Анам маған үш күн бойы қарай алмапты, ал дәрігерлер "ұйықтатып" тастауды ұсынған – К.Күйіков

Семей полигонының құрбаны, туғаннан екі қолы жоқ суретші Кәріпбек Күйіковты танымайтын қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Тағдырдың қатал жазуына мойынсұнбай, шығармашылық пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген Кәріпбек ағамыздың төзімділігі, өмірге деген құштарлығы мен күрескерлік мінезіне қарап, қол-аяғы бүтін адамның өзі көп ғибрат ала алады. «Невада-Семей» қозғалысынан басталған жұмыс бүгінде «Атом» жобасы аясында жалғасып отыр. Кәріпбек Күйіков - көптеген суреттердің авторы. Өзіне пейзаж жанры ұнаса да, ядролық сынақтардың зардабын көрсету үшін Семей полигоны туралы ондаған суреттерді салды. Соның біреуін биыл Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамаға да табыстаған болатын. «Жарылыс» деп аталатын ол туындының астарында үлкен мән бар. Халықаралық мінберлерден ядролық қарусыздандыру мәселесін көтеріп жүрген Мемлекет басшысы онымен тағы бір саяси емеурін жасағандай болды. Ядролық сынақтарға қарсы күрестің Халықаралық күніне арналған іс-шаралардың бірінде Кәріпбек Күйіков сол суреттің тарихы жайында айтып берді. Ал Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында өзінің қазіргі қоғамдық қызметі төңірегінде ой қозғады.

- Енді, мен керемет суретші емеспін. Дегенмен, әрбір адам өз жағдайына қарай ыңғайланады ғой. Менің туғаннан екі қолым жоқ. Бас кезінде суретті аяқпен салып көрдім. Маған қатты ұнап кетті. Содан суретпен тығыз айналыса бастадым. Алайда аяқпен ұзақ жұмыс істегенен кейін денсаулығым нашарлады, омыртқам қисайып қалды. Осыдан кейін қылқаламды тіспен ұстап, сурет салуды үйрендім. Әрине, ондай әдіс те көзге кері әсер етеді. Дегенмен, ойымдағы нәрсені жеткізуге тырыстым. Соны халыққа жеткізе білдім деп ойлаймын. Ал ядролық қаруға қатысты суреттерім – бұл менің жанайқайым, менің наразылығым! 

- Демек, бұл негізгі тақырыбыңыз емес қой?

- Маған пейзаж жанры ұнайды. Мен кейбір туындыларымды мал қораның шатырында отырып салғанмын. Ондайда адамдардың қарап тұрғанын қаламаймын. Сондықтан халық көрмейтін жерде отырып, сурет салуды ұнатамын. Әдемі көрініс болса, оны фотоға түсіріп аламын, я болмаса, есте сақтап, артынан акрилмен суретке түсіріп жүремін.

- Берікті де салған екенсіз...

- Иә, бұл – Берік. Оны білмейтін адам жоқ шығар. Семей полигонының құрбаны болған Беріктің де тағдыры ауыр. Мен өзім оған жиі барып тұруға тырысамын. Биыл бір рет болдым. Оған бірнеше рет ота жасалды. Дегенмен, оның көзі әлі де көрмейді. Ол - өте дарынды адам. Домбыра шертеді. Пианинода ойнайды. Өзі өте мейірімді кісі. Мен онымен танысқаныма аса қуаныштымын.

- Ал осы суреттің тарихы жайында кеңінен айтып берсеңіз. Себебі дәл осы туындыны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамаға сыйлаған.

- Менің әкем - өмір бақи көлік жүргізушісі болған адам. Ол Семей полигоны территориясымен жиі жүретін. Тас жолмен жүру алыс болғаннан кейін ауылдың адамдары полигонмен қатынайтын. Сол кезде әскери адамдар әкем сияқты көлік жүргізушілерді жиі ұстап, айналып жүруге нұсқау беретін еді. Менің әкем мен шешем ядролық сынақтар кезінде аспанға көтерілен «саңырауқұлақтарды» жиі көретін. Олар шоқыға шығып, содан қарап тұратын. Бірақ ешкім оның зардабын білмеген, ешкім айтқан да жоқ. Сонда әкемнің бір ретте айтқаны бар, кезекті «саңырауқұлаққа» қараған кезде оның жарқылдағаны сонша, әкем екі көзден көрмей қала жаздаған. Қайта екі қолымен бетін жауап үлгерген. Міне, осы естелікті негізге ала отырып, мен аталған суретті салдым. Бір жағынан, адам ядролық жарылыстан бетін жауып тұр, екінші жағынан, Алла тағалаға құлшылық жасап тұрғандай болып шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының неге дәл осы суретті таңдағанын білмеймін. Бірақ мен үшін бұл - үлкен абырой. Бүгін Барак Обама болсын, ертең АҚШ-тың басқа президенті болсын, бұл суретке қарап, ядролық қарудың қаншалықты қауіпті екенін түсінеді деп ойлаймын.

Бүгінде Кәріпбек Күйіковтың жанында оның апасы Сәуле жүреді. Бәріне көмектесіп, қолғабыс жасайды. Кәріпбек оның жеке өмірден бас тартып, қалған ғұмырын інісіне арнағанын жақсы түсінеді. Соған алғысы шексіз. Дегенмен, ол алдымен өз ата-анасына риза екенін жасырмайды.

- Мен өмір бақи әкеме ризашылығымды айтып өтемін. Неге десеңіз, мен туғанда дәрігерлер менің қандай күйде туғанымды анама айтты. Ол үш күн бойы маған жақындай алмады. Дәрігелер болса, көп қиналмай, бір екпе жасауды ұсынған. Алайда әкем келіп, былдырлап жатқан мені көргеннен кейін бірден үйге алып кетті. Артынан мен ер жетіп, өскен соң, әкем шақырып алып, өз нақылын айтты. «Кәріпбек, сен ешкімді кінәлаушы болма, бұған ешкім кінәлі емес», - деп айтты ол сол кезде. Әкем ештеңесін аяған жоқ. Оқуға түсірді, білім алуға жағдай жасады. Бәлкім, сурет салуда мен данышпан емес шығармын. Дегенмен, әкемнің арқасында мен адам болдым. Әкемнің батыл шешімі арқасында мен қазіргі дәрежеме жетіп отырмын. Ата-анама мың алғыс.

- Ядролық сынақтар кезінде Сіз тұрған ауылда жер сілкінісі де сезілген шығар?

- Әлі есімде, бала кезімде жер селкінісі жиі болып тұратын. Үйде аспалы люстра қозғалып, ыдыс-аяқ сылдырлап жататын. Сол кезде біз бәріміз далаға атып шығатынбыз. Біздің Егіндібұлақ аулымыз Семей полигонынан 100 шақырым шалғай жерде орналасқан. Сол себепті жарылыстың алғашқы толқыны біздің ауылға келіп тиетін. Осындай ядролық сынақтардан кейін радиодан хабарлама жасап, радиацияның тарамағаны жайында айтатын. Бірақ олай емес болып шықты. 40 жыл бойы жақын жерде орналасқан ауылдың адамдары сол радиацияны жұтып, жұмыс істеді, ұрпақ әкелді. Содан көптеген отбасыларында мүгедек балалар дүниеге келді. Мен олардың бәрін көрдім, таныстым. Бәлкім, бұның бәрі маған қатты әсер етіп, өмірімді осы мәселеге арнауға итермелеген болар. Бойымда күш-жігерім барда аянбай еңбек етемін.

- Кәріпбек Елубайұлы, бұған дейін Сіздің «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі болғаныңызды жақсы білеміз. Бүгінде Сіз – «Атом» жобасының құрметті елшісіз. Осы ұйымның қызметі жайында айтып берсеңіз?

- «Атом» жобасы 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Мен өзім ядролық сынақтар мәселесімен көптен бері айналысып жүрмін. 25 жыл бұрын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғаласына атсалыстым. Осыны ескере отырып, маған «Атом» жобасының құрметті елшісі міндеті жүктелен еді. Қазіргі кезде арнайы петицияны әзірлеп, өз сайтымызға жарияладық. Оған кез келген адам кіріп, ядролық сынақтарға қарсы өз дауысын қалдыра алады. Қазіргі аталған петицияға қол қойғандардың саны 300 мың адамнан асты. Олардың ішінде шамамен 100 елдің азаматтары бар. Менің негізгі мақсатым – кем дегенде, бір миллион дауыс жинау. Ядролық қаруға толығымен тыйым салу қажет. Себебі бүгінде терроризм деген үлкен қауіп бар. Ядролық қару солардың қолына тисе, адамзат тағы бір трагедияға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан біз барынша көп қол жинап, Солтүстік Корея, Үндістан сияқты ядролық қаруды ұстап отырған мемлекет басшыларына үндеу тастауды жоспарлап отырмыз. Олар ядролық қаруымыз болса, ықпалды әрі күшті боламыз деп ойлайды. Алайда ол дұрыс емес. Ядролық қару болмаса, адам баласы әлділер мен әлсіздерге бөлінбейді. Бәрі бірдей, тең дәрежеде өмір сүреді. Біздің негізгі мақсатымыз осы. Онлайн петицияға https://www.theatomproject.org/kz/ сайтында қол қоюға болады.

- Шыны керек, Семей полигонын жабу туралы Қазақстанның батыл шешімі көптеген мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етті.

- Иә, мен осы миссиямен көптеген елдерде болдым. АҚШ-тың Невада штатында болдық, Жапонияның Хиросима мен Нагасаки жерінде аялдадық. Әлі есімде, 90-шы жылдары «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі ретінде Жапонияға барып, Хиросима мен Нагасакидің қасіретіне 45 жыл толуына арналған жиынға қатыстық. Күн өте ыстық болды. Соған қарамастан, мыңдаған жапондықтар жиналды. Сол кезде Олжас Омарұлы бәрімізді біріктіретін бір белгі ойлап тапты. Ол – «ашық алақан» белгісі. «Біз сіздерге ашық алақанмен келдік!», - деп алақынымызды көрсететінбіз. Сол жиында мен сөз сөйлегеннен кейін ондай белгіні көрсете алмайтынымды жеткізіп, мен үшін алақанды көтеруді сұрадым. Қарасақ, далада отырған барлық жапондықтар тік тұрып, өз алақандарын көрсетті. Біз таңғалып қалдық. Бірақ бір қызығы, жапон оқушылары әлі күнге дейін Қазақстандағы Семей полигоны туралы білмейді. Олар өздерін ядролық қарудан зардап шеккен жалғыз мемлекетпіз деп санайды. Мен болсам, Семей полигоны туралы, онда 40 жыл бойы ядролық сынақтардың жүргізілгені жайында айтсам, жапондықтар таңғалады. 25 жыл бұрын Америкада болдық. Сонда мен мектептерді аралап, Семей полигонының құрбандары жайында дәріс оқыдым. Олар да біз туралы білмейтін болып шықты. Осыны бәріне жеткізуіміз керек. Сонда діттеген мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.

- Дегенмен, қазіргі ірі державалар арасындағы қару-жарақ жарысы мен саяси ойындарды ескерсек, ядролық қарудан мүлдем бас тарту мүмкін деп ойлайсыз ба?

- Әрине, ондай жағдайда ядролық қарудан бас тарту қиын. Дегенмен, осы мақсатты орындауға тырысу қажет. Бар күш-жігерімізді салсақ, әрбір адам ядролық қарудың зардабын түсінсе, өз ұрпағының сау болғанын қаласа, саяси тұлғаларға тиісті шешім қабылдауға тура келеді деп білемін. Меніңше, ядролық қару үшін қатаң талаптарды енгізу керек. Ондай мемлекеттерге қатысты жауапкершілікті күшейткен дұрыс.

- Ал атомды бейбіт мақсатта қолдануға қалай қарайсыз?

- Енді, «бейбіт» сөздің өзі көп нәрсені аңғартады ғой. Меніңше, қатаң бақылау болса, атомды бейбіт мақсатта қолдануға болады.

P.S. Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде Кәріпбек Күйіковтың сурет көрмесі ашылды. Тамыздың 29-ы күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін «Ядролық қарусыз әлем құру» тақырыбындағы Халықаралық конференция аясында тура сондай тағы бір көрме өтеді. Сол жерде суретшімен кездесіп, сұхбаттасуға мүмкіндік бар.

"Мен ығли айтамын, өз жерімде туғаныма мақтанамын. Себебі Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі бола білді. 25 жыл бұрын біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды", - дейді К.Күйіков.
Әңгімелескен Арман Асқаров

Фото: egemen.kz, theatomproject.yvision.k, tengrinews.kz, e-history.kz, avivas.ru.


 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста