"Алтын адам" туралы аңыз бен ақиқат

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызылда, құйрық жүні ұзында көк отты, көгілдір көлді, нілді аспанды, ақ­бұйрат таулы, ұшқан құстың қанаты тал­ған, шапқан аттың тұяғы күйген, бір шетінен екінші шетіне айлық жолы бар иен Даланы ат үстінен түспейтін әлде сақ, әлде қас деген көшпелі жаугер ел мекен етіпті. Әлгі иен Далаларының қасиеттілігі соншама, ел топырағын жеп те күн кө­ріпті. Сонан да әлгі жердің әрбір тасын қа­сық қаны қалғандарынша қорғапты, сол жолда оққа ұшқан ерлерін шейіт деп қастерлепті, олардың есімдерін өлең-жырға қосып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіпті. Қасиетке балаған жерлерін туған жер, атамекен, атажұрт, Отан деп құрметтеп, қастерлепті. Отарлатып құйрықты қой-еш­кі, табындатып әукелі сиыр, қосындап жаялы жылқы, келелеп өркешті түйе өсіріп, солардың от жаңартуымен қоныс жаңалап отырыпты. Қаламынан шыққан уық шаңырақты айналып шығады ғой, бұлар да солайынша туған жерлерін жылдың төрт мезгілінде айналып шығады екен. Қолға үйреткен төрт түліктері көктеу, жайлау, күздеу, қыстауларын үнемі жаңартып, туған жерлерін толтырыпты, басқа жұрттың отын от деп білмепті, жұрт жаңартқанда адасқандай болса,болмаса қолды болса аруанасы боздап, биесі кісінеп, сиыры мөңіреп, қой-ешкісі маңырап  тура тартып, туған жерлерін жазбай таныпты, ол жолда көлі де, шөлі де кедергі бола алмапты, малы ғана емес, елдің кіндігі де туған жерге байланыпты. Еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін ақыретке туған жерде өтуді армандапты. Сүйектерінің жат жерде қалмауын баласының баласына, немересінің немересіне аманаттапты.

Осыншама иен жерді қорғау да оңай емес еді. 
Құстар қайтқанда, не келгенде үш­кілденіп ауаны жарып ұшып,  мұздаққа да, қар аралас жаңбырға да қарамай қарсы біткен еменнің иір бұтағындай қасқиып жетер жеріне жетеді. Бұл ел де туған жерлеріне осындай әдіспен иелік етуді жөн көріпті, көкте құс үшкілденсе жерде әлгі ел үшкілденіпті,  үлкен үш топқа шоғырланып, үнемі туған жер шебімен көшіп жүріпті, ел шебін шақырылмаған жауларынан со­лайша қорғапты. Сол елсіз иенді Дала деп атапты, сол далаларын асқаралы тау­ларға, айна көлдерге, шұрайлы шұратқа, ну орманға айырбастамапты. 
Оларды шошақ бөрікті, теңіздің ар­ғы жағындағылар және бие сусынын да­йындаушылар  деп атапты.  
Шошақ бөрікті дейтіндері бастарынан дулығалары түспепті, теңіздің арғы жа­ғын­дағылар дейтіндері өздері теңізден әрі өтпепті және өзгелерді теңізден бері өткізбепті, ал бие сусынын дайын­дау­шылар дейтіндері әлгі ел бие байлап, қымыз ашытып қуаттаныпты. 
Үнемі көшіп жүретіндіктен осы үш топ жұрт қоңсы отырған елдерді жа­ңы­лыстырыпты, көшпелі алтындай үнемі сусып отырыпты. Көшелі елге айналған жұрт көшпелі алтынды жолбасшылыққа алып­ты, от шар кедергі дегенді білмеген, жолындағылардың бәрін жайпап отырған. 
Көшпелі алтыны жолбасшы болған елді көршілері көре алмай күндепті, алтынына қызығыпты. Алтындары ағынан болыпты, қызылынан болыпты, сарысынан болыпты, әсіресе соңғысының мол қоры болыпты. Сонан жауларын жаңылыстыру үшін жер атауларын өзгертуге мәжбүр болады. Ақ алтынды Алтынтөбе деген жерін Ақтөбе, қызыл алтынды Алтынқұм деген жерін Қызылқұм, сары алтынды Алтынарқа де­ген жерін Сарыарқа деп атайды, сөйтіп Даладағы алтынды атауларын әлгіндей әдіспен құпиялайды.
Иен Даланың асты ғана емес, үсті де алтынға кенде емес еді. Ол алтындарын да көздерінің қарашығындай қорғады. 
Олары – Алтын адамдары еді. 
Шошақ бөріктілер де, теңіздің ар жағындағылар да, бие сусынын да­йын­дайтындар да осыншама жерге иелік жа­сауға бас болған кемеңгер көсемдерін әлгі ақ, қызыл, сары алтындарын қор­ға­ғандай қорғаштады, жаулары қастандық жасамасын деп олардың есім­дерін құ­пиялап ұстады. Жауларынан тық­қыштаған алтындарын сол көсемдерінен аямады. Сол құрметтерін көрсетуден көсемдері, бекзадалары, патшайымдары дүниеден өткенде де жаңылмады, тіпті арта түсті.
Олар рухтарымен кейінгі ұрпақтарын қорғайды деп білді. Сондықтан барлық далалықтар – шошақ бөріктілер, теңіздің ар жағындағылар және бие сусынын да­йындайтындар олардан аянып қалмады, барлық өнерлерін салып, соңғы сапарға шығарып салды. Кейінгі ұрпақтары жаңы­лысып қалмасын деп оларға кигізген бас­тон, аяқтон, сыртаңын түгелдей алтынмен қалбырлады, тіпті құйма алтынмен көм­керді.
Дүниенің төрт бұрышына балап төрт ұстын көтеріп, сөре жасап қастерлеген мәйіттерін күн көзінен қуаттансын деп жыл бойы шығарып қойды. Аптасында аузы-мұрыны, көзі-құлағы кетті, қырқында іш құрылысы ақты, ал жылында мәйіттер барша еттерінен ажырады, күн көзінен қуаттанып алтын сүйекті Алтын адамға айналды. Әлгі күн көзінен қуаттанып ал­тынға айналған мәйіттерін Даланың ақ, қызыл, сары алтындарымен аптады. Олар­дың тұтынған бес қаруын күміспен күптеп, өздерімен қоса көмді. 
Оларды ай қараңғылығында қара жер қойнауына берді. Бөтен біреулер сүйегін қорламасын деп жанынан мыңдаған мұрт­шалар салды, обалар тұрғызды. Бас­тарына қиын-қыстау күндер туғанда жасырын жолдар арқылы жер астындағы кемеңгерлеріне – Алтын адамға барып тәу етіп, қуаттанып қайтып отырды, кездескен қиыншылықтардың барлығын солайша жеңді.
Сол Алтын адамдар кейінгі ұрпақтарын шынымен алқады.
Ит жылында Шошақ бөріктілер елі­нен алтын киімді жауынгердің мүрдесі та­былды. Алтын адам киімі төрт мыңға жу­ық барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түр­лі құс бей­нелерін беретін хайуанат нақышындағы ал­тын әшекейлермен безендірілген. Мі­не, қызық, олардың бас тоны кейінгі ұр­пақ­­тарының киім үл­гілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, сыр­таңының көкірек тұсы, жеңі алтын то­ғалармен өрнектеліп, аяқ­тонының балағы да алтын тоғалармен әше­кейленген.  Бұл адамның біздің за­ма­нымыздан бұрынғы бесінші-төртінші ға­сырларда өмір сүргені анықталды. Ғұ­ламалар оны он сегіз жасар бекзада деп тапты.
Қоян жылында Теңіздің ар жағындағы елден де Алтын адам табылды. Бұл да көсем және зайыбымен жерленген. Кө­семінің барлық киімі алтын қапсырмалар мен түрлі пішіндегі текшелермен ою­лап безендірілген. Олардың біздің за­манымыздан бұрынғы үшінші-екінші ғасыр­ларда өмір сүргені анықталды.
Сол жылы әлгі елдің шығысынан үшін­ші Алтын адамның мүрдесі табылды, біз­дің заманымызға дейінгі төртінші-үшін­ші ғасырларда өмір сүрген көсемі екен, бұған дейінгі табылғандардан ерек­ше­лігі әшекейлерінің құйма алтыннан жасалғандығы, бұрынғылары қаңылтыр ал­тын болатын, ұзын саны төрт жарым мыңнан асады.
Төртінші Алтын адамның мүрдесі Бие сусынын дайындайтын елден ба­рыс жылы табылды. Олардың біздің за­манымыздан бұрынғы жетінші-бесінші ғасырларда өмір сүргені анықталды. Екі мыңнан астам алтын моншақ табылған. Көз майын тауысқан ғұламалар ол жерді патшалар даласы деп атап отыр, отыздар шамасындағы дала патшайымы екен.
Жылан жылында Шошақ бөріктілер жерінен бесінші Алтын адам табылды. Ғұламалар оны отыз жеті жаста деп отыр.
Алтын адам  әлгі үштік үшкілді ұстын еткен елдің азаттық, еркіндік рәмізіне айналды. Оның тұлғасы Бас шаһарының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі әлгі елдің Елтаңбасына енді.
Шошақ бөріктілер, Теңіздің ар жағындағы және Бие сусынын дайын­дай­тындар елі кемеңгер көсемдерінің күн кө­зінен қуаттанып Алтын адамға айналған мүрделерін ақ, қызыл, сары алтынмен қайта аптап, ең биік тас тұғырға орнатты. Сырт қараған адам оның алтынының реңкінің өзгеріп тұрғанын байқар еді.
Алтын адам бірде ақ болып көрінеді.
Алтын адам бірде  қызыл болып кө­рінеді.
Алтын адам бірде сары болып кө­рі­неді...
Өйткені Алтын адам ақ алтынның, сары алтынның, қызыл алтынның қоспасынан құйылған.
Сол Алтын адам өз орнын тапқаннан бері ұрпақтары ерекше бір қуатқа ие бол­ды. 
Иен Далаға бабалар рухы оралды,
Иен Далаға Алтын адам рухы оралды. 
Алтын адам ұрпақтары қысқа уақыт ішінде жер-жаһандағы елдердің алдыңғы қатарлы елу елінің қатарына енді.
Сол Алтын адам Қазақ елінің арғы бабалары болады.
Алдағы уақытта қалған Алтын адам­дарының да өздерінің биік тұғырын табатыны сөзсіз. Ұрпақтары одан әрмен қуат алып, еселенген жігермен елін көр­кейтетін болады. Бәлкім, ең озық отыз елдің қатарына сонда енетін шығар.
Бес Алтын адамы өз тұғырына қонса Қазақ елінің алдына шығар ел табыла қояр ма екен?!
Сонда... 
Алдындағы отыз елдің артынан ермейтін болады...
Сонда...
Алдындағы отыз елді соңынан ертетін болады...

ortalyk-kaz.kz

(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста