Әл-Фарабидiң зиратын тапқан кім?
1962 жылы Қазақстанның рухани өмiрiнде ешкiм күтпеген ерекше оқиға болды. Ғылым мен бiлiм жолындағы жаңа жетiстiктердi паш етiп отыратын «Бiлiм және еңбек» журналының №1 санында тұңғыш рет әл-Фараби деген беймәлiм бiр кiсi жайында материал басылған.
Қазақ жұрты тұңғыш рет оның жарқын бейнесi түскен суретiн көрдi. Онда төрткүл дүние түгел мойындаған әл-Фараби жайында түсiнiктеме берiлiп, оның қазақ топырағынан шыққан бiздiң бабамыз екендiгi бiрiншi рет айтылды. Бұл бүкiл әлем зиялыларының көзқарасында өзгерiс тудырған тосын жаңалық болатын, деп жазады «Алматы ақшамы» басылымында журналист Әнуарбек Әуелбек.
Журнал бетiнде әл-Фараби бабамыз туралы айтып, оның тоғыз трактатының аудармасын берген ғұлама ғалым Ақжан Машани едi. Ол бiр кездерi дүниеде әл-Фараби деген түрiк данышпаны болғандығын әлем ғалымдарының бiр форумында кездейсоқ естiп қалады. Ол соғыс жылдары болатын. Соңына түсiп зерттеудiң мүмкiндiгi бола қоймаған едi.
- Сол 50-жылға қарай бұл кiсi әл-Фарабидi түрлi әдебиеттерден iздей бастайды. Ешқандай әдебиеттерде, энциклопедияларда жоқ, содан 1958 жылдары Тәшкенге тартады. Ақжан Машани ол жолы Тәшкеннен де ештеңе таба алмаған. Ондағы академияда Шығыс институты бар болатын, бiрақ әл-Фараби туралы ешбiр дерек кездесе қоймайды. Сол кезде бүкiл Орта Азия мен Қазақстанның муфтиi Бабахан: «Сiз оны табу үшiн Қазанға, Уфаға қарай барыңыз» деген ақыл айтады. Сол Уфаға барып, бұл кiсi әл-Фарабидiң үш кiтабын табады. Ақжан Машани сосын Лондон, Париж, Лиссабон, Берлин, Каир сияқты үлкен қалаларға хат жазып, оларға сирек кiтаптар жiберiп, әл-Фарабидiң 160 еңбегiнiң библиографиясын алады, - дедi өзiнiң ұстазы жайында үлкен ықыласпен белгiлi ғалым, фантаст-жазушы, Шығыс ғұламалары және Машани орталығының директоры болып көп қызмет атқарған Шәмшиден Әбдiраман.
Тосын жаңалық сол кездегi саясаттың тамағына тiрелген еламан сүйектей болды. Себебi, ұланғайыр ұлы даланы мекен еткен қазақ көшпелi ел атанып, оған отырықшылдық пен мәдениеттi әкелген Кеңес үкiметi деп келген. Ал, ғылым-бiлiм, мәдениетi дамымаған көшпелi елдiң iшiнен әл-Фараби сияқты ғұламаның шығуы мүмкiн емес едi. Сол себептi оны зерттеп жүрген ғалым Ақжан Машаниге Мәскеудегi жоғары жақтың қырын қарауы басталады. Ол сол сәттен бастап «үш әрiптiң» де қара тiзiмiне ендi. Бұлайша қалыптасқан жағдай өз арамыздан шыққан зиялыларымыздың да Машаниге деген терiс көзқарасын қалыптастырған.
«Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» деген. Машани тынбай iзденiп, бiр заманда iлiм-бiлiм соңынан қуып жырақтап кеткен әл-Фарабидiң қабiрiн тапты. Ол 1968 жыл болатын. Сонау Сирия елiндегi Дамаск, бұрынғы Шам қаласынан 60 шақырымдай жерде екен. Басына барып, ұлы бабаның әруағына бағыштап құран оқыды.
-«Әл-Фарабидiң басына барғанда мен жетiмсiредiм» деп едi Ақжан Машани. Өйткенi, әл-Фараби жермен-жексен болып, тегiс жерде жатыр екен. Басына апарып көрсеткенде, iштегi күмәнiн жасыра алмай: «Мұның әл-Фараби екенiн қайдан бiлемiн?» деп сенiмсiздiк те көрсеткен ғой ертiп жүргендерге. Сонда басындағы шырақшы ол кездерi елден озған ғұламаларды патша мен әкiмдердi көметiн бөлек зиратқа жерлейтiн болғандығын айтады. Сосын мұндағы жатқан кiсiнiң түрiк жұртынан, Түркiстаннан екендiгiн дәлелдеп бередi, - дейдi Машанидiң шәкiртi, қабiр басына барып құран оқып қайтқан екiншi қазақ Әмiрбек қажы Есенбайұлы.
Көне дәуiрде қазiр ұмыт бола бастаған «Абжад» деген iлiм болған. Оны бiлетiн адам саусақпен санарлықтай ғана. «Абжад» iлiмiн қазақта жетiк меңгерген Ақжан Машани едi. Оған кештеу кездесiп, шәкiртi болған Әмiрбек Есенбайұлы ғұлама ғалымның осы бағытын ұстады. 1997 жылы Сирияға барған сапарында ол Ақжан Машанидiң аманатын орындап, әл-Фарабидiң зиратына барып тағзым еткен.
Қазақ мәдениетiнiң тарихына тереңдеген ғұлама ғалым Ақжан Машаниге әл-Фарабидiң жатқан жерiн табу оңайға түспеген. Бұл орайда ол ұзақ та қиын жолдардан өттi. Қолдаудан гөрi кедергi көп едi. Тiптi, ол өзi құрысқан Ғылым академиясының толық мүшесi де бола алмады. Содыр саясат жардан итерiп құлатуға бейiм едi. Соншама сiрескен тоңның жiбуiне бiр ғана мақала әсер еттi.
-1963 жылы «Юность» деген журналда әл-Фараби туралы «Аристотель Востока» деген кiшкентай ғана мақала шықты. Мiне, осыдан кейiн ғана жұрттың бәрi оң көзбен қарап, «үш әрiп» те жұмсара түседi. Осы сәттен кейiн ғана лексиконымызға да әл-Фараби бiздiң бабамыз екендiгi ене бастады. Шындығын айтқанда, әл-Фарабидi тану, кейiнгi Ақжан Машанидi тану - бұл қазақтың дүниетанымын тану дегенмен бiрдей. ?йткенi, Ақжан Машанидiң еңбектерiне зер салсақ, әл-Фарабидi зерттей отырып, оны Абаймен, қазақтың дүниетанымымен салыстырып отырады. Оның бәрiн сосын бүгiнгi ғылыммен салыстырып отырған. Осы жағынан Ақаң әлi бiздiң ашылмаған үлкен құпиямыз деп ойлаймын, - дейдi Ақжан Машанидiң шәкiртi болған Шәмшиден Әбдiраман.
Қазақтың ұлы ақыны Абайды кiшкентайынан жақсы бiлетiн Ақжан Машани оның iшкi дүниесiнiң әл-Фарабимен үндесiп жатқанын аңғарады. Әр заманда өмiр сүрген екi данышпанның арасында беймәлiм бiр байланыс барын бiлген. Елеп-екшеп, зерттей келе, қызықты құпиясы мен санқырлы сырлары мол «Абай және әл-Фараби» атты еңбек жазады. Жалпы, әл-Фарабидi толық бiлу үшiн дiн жолына түбегейлi мойын бұру қажет деп санаған. Ал, әл-Фарабидiң басына баруға өзбектен шыққан абзал азамат Мұхитдиновтың көп көмегi тиедi.
-Оған Өзбекстаннан шыққан, бұрын өздерiнде Орталық комитеттiң хатшысы, одан кейiн мақта министрi болған Мұхитдинов көп жәрдем берген. Мына жақтан шығарда, оған арнайы хат жазып берген. Сирияға барып хатты көрсеткенде, ол қасына адам қосып берiп, әл-Фарабидi табуға үлкен септiгiн тигiзген екен. Бұны маған Ақжан Машанидiң өзi айтты. Негiзi, Ақжан Машановтың аузынан шыққан бiр сөзiн жерге түсiрмеу керек едi. Ол кiсi ұзақ уақыт үйiнде жалғыз қалып, кiтап жазып қана жатты. Оған ешкiм назар аудара қоймады. Оның соңғы жазған «Абай және әл-Фараби» атты кiтабындағы цифрлар мен химиялық есептердi түсiнiп оқып, талдау үшiн ғалымдарымызға көп уақыт керек-ау, көп тер төгу қажет-ау деп ойлаймын. Ақжан Машанов бүгiнгi ғылым мен исламның арасын жалғастыратын, құламайтын көпiр салған адам деген ойдамын, - дейдi «Абжад» iлiмiн зерттеушi Әмiрбек қажы.
Ол заманда кеңестiк үстемдiктiң қылышы жалаңдап тұрған шақ. Кезiнде Машаниге «ғалым ба өзi, молда ма?» деп күлгендер де болды. Ал, ол қалыптасқан осындай қиын жағдайға қарамай, исламның ғылымнан бөлiнбейтiндiгiн дәлелдеген.
inform.kz
Түпнұсқадағы тақырып: "Әл-Фарабидiң зиратын тапқан - Ақжан Машани"