Алаштың "23 жоқтауы"

Бүгінде Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы, аса көрнекті тілші, әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін адам кемде-кем. Ол туралы қаншама еңбек жазылды, ағартушының мұралары бірнеше дүркін көптомдық болып жарияланып, халыққа жетті. Ендігі міндет – сол телегей-теңіз мұраны байыптап, парықтап оқу және түйгенімізді өскелең ұрпаққа жеткізу.
А.Байтұрсынұлының бай рухани мирасының ішінде 1926 жылы Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан (ресми аты – «Кеңестер Одағындағы елдердің кіндік бас­пасы») шыққан «23 жоқтау» атты жинағы ерекше көзге түседі. Неге?
Біріншіден, алақайлап «социа­лизм құрамыз», «бай тұқымын тап ретінде жоямыз» деп жатқан кезеңде сұлтан мен батыр, би мен қожа – жалпы бұрынғының игі жақсылары туралы жоқтаулар жинағын шығару – ерекше қадам.
Екіншіден, өткеннен безіп (бұрынғыны біржақты сызып), бәрін жаңадан бастаймыз деген кезеңде А.Байтұрсынұлы еңбектің беташар парағына «қазақ тарихының төрт жүз жылын алады» деп жазуы – таңғаларлық шешім.
Енді есептеп көрсеңіз, 1926 жылдан 400 жыл алғанда, 1526 жыл болады. Бұл – Қазақ хандығының нағыз күш-қуат алған шағы. Сонымен бірге осы уақыт – бізбен ағайын біраз жұрт азаттығының басы бәйгеге түскен кезең. Бұл ретте ағартушы тарих пен аңыз, жазбаша дерек пен ауызша дерек арасын жақсы зерделеп отыр.
Кімдер кімді жоқтағанына көңіл бөліңіз: 1) Қараүлек ананың Мамай баласын (батыр) жоқтауы; 2) Қамқаның әкесі Қазыбек биді (Қаз дауысты Қазыбек) жоқтауы; 3) Кеңгірбайды жоқтау; 4) Алтай Тәтіні жоқтау; 5) Нысанбайдың Кенесары-Наурызбайды жоқтауы; 6) Қырғыз Жантайды жоқтау; 7) Қыр­ғыз Шоқшалайды қызының жоқ­тауы; 8) Шақ­шақ ұрпағы Тө­ле­байды қызының жоқ­тауы; 9) Тө­­лебайды келінінің жоқтауы; 10) Тө­ле­байды қатынының жоқтауы; 11) Шұ­­­быртпалы Әйкеге шығарған Бұ­дабай жоқтауы; 12) Қырғыз қы­зының жоқтауы; 13) Найман Әбжанды жоқтау; 14) Балқын қыздың жоқтауы; 15) Байжігіт Мұратты қатынының жоқтауы; 16)Ысмайыл ханды ханы­мы Күнжанның жоқтауы; 17) ­Ерторыны келінінің жоқтауы; 18) Жолдыбайды қызының жоқтауы; 19) Ес­мағамбетті қатынының жоқтауы; 20) Ерғазыны қатынының жоқтауы; 21) Әбдірахманды Абайдың жоқтауы; 22) Ормамбетті ­баласы Нарманбеттің жоқтауы; 23) Әбді­ға­пар­ды қатынының жоқтауы.
Жоғарыда «Бұдабай ақын шығар­ған» дегендей, бұл жоқтауларды көбінесе айтушы емес, басқа бір ақын немесе жыршы шығарғанын байқаймыз. А.Байтұрсынұлы бұл туралы: «Жоқтауды көбінесе ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау ақын лұғатты келеді» деп жазады. Мысалы, «23 жоқтау» жинағындағы мұралардың әрбіріне шағын түсініктеме берген «Қыр баласы» (Әлихан Бөкейхан) «Қарпық ақын шығарған», «Найман шығарған», т.б. деп ескертеді.
Әрине, жоқтау – фольклор жанры. Сондықтан оның уақыт пен кеңістік аясы, деректік негіздері көп жағдайда шартты. Бірақ Қазақ хандығы дәуіріндегі оқиға, тұлға атауларында, олардың жалпы нобайында сәйкессіздік өте аз. Снимок
Қарапайым өмірде жоқтауды «дауыс салу» деп те атайды. Ежелгі әдет-ғұрпымызда адам қайтқан күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылғаны белгілі. Дегенмен, оның ерекше жеткізілетін тұсы – жаназаның (ресми діни рәсім) алды-арты немесе кісіні жер қойнына беретін мезет. Ағайын-туыс қазалы үйге «ой, бауырымдап» ат қойып шауып келіп, көрісіп қөңіл айтады. Мәйітті шығарарда марқұмның әйелі немесе қыз балалары жоқтау айтып, қайғысын естелікке құрылған дәстүрлі жыр сарынымен басады.
Әйгілі Байдалы би айтты дейтін: «Сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын» деген сөз бар. Жоқтау – қазақ, қырғыз сынды ұлттарда аза ғұрпымен байланыстағы әрі қаралы, әрі артындағы ұрпағын рухтандыратын имани салттың бір түрі. Нақты салыстыруға келе қоймас, бірақ белгілі жағдайда Еуропаның рек­вие­мінің (жан азасы) фи­ло­со­фия­сы, мән-мағынасы қазақ жоқтауын түсіндіріп бере алады. Бұл жерде біз католиктік ғұрыпты емес, Батыс жұртының марқұм болған жандарға деген құрметін еске салып отырмыз. Әдетте ислам қағидаттары да жоқтауды, марқұмның соңынан жылап-сықтауды қолдамайды. Бұл қағидатты қатаң ұстайтындар: «Исламның алдындағы жәһилия дәуірінде арабтарда «нияһа» деген ғұрып болған. Сол уақытта әйел кісілер бір-біріне қарама-қарсы отырып алып, зар қағып өлген адамды жоқтаған. Ислам келгеннен кейін бұл дәстүр тоқтатылады. Хадисте: «Біреудің тегін жоққа шығарушы мен өліні зар қағып жоқтайтында жәһиліктің әрекет бар» делінеді. Біз дауыс салып жылауды қостамаймыз» дейді. Қазақ елі ұстанатын Әбу Ханифа мазхабы бұл мәселеге оймен, ақылмен келуді нұсқайды. Атадәстүр құр жылауға немесе жасандылыққа бармай, орнымен егіле отырып бақиға озған жанның тірісіндегі өнеге ісін ұрпаққа аманаттайды. Бүгінгі ғылым, соның ішінде медицина мен психология адам өз бойындағы қайғыны ішіне жұтпай, шығарып тұруын (немесе бөлісуін) қолдайды. Сондықтан қазақ жоқтауы, бір жағынан әрі жұбату, әрі ауыртпашылықты бөлісу қыз-ме­тін атқарады. Бұған иманды жұртшылық түсіністікпен қараған. Жылау-сықтау шектен шығып бара жатса немесе ол жасанды сипат алса, үлкендер жағы оған тоқтау салған.
Ұлт тарихындағы классикалық жоқтау қатарында әйгілі Бұхар жыраудың Абылай ханды жоқтауы, Қаз дауысты Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтауы, Абайұлы Әбдірахманды әйелі Мағыштың жоқтауы тұр. Бұл жоқтаулардың әрбір сөзі тарихи шындық пен ел рухының терең сезіміне суарылған.
Айтулы осы үш мұраның екеуі «23 жоқтау» жинағына енсе, А.Байтұрсынұлы ыждағатының ерекшелігі айқындала түседі.
Қазақ халқы ХІV-ХVІ ғасырлар­дағы ноғайлы заманының «Едіге», «Орақ-Мамай», «Шора» сынды батырлық жырларын ертеден насихаттап, ұлттық рухани мұрасының алтын қорына қосқан. Осы мұралар күні кешеге дейін ел бірлігі мен жер тұтастығына қызмет етті дей аламыз. Сондықтан «23 жоқтаудағы» Мамай батыр рухына бағышталған сөз халыққа өте түсінікті еді.
Қараүлек ана Мамай баласын жоқтауын Ораққа қаратып айтады:
Ай, Орағым, Орағым,
Жалғыз қалдың, қарағым!
Мамайжан еді ырысың,
Бір құрсақтан дүреген,
Екеу еді туысың.
Екеуің жауға барғанда,
Қалмақты жеңді ұрысың.
Серіксіз қалдың, Орағым,
Дүние шіркін құрысын!..
Жоқтаудың осы бастапқы жолдарынан субъективтік, пендешілік ой аңғарыла ма? Әрине, Қараүлек ана болып қайғырған халық барлық пендешіліктен жоғары тұр. Оның ойында бір ғана арман, бір ғана мұң, бір ғана мүдде тұр. Ол – халық мүддесі.
Айқай, енді күн қайда,
Қойға тиген бөрідей,
Жапыра қалмақ қуатын?
Құлыны өлген ақ байтал,
Енді саған күн қайда,
Ондай бала туатын? –дейді көкірегі қарс айырылып. Халық қиялында егде жастағы Қараүлек елдің өткені мен бүгініне жауапты адамдай тіл қатады. Аналық борышын сезіне отырып, ендігі халық арманынан туатын балалардың Мамай мен Орақтай жаужүрек болатынына секемі бар. Неге?
Өлдің, Мамай, қор болдың…
Өлдің, Мамай, құм болдың…
Құм ұшырған жел болдың…
Ау, батырдың анасы бұлай тым езілмеуі керек еді ғой. Тым жер­бау­ыр­­ламауы тиіс еді ғой.. Жоқ, ел анасы, халық анасы айнала қоршаған қиындықты, құрылған торды көріп, болашағын ойлап, шерменде күйге түседі:
Сауытың қалды сандықта,
Алмасың қалды тұлдықта,
Аңдасқан дұшпан көп еді –
Елің қалды құлдықта…
Мамай батырдың тірісіндегі ерлігі мен өрлігін санамалаған және оны зор мақтаныш көрген ана Жаратқан алдында тәубесіне келе отырып бүй дейді:
Құдай салды, мен көндім,
Бұл сапарды ұнаттың,
Өзіңді қалмақ қамады,
Ақ ордаңды талады,
Артыңда қалған жас бала,
Қашан сендей болады?
Қырық ұл туса бір күнде,
Орның қалай толады?
Қарт ана Мамай өмірінің өрі мен ылдиын, табысы мен талқысын си­па­т­­­тай келе, «ақ үйдің арыстаны, боз үйдің бостаны» болған қаһарманның өліміне иман келтіреді. Егіле отырып шүкір сөзін айтады:
Артыңда қалды жиғаның,
Тарқап кетті мейманың,
Ұжмақта қылып Құдайым,
Жолдасың болсын иманың!..
Иман – пенденің фәни өмірде жинайтын абыройы, айналасына көрсететін қасиеті, төккен маңдай тері. Дәстүр мен діннің үйлесімінен шығатын осы лепесті Қараүлек ана жоқтауға енгізе алған.
Әрине, біз бұл жоқтаудан әй­гілі Ноғай ордасы мен Қырым хан­­дығы тұлғаларының тарихи дәлдігі мен дерегін іздемейміз. Бізге керегі – түркінің талай жұртын, соның ішінде қазақ ұлтын рухани тәрбиелеген, әзиз жанына – азық, өрлік жалауына – тамызық болған «Қырымның қырық батыры» сынды асыл мұраның жаңғырығын білу. Мамайды жоқтау – елдік пен батырлықты жоқтау. Мамай анасы Қа­­раүлек – берекесіз аңыраған жай біреу емес, батырға ақ сүтін беріп, ақжарма тәлімін сіңіріп бап­­таған елдің қуаты, дәстүрдің жалғасы.
Қазақ еліне тұтқа, жұртына қамқоршы болған Қаз дауысты Қазыбек би қайтқанда, асыл әкесін қызы Қамқаның жоқтауы – күні бүгінге дейін ұлттың рухани санасында сақталып, жиі айтылып жүретін мұра.
Қазақ хандығының қабырғалы биі Келдібекұлы Қазыбек бүгінгі өлшеммен айтқанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, танымал шешен, «Жеті жарғыны» жүйелеп, жүзеге асырушы тұлғалардың бірі (Алаш лидері Ә.Бөкейханның дәлелмен айтқан есебі бойынша Қазыбек би 1661 жылы туып, 1758 жылы қайтқан; бүгінгі энциклопедиялар 5-7 жылға өзгертіп жазады). Ел арасында әкесі Келдібектің де, анасы Тоқмейілдің де аса беделді, парасатты адамдар болғаны жиі айтылады.
«Болашақ бидің анасы сәбиін тербетіп отырып:
Айналып ерді өсірсем,
Ақ сүтімді кешірсем,
Адалдан болар нәсібің.
Тіліңнен болар кәсібің, – дейді екен» делінеді халық аңызында.
Ал енді арғы бабаларынан (Шаншар абыз, Бұлбұл шешен) бері алқалы топта сөз бастаған жас Қазыбек қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барған елшілер ішінен «Дат, тақсыр!» деп алға шығып, алдаспандай кесіп айтқан мына сөздері халықтың эпикалық санасында жатталып қалған:
«Біз, қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай
жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау
баспасын деп,
Найзасына жылқының қылын
таққан елміз,
Дұшпандар басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз».
Қазақ шежіресіне қарағанда, Қазыбек биден Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Қамқа атты бір қыз тарайды. Жоқтау айтушы – бидің осы жар дегенде жалғыз қызы.
Қамқа жоқтауы – дәстүрлі қазақ жоқтауы. Мұнда баба жасына жетіп, ел алдындағы парызы мен қарызын молынан өтеген қайраткердің ұзақ та мәнді өмірі жеткілікті сипатталады. Ұлтқа олжа салған ерлігі мен тапқырлығы орайлы айтылады.
Қазаққа арман жол салдың,
Қолайлы қылып әр заңға.
Жесір қатын, жетім ұл,
Аруағыңа таянып,
Ие болды мал-жанға.
Жоғалмастай жол салып,
Үлгі болып сөз қалып,
Кеткен жоқ әкем арманда, –дейді Қамқа тәубасына келіп.
Әрине, қазақ ұғымында «ханда қырық кісінің ақылы бар». Бірақ ол ақыл оңай келмесі тағы да түсінікті. Ақылдың сауыты бекем болу үшін хан да, қара да парасатқа жүгініп, табысты бағалап, барды ұқсата алуы керек. Қазыбек би – сол парасат өлшемі.
Қамқа жоқтауына мән беріңіз:
Ақылменен мол тапқан,
Бағыменен ел тапқан.
Батыр мен хан сасқанда,
Әкеме келіп жол тапқан…
Ақылың, бағың молынан,
Елің ерді соңыңнан.
Арқасында әкемнің
Отырған жоқ бұл қазақ,
Ешкімнің кейін тобынан.
Осы орайда жоқтаушы Қазыбек бидің қазақ ауданынан шығып кеткен елшілдік пен елшілік пайымын (ел шаруашылығына жайлы қоныс сайлау; қалмақ, сарт, орыс арасын таразы басы тең ұстау, т.б.) айрықша баяндайды.
Заманынан оза туған, ақыл-абыройы өзінің емес, халқының олжасына айналған би зердесімен – бай, жәрдемімен – жомарт. Қамқа қыз мұны да есінен шығармайды:
Байлығын несін айтайын,
Кедей деп адам айта алмас.
Мырза деп несін айтайын,
Әркім-ақ қонақ қайтармас.
Бір сөзбен айтқанда, Қазыбек­қызы Қамқа күллі қазаққа мәшһүр би әкесінің қадірін перзенті ретінде ғана емес, халықтың бір өкілі ретінде бағалай алған. Сол себепті де бұл жоқтаудың тарихи маңызы ерекше дер едік. Дәстүрге сәйкес, бұл жоқтауды сөзге ұста бір ақын жазып берді ме, жоқ әлде Қамқа қыздың өз жүрегінен шықты ма – ол жағы бір Аллаға ғана аян. Біз үшін маңыздысы – өзегін жарып шыққан өзінің халықшыл биін халықтың жоқтағаны. Бұл туындының ел жадынан өшпеуіндегі бір сыр да осында.
«23 жоқтау» жинағына енген таңдаулы бір мұра – Ысмайылханды ханымы Күнжанның жоқтауы. Оған түсініктеме берген «Қыр баласы» (Ә.Бөкейхан) Ысмайылхан – Тәукенің Арыстанбегінің перзенті екенін жазады. Ел аузындағы және жазбаша деректерде Тәуке сұлтанның бір баласы Құсбек заманында Қарқаралының аға сұлтаны, дуанбасы екен. Бірде Жетісудағы Жолбарыс хан нәсілінен Рүстем төренің барымташылары Алтай жақтан әкеле жатқан жылқыларынан айырылып қалып, жолай оның 100-ден аса жылқысын олжалап әкетіпті. Істі бейбіт шешу керек. Сонда екі араның мәселесін бітістіруге Құсбекпен сыйлас Қарпықбай би жүрген деседі. Би Рүстем төреге барып, істің мән-жайын айтқанда, сұлтан өзін алдаған жігіттерінің басын алмақ болыпты. Сонда би төрені тоқтатып, ашуын басыпты. Рүстем сұлтан: «Ақысына не сұрайсың?» дегенде, төре шаңырағында құлдыраңдап бір үш жасар қыз бала жүр екен, сол бүлдіршінді нұсқап: «Құсбек төрінің де осы шамалас інісі бар» деп, құдалық жолын ұсынады. Сол қыз – Күн­жан екен де, айтқан ұл – Ысмайыл­хан көрінеді. Кейін Құсбектің осы немере інісі Ысмайыл­хан Қа­ра­шо­раға болыс болыпты. Әлихан Бөкей­ханның жазуынша, окружной приказдағы бір жемір майор қазақ әйеліне көргенсіздік жасағанда, Ысмайылхан араша түсіп, қылмысын қолмен қойғандай дәлелдеп, Сібірге айдатқан екен. Ақыры кектен кек туып, әлгі майордың әйелі 1867 жылы төрені улап өлтіріпті…
Былайша айтқанда, айнала­сына және ағайынына бауырмал­дылығымен, әділдігімен танылған Ысмайылхан өлімі – қыршын өлім. Өйткені, жоқтауда Күнжан ханым «Отыз жастың ішінде / Жесір қалдым жастайын» дейді. Соған қарғанда, марқұм төре де отыздың о жақ-бұ жағында ажал құшқан.
Күнжан жоқтауынан бірнеше сипат анық көрінеді: біріншіден, марқұм Ысмайылхан – кісі қолынан, біреулердің қасақана аярлығынан қайтқандықтан, жырда әділеттікті іздеу сарыны байқалады; екіншіден, төре жастай қайтқандықтан, мұнда жанашырлықтың (қыршынды жоқтаудың) ерекше бір үрдісі көрініс тапқан; үшіншіден, ерлі-зайыптылардың бір-бірін жоқтауы бір басқа да, ататегі ақсүйек жандардың елдік жауапкершілікті («тегіне тартып» дегендей) еске ала отырып жоқтауы бір басқа. Біз бұл жерде «жоқтауды шығарып берушінің» немесе Күнжанның өзінің жоқтауға әлеуметтік екпін түсіргенін жоққа шығармаймыз.
Асылзада сұңқарым,
Өлгеніңді есітіп,
Адамзат бәрі қайғырды.
Тағдырды Құдай тез беріп,
Отыз жасқа келгенде,
Айбатымнан айырды.
Қаһарына мінгенде,
Шын ашуы келгенде,
Тілмаш құрлы көрмеген,
Дуан басы майырды, – дейді бір қайтарымында Күнжан. Бұл үзіндіден адал жардың қайғысы да, марқұмның адамшылық ұстанымы да анық көрініс тапқан. Осы тұста қайғырушының әлеуметтік деңгейден (келін) гөрі мәселеге «сырт көз – сыншы» ретінде қарағанын байқап, жоқтау авторлығына халық лайық екенін аңғартатын да жер бар. Ол былай болып келеді:
Мырзалығы сонша еді –
Ғаріп пенен ғасірге
Барлық малын таратқан.
Бөкей, Тәуке, Барақтан
Тумай сөзге ілініп,
Ақ патшаға білініп,
Жастайынан шен алған,
Шапаны келген сенаттан.
Әрине, бұл деректің бәрі де рас болуы мүмкін. Бірақ сойы – ақсүйек, өзі ел дәстүрін жалғастыруға тиіс тұқымның келіні өз қайын атала­рының атын атауы мүмкін емес. Бұл – жай ғана штрих. Одан жоқтаудың мазмұнына, мәртебесіне ешқандай зиян тимейді.
Бұл жоқтаудағы өлеңмен өрілген бір аңсау-арман – білімді, білікті, батыл жас азаматтың қайталанбас өмірбаян парақтары. Заман – жаңа, адам да – жаңарған, ой-арман да – жаңалықтан тоят іздейді. Бірақ соның бәріне қол жеткізген азаматтың төтеннен келген өлімі жаңалық пен әділдікті қатар іздеуші жұртты сансыратады…
Кешегі менің бекзатым,
Бесінде мектеп оқыған,
Алтыда ақыл тоқыған,
Жетісіне келгенде,
Жетпіс жерден дін сұрап,
Құдықтай көзін шұқыған.
Сегізіне келгенде,
Сергелдіге бас болған,
Тоғызына келгенде,
Толған айдай балқыған,
Дәулеті көлдей шалқыған,
Он біріне келгенде,
Ақылы асты халқынан,
Он екіге келгенде,
Құрбы өтпеді нарқынан.
Жиырмадан өткен соң,
Енді отызға жеткен соң,
Салиқалы би болды…
Бұл салыстырулар мен деректің бәрі бірыңғай фольклорлық бейне деп айта аламыз ба? Әлде бұл әсірелеу (гипербола) ме? «Қазақтың тірісінің бәрі жаман, өлісінің бәрі жақсы» дегеннің кері ме? Жоқ, бұл деректер жай эмоция болмаса керек. Алаштың Әлиханы мен Ахметі ұрпаққа аманаттаған «Ысмайылхан өлімі туралы» мұра шындыққа қиғаш емес деп ойлаймыз. Бұл жерде Күнжан зары – бір есептен халық зары, хандық мұрағы төбесінен ұшқан халық қайғысы. Бұл, бәлкім, «білікті, әділ, елшіл, батыл төре-сұлтан көбейсе, қазақтың есесі біреудің қолында кетпес» деген арман шығар. «Сондай Ысмайылхан өлді, енді сондай арлы азамат шығар ма екен?» деген ой-аңсар болар.
Қыршын сұлтанды жоқтауда өмір туралы керемет философия бар.
Сұм дүние, сағым боларсың,
Баршаны жалмап тынарсың.
Жылтырайсың сыртыңнан,
Өртенген ішің шынарсың.
Абайлатпай адамға,
Ақыры бір күн құларсың…
Сұм дүние, қазір көшесің,
Өткіздің ердің нешесін.
Бес күндей қызық көрсетіп,
Аларсың ақыр есесін…
Осы тұста Күнжанның зары ұлт­тың зарына ұласып, адамзат жұмбағын, екі дүние сырын меңзе­гендей болады.
Айырылдың, халқым, нарыңнан,
Көтерген ауыр қомыңды-ай!..
Қай теңдікке, ағайын,
Жеткізбей кетті-ай
қолыңды-ай?!
Бұқар жыраудың
Бөгенбайды жоқтауы
Батырың өтті — Бөгенбай!
Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті — Бөгенбай!
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті — Бөгенбай!
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласында жайылған,
Мылтық атқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жерінді
Аң етімен тау қылған,
Батырың өтті — Бөгенбай!
Асу салған тас бұзып,
Тарбағатай белінен.
Қол қондырған қос тігіп,
Бөрлі деген көлінен.
Қалмақты шапқан шулатып,
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуып жерінен.
Батырың өтті – Бөгенбай!
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек —
Ормандай көп Орта жүз,
Сондан шыққан төрт тірек.
Тұғыр болған сол еді
Сіздей төре сұңқарға.
Бәйгелі жерде бақ болған
Сіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті – Бөгенбай!
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарп қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Қарияң келіп жылап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін,
Батырың өтті — Бөгенбай!
Жоқтаушы немесе жоқтауды оқтын-оқтын қайталап жан жарасын жазған жұрт бұл жерде ой түкпірінде бір ғана Ысмайылханды ұстады деуге келе қоймас.
Қарап тұрсаңыз, аясына жоқтау жанры енетін фольклор – әлеуетті идеология. XVIII-XIX ғасырда қаһармандық жырлардың неге маңызы артты? Отарланған ел азат күнін, айбарлы шағын сағынды. XX ғасырдың 20-жылдары Мағжандар, 60-жылдары М.Мағауиндер неге қобыз сарынын қозғады, жырлады. Бәрі де ұлт рухы үшін. «23 жоқтау» да – қазақ рухына қойылған ескерткіш. Фәни өмірдегі адам неге бақиға озған адамын жоқтайды? Екі дүниенің обал-сауабын ойлап жоқтайды. Шерлі көңілде идеализациядан гөрі шынайылық басым болады. Кез келген адамның ата-анасы – әрі асқар тау, әрі мөлдір бұлақ. Жоқтау айтқан перзент немесе туысқан осы пананы, осы тазалықты түсінгенін айтып, тәубасына келеді. Содан бір отбасының трагедиясы ұлт трагедиясына айналып кете барады. «Әке – балаға сыншы», «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақ­таған» нақылдарының мәніне лайық жас азамат қыршын кетсе, айналасы, ағайыны һәм жары немесе сүйгені бордай езіледі. Қайғыдан аһ ұрады. Пәктікпен айтылған жоқтау адамның сай-сүйегін сықырлатып, жанын қозғап, жауапкершілік биігіне алып шығады. Байқасаңыз, былайғы өмірде өлім-жітімде оқылатын қасиетті Құран сүрелері мен аяттары мағынасында осы сарын айқын көрінеді. «Раббым Алла, саған қайтамыз» делінеді Құран-Кәрімде. Қазақтың қара өлеңі мен жоқтауы: «Өлмесе ата-бабаң қайда кеткен?» дейді. Айтқандайын, 1930 және 1937 жылдары А.Байтұрсынұлы сынды зиялыларға саяси кінә тағылғанда, «ескіліктің сөзімен халықты Кеңес өкіметіне қарсы қойды» де­ген. «Тамшы тас жарады» ­деген­дей, имандылықтан азар-безер жүйе ескіліктің сөзінен зәре құты қалмай қорыққан. Әрине, қиын кезеңде мұра ретінде насихатталған жоқтаулардың астарында азаттықты аңсау ұғымы тұрғанын кеңестік билік түсінген. Ал зиялылар «ескілік» – әрқашан елдік дәстүрдің алтын арқауы деп білген.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор
anatili.kazgazeta.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста