл мәлімдемеге өз мөрін, басқалары таңбаларын басқан.
Петерборда болғандардың арасында сырдариялық билер: Тайпы Жаңбыршин мен Тұрсынбай Бүркітбаевтың суретке түспей қалуы осы мезетте басқа ведомстволарда болғандығынан деп қарау керек сияқты. 
Тайпы Жаңбыршин
Тайпы Жаңбыршыұлы (Жаңбыршин) Жаппас руының Жылкелді, оның Мойнақ аталығынан ХІХ ғасырдың 20-жылдарында туып, 1877-1878 жылдары өмірден озса керек. Бидің есімі архив құжаттарында 1847-1850 жылдары көрініс береді. Қызылорда қаласының тұсында «Тайпы» атты құм-төбе бар. Бұл төбе би қыстауының орны. 
Орыс офицері Бларамбергтің «Күнделіктер» атты еңбегінде Ақмешітке бара жатқан жолда Марал ишанды кездестіргенін, орыс әскерлерінің Қоқан бекінісіне бара жатқанын хабарлаған Тайпы екенін жазып қалдырған.
Т.Жаңбыршиннің 1858 жылдың 23 маусымында өзінің қарамағындағы шаңырақтардан түтін пұл жиналғаны туралы мөрін басып, хабарлаған мәліметі кездесті. Сондай-ақ Тайпы 1861-1863 жылдарда ашылған Перовскі фортындағы пошта бекетін басқарған. Патша қабылдауында болған ол 1856 есаул, 1859 жылы Станислав лентасы және алтын медальмен марапатталады. Ал баласы Құрманайға (Құрман) хорунжий шені 1864 жылы Түркістанды алуға қатысқаны үшін беріледі. Ол 1905 жылдың 22 маусымында Шағанда өмірден өтеді. Бұл турасында «Туркестанские ведомства» газетінде оны жерлеуге көп жерден адамдар келіп қатысқаны жайлы жазылған. Демек Құрманай да әкесі Тайпы сияқты ел билеген азамат – тұлға болғанын көреміз.
Тұрсынбай Бүркітбайұлы
Т.Бүркітбайұлы 1830-1853 жылдарда қоқандықтардан датқа атағын алса, Ресей өкіметі мен қазақ жұртшылығы би деп атаған. Нақтыласақ, орыс патшалығы 1855 жылы зауряд-хорунжий атағын берсе, 1859 жылы иыққа тағатын Станислав лентасы және алтын медальмен марапаттаған. Жалпы, Т.Бүркітбаевтың ел билігіне араласуы ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында басталған. Ал Сырдария шебінің құжаттарында оның есімі 1840 жылдардан бастап көрініс береді. Тұрсынбай би туралы түрлі жазбаларда оның іс-әрекеті, жаз жайлауы мен қыс қыстауы, басқа да жазылымдар 1853, 1861 жылдардағы мұрағат құжаттарында кездеседі. 1859 жылдың 15 мамырында Перовскі форты комендантына екі баркаспен отын өткізгені де айтылған.
Патша қабылдауына қазақ даласынан 1859 жылдың 3 тамызында ІІ Александрдің шақыртуы бойынша 13 адам жолға шығады. 
Аталған делегацияны пристав Л.Н.Плотников пен Ә.Сейдалин бастап жүрген. Орынбор казактарының басқарушысы В.Григорьев делегация басшысы Плотниковке нұсқау-ереже беріп, олардың қатаң сақталуын тәптіштеп жазыпты. Сондай-ақ өкілдерге қажетті тарантас, дәрі-дәрмек, жол-қаражат шығындарын есептеп, жалпы шығын 5210 сом, 82 тиынды құрайтынын назардан тыс қалдырмаған. Осы жазбалардан бір байқалатын жағдай, патша қабылдауында болатын қазақ сұлтандары мен билері қатаң сүзгіден өткен. Өйткені 1860 жылдың 4 сәуіріндегі генерал-майор Данзастың жазбасында сұлтандар Бөрі мен Елікей Қасымовтың Орал бекінісіне келгенін, енді оларды Петербор депутатциясына қосуды сұрағаны және Е.Қасымовтың патша қабылдауына баратынын сұлтанға жеткізген. Е.Қасымовпен бірге келген Бөрі сұлтанның бұл сапарға ілікпей қалған. Генерал-губернатор бұл жазбалардан басқа да осы жазда патша сарайына 10 адамның баратынын, оның екеуі Сырдария желісі (шебі) қазақтары екенін нақтылап жазған. Тіпті, оларға ұлттық киімдерімен баруға, жоқ болса тіктіртуге тапсырма береді. Бұл құжаттарда Петербор мен Мәскеудің көрнекті жерлерін аралатуды, Ресей патшалығының күш-қуатын көруге жағдай жасау туралы түрлі мәлімдемелер, рапорттарда кездесіп отырады.
Тархан және депутат атағы бар оралдық Ғұбайдолла Есенбаев хақында «Русский вестникте» «Қазақты дәріптеу» атты (1860 жыл, 30-том, №12 санында жарияланған – Т.Д.). мақалада казак Иосиф Железнов қазақтарды қатты сынға алады.

Петрборда болған сұлтандар мен билердің мөрлері
Павел Небольсин 25 күндей болған делегацияны мадақтап, Оралдық казактардың мұсылман қазақтарды қорлайтынын, ұрысатынын, тағы басқа жайларды сөз етеді. Осыған орай Иосиф Железнов 1860 жылдың 8 қазанындағы «Русский вестниктегі» (43-51 бб). «Киргизомания» атты мақаласында Павел Небольсиннің «Путешествующие киргизов» деген мақаласына сын тағып, авторды мінеген. Осы мақалаға орай С.Бабажанов «Русский вестникте» басылған «Қазақты дәріптеу» атты мақалаға қазақтың жауабы» деген мақаласында: «...Азамат Исенбаев көршінің жақсы бастамасына деп, Орал-Жайық қазақ мектебінің оқуын жақсарту үшін Столыпиннің атына 1000 сом күміс ақша жібереді. Осындай істен өрбіген қарапайым мәселе үшін азамат Железнов шүбә туғызып, азамат Исенбаевты масқаралап жазып отыр», – деп орнықты жауап беріп, И.Железновты тұқыртқан. Ал осы депутатция жайында Лев Плотников «Путешествие киргизов» («Русский вестник», ХХХ томында) қазақ делегациясын өзі бастап жүргенін айтады және қазақ сұлтандары мен билеріне жақсы мінездеме береді. 
1859-1860 жылдардағы үшінші және төртінші Орынбор генерал-губернаторылығынан жасақталған қазақ депутатциясын (делегациясын –Т.Д.) Н.Костромитинов, Л.Плотников, П.Небольсин, С.Бабажанов, Ш.Уәлиханов, Романовский т.б. жазып қалдырса, фотограф А.Муренков пен А.Шпаковскийлер түсірген дейміз. А.Муренков түсірген суреттер 1860 жылдың 21 сәуірінде «Иллюстрация» журналының №115 санында басылған. Суреттің жоғарысында «Почетные киргизы из Зауральной степи и внутренней орды, посланные в 1859 году Петербург, для представления к Высочайшему двору» делінсе, астыңғы жағында суреттегілердің есімдері жазылған. 
Л.Н. Плотников Ш.Уәлихановпен кездесуі жайлы жазған (Орынборда Т.Д.) мақаласында Е.Төлеповті алшын биі деп жазса, кейбір зерттеушілер алшын руынан деп атаған. Шындығында, Есет Төлепов алаша руының Аманқұл бөлімінен тарайтын ұрпақ. Бейіті Қызылорда облысы, бұрынғы Тереңөзек ауданындағы «Шаған» елді мекенінде. Ұрпақтары да сонда тұрады. Ел аузында оның ірі кісі болғаны айтылады.
Орынбор-Самара генерал-губернаторының ұсынысымен кезекті Петербор сапарына іріктеу кезінде С.Бекшоринді тездетіп Орынборға жеткізуді Сырдария желісінің бастығы генерал-майор Данзас тапсырған (1860 ж., 1 маусым) және 13 шілдедегі №816 қатынасында соңғы нұсқаулар да берген.
1862-1863 жылдары Перовскі мен Қазалы уездерінде Орскі мен Орынборға қатынасты жақсарту мақсатында ат пошта бекеттері ашылған. №1 фортпен Бекбау арасындағы бекетті С.Бекшорин басқарған. 1862 жылы 70 жігітімен қоқандықтармен ұрысқа қатысқан.
Пристав Л.Н. Плотников жолбас­шылық жасаған төртінші депутация құрамында болған Сырдариялық бидің бірі Сердалы Бекшорин 1860 жылдың маусымындағы жол сапарында көп нәрсеге көз жеткізіп, елге оралған. Эрмитаж, патша сарайы т.б.жерлерде болып, көкірегіне көп нәрсені түйеді. 1860 жылғы депутатция жайлы арнайы мақала жазған (1860 жылғы, қараша, Орынбор) Л.Н. Плотников төртінші депутатция құрамын нақтылап, олардың қай өңірден, қай рудан екенін жазған. 
Осы мақаласында пристав : «...Сырдарияның билері Есет Төлепов пен Сердалы Бекшориннің екеуі де аса қабілетті адамдар. Алдашпен құрдас, нағыз қырғыздар, біріншісі сауатсыз болғанмен, екіншісінің қырғызша сауаты бар және өте қызыққұмар, не көрсе соның суретін салатын, теміржол бойымен жүріп өтсе – жол мен локомотивті салып, вагондарын артына тізеді, Эрмитажда болып қайтса – «Помпейдің ақырғы күнін» оймен көшіруге бас қоятын», – деп Сердалы бидің жалпы қабілетін оның ішінде суретшілік қабілетінен мол хабар берген. Сонау 1860 жылға орыс шенеунігі мен Шоқан Уәлихановтың хаты мен мақаласына жүз жыл толғанда академик Әлікей Марғұлан Сердалы Бекшориннің би болуымен қатар суретші болғанын дәлелдеді. Әлекеңнің «Шоқанның жаңадан табылған хаттары» («Жұлдыз» журналының 1960 жылдың №2 санында), сондай-ақ Өмірсейіт Шәріповтың, жазушы Әнуар Әлімжанов, журналистер Амантай Сатаев, Әбілқайыр Спанов, Әмірхан Меңдеке, музейтанушы Марат Әбдешов, Сердалы бидің ұрпағы Қаражан Сердалиев көп еңбек сіңіріп, баба есімін қайта тірілтті.
Патша қабылдауларына Жетісу, Шығыс, Арқа өңірінен де сұлтандар мен билер қабылдауда болып тұрған. Бұл үрдіс 1917 жылға дейін жалғасса керек.
Архивтық құжаттар арасынан патша шенеуніктерінің сұлтан, болмаса билерге жанама, болмаса тікелей берген тапсырмалары мен нұсқаулары жиі кездеседі. Олар: Есет Көтібаров, Әзберген Мұңайтпасов, Елікей Қасымов т.б. жазылған хаттар мен қатынастар. Соның бірі генерал Дебудың сұлтан Елікей Қасымовқа тапсырмасы. Онда қалжыраған шалды құрта алмай отырғанын, қалайда оның көзін жоюды тапсырғаны нақпа-нақ жазылған. Осындай жағдайда екі оттың арасынан сытылып шығу, екінің бірінің қолынан келмеген. Тек елін, жерін, қазағының болашағын ойлаған саясаткер алымды сұлтандар мен билер ғана ауыр істерді тігісін жасырып шешіп отырған. Олардың істеріне баға бергенде сол кезеңнің көзімен қарап бағаласақ орынды болар демекпін.
Тынышбек Дайрабай, 
зерттеуші, этнограф

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста