"Анам да жыламады": Дулат Исабековті сәби кезінде тірідей көмбек болған
Дулат Исабеков дүниеге келгенде жазушының әкесі соғыста болған. Ал анасы аурушаң баланы дүниеге әкеліп, тіпті өлдіге балаған. Бүгінде бүкіл қазақ танитын қаламгерді сәби кезінде тірідей көмбек болған. Абырой болғанда, соңғы сәтте көрші кісі байқап, солай аман қалған. Бұл туралы Дулат Исабеков Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады.
Соғыстың кезінде тұрмыс төмен. Көмірдің, отынның жоқ кезі. Салқын үйде дүниеге келген Дулат Исабеков аурушаң бала болған. Ана сүтін де жарытып ембеген.
"Тек анамның беті салқын болса, соны ұстап өскен екенмін. 7-сыныпта оқып жүргенде, анам қайтқаннан кейін, 2 әпкемнің қасына кезек-кезек жататынмын. Бір күні Күләйда деген әпкемнің бетін ұстап ұйықтаппын. Қолым су болып кетті, қарасам жылап жатыр екен. "Әлі бетті ұстап ұйықтайды екен, баяғы сәби кезіндей, бала жаным-ай" деп жылапты. Әлжуаз болып өскенмін. Тұрмыс ауыр, қазіргідей жағдай, отын, көмір жоқ. Үй суық. Қысқасы бізді Құдай сақтап қалған.
Содан ауырып, менен үміт үзген ғой. Менің өліміме ешкімнің қабырғасы қайыспайды. Алтыншы бала кімге керек?! Кешке жақын демалмай қалған екенмін. Көрші Сырғакүл деген кемпір апама "мына бала қайтыс болды, дәлізге шығарып қоя сал" депті. Ешкім жыламаған, тіпті анам да. Көнген ғой. Сөйтіп апарып, қойып қойыпты.
Таңертең көр қазушылар молаға кетіп қалған. Қазып қойып, күтіп отырған. Кемпірге апам келіп: "Баланы шығарыңдар, молда күтіп тұр", - деген. Кемпір бетімді бір көрейін деп ашыпты. Мен тыныш өлудің орнына ыржиып күліппін. Ана кемпір зәресі қалмай: "Ойбай, Күміскүл, мына балаң күліп жатыр ғой", деген. Сол кезде апам көтеріп алып, ебіл-дебіл жылаған екен ғой. Сәл болмағанда көме жаздады", – деп еске алды жазушы.
Исабеков бұл жағдайды мектепке барғанда бір-ақ естіген. Ақиқатын айтқан да, кезінде өмірін сақтап қалған да – көрші кемпір.
"1-сыныпта оқып жүргенде "5" алып келдім. Сонда Сырғакүл "сенің үздік болғаның – менің арқам, мен болмасам, сен жоқ болар едің" деп айтып берген.
Кейін екінші рет тағы естідім. Ортаншы ағам, үш жас үлкен. Бірақ екеуміз бір сыныпта, бір партада оқыдық. Өзі томпақ, күшті болатын. Жоғары сыныптың балалары қорқатын. Бір күні екеуміз таласып қалдық. Мен оны "тапал қалқан құлақ" дейтінмін. Ол мені соққыға жықты. Мен де қайтпаймын. Әбден ұрып болған соң, ентігіп: "Сол кезде сені көміп тастай салу керек еді" дейді ғой. Кейін айтса, мойындамайды", - деп күлді Исабеков.
Осы оқиғадан кейін жазушы "менің екі өмірім, екі атым, екі туған күнім бар" дейді екен. Жазушы дүниеге келгенде үйдегілер атын Нысанбай қойыпты. Ал молда болған атасы Дулат деп қойғысы келген. Азан шақырып қойғанына қарамастан, атасы дегенін орындаған.