Адам өз тағдырын өзгерте ала ма?
Адам өзінің санасын, ойлау жүйесін, амалдарын рухани жетілдіру арқылы тағдырын өзгерте алады. Ол үшін бұрынғы жаман әдеттерден құтылып, тал бойына жақсы, әдепті әдеттерді қалыптастыру қажет. Рухани ілім беретін кітаптарды оқып, білімін жетілдіру керек. Сонымен бірге өмірге қандай мақсатпен келгендігін ұмытпағаны жөн. Бірақ, өкінішке орай, адамдар сол басты мақсаттары жайлы ұмытып, байлық, мансап қуып кетеді. Адам баласының тал бесіктегі басты мақсаты — Алласын танып, иманға ұйып, тәубеге келіп, Аллаға, адамзатқа қызмет етіп, таза, адал кейіпте жер бесікке жету. Тал бесік пен жер бесіктегі аралық — біз үшін сынақ көпірі. Көпірге тұрақтап қалу мүмкін емес қой, сондықтан да мұны біздің ата-бабаларымыз «жалған дүние» деген.
Үйлесімділік
Ал енді тағдыр заңына келейік. Иә, бұл әлемде Жаратушының заңдары әрекет ететіні баршамызға аян. Ол заңдар ұнаса да, ұнамаса да, біз оларды ескеруге тиіспіз. Мәселен, бүкіләлемдік тартылыс күшінің заңдылықтарын ескермесек, ғұмырымыз ұзаққа бармайды. Адам он қабатты үйден секірсе, ұшып кетпейді, жерге түсіп, жазым болады. Өйткені бұл жерде (материалдық әлемнің) тартылыс күшінің заңдылығы жұмыс жасап тұр. Әлемде көзімізге көрініп тұрған тұрпайы әлеммен бірге (көзге көрінбейтін) тылсым дүние бар және оның да өзіне тиесілі заңдылықтары бар. Біз ол туралы не білеміз? Тағдыр заңы — бүкіл әлемнің іргелі заңы. Бұл әлемде болып жатқан бүкіл оқиғалар қарымта заңымен (закон кармы) және тағдыр заңымен тікелей байланысты. Дүниеде еш нәрсе кездейсоқ жаратылмаған. Мәселен, (беделі) жабайы жоңышқа деген шөпті тек жабайы ара ғана тозаңдандыра алады. Өйткені беделі гүлі аналығының ұзындығына тек араның біз тұмсығының ұзындығы ғана сәйкес келеді. Байқасаңыз, бұл әлемде көзге көрінбейтін үйлесімділік заңы жұмыс жасап тұр. Болып жатқан оқиғалардың бәрі үйлесімділік заңына бағынады. Жаратылыс заңдарымен үйлесімділік болса, табыс пен бақытқа жеткізеді. Ал жаратылыс заңдарын бұзу қайғы-қасіретке алып келеді. Яғни адамдардың өмірінде небір проблемалар мен шырғалаңдар орын ала бастайды. Сондықтан да адам өмір сүру өнерін меңгеруі керек. Ол жайында Құранда өте жақсы жазылған. Сондай-ақ, өмір сүру өнерін біздің ата-бабаларымыз бізге мақал-мәтелдер мен нақыл сөздері арқылы қалдырып кеткен. Мәселен, «Таспен атқанды аспен ат» деген мақал бар. Яғни кешірімшіл бол деген сөз. Кешіру арқылы адам қаншама сауап алатынын білсеңіз ғой. Қазіргі психологтар адам бойындағы жағымсыз қасиеттер, атап айтқанда, ашу, ыза, кек, өкпе, реніш, уайым, қайғы, қызғаныш өзінен уға тең қуат бөлетіндігін анықтады. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы көрге жеткенше» деген мақал да бекерге айтылмаған. Бұл жерде өле-өлгенше өкпесін ұмытпайтын адам жайлы ғана айтылып тұрған жоқ, сонымен бірге өкпе-реніштен адамның өліп кетуі де мүмкін екендігін ескертеді. Сондай-ақ, көңілінде үлкен қайғысы бар адам қатерлі ісік ауруына шалдығады екен. Психологтар барлық дерт эмоциядан болатындығын анықтады. Әрине, олар экология мен жасанды химиялық тамақтардың да зардабын жоққа шығармайды.
Бір философ ғұлама: «Біздің ауруымыз бен дұшпанымыз — біздің ұстазымыз» деген екен. Бұл сөздің қандай мағына беретінін талдап көрелік. Егер адамның амалы дұрыс болмаса, ол әртүрлі дерттерге ұшырайды және ол адамның дұшпандары көп болады. Мәселен, адам жөн-жосықсыз ашу, ызаға беріліп, адамдарды тілдейтін болса, ол қоршаған ортаға өте улы қара энергия жібереді. Сол қара энергия қайда кетеді деп ойлайсыз, ешқайда кетпейді, иесіне барады. Ол қайтадан 10 есе күшпен сол адамға қайтып кеп өзін ұрады. Содан барып ауру пайда болады. Оны қазақ «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деп айтқан. «Айтылған сөз — атылған оқ», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген мақалдар сөзде оқтың күшіндей қуат барын айтады. Қазір ғалымдар ойда, сөзде атом бомбасының қуаты барын мойындап жатыр. Сондықтан да жақсы ой, жақсы сөз, игі ниет бар жерде гүлдену бар. Ал бұзылған жаман ниет, жаман ой мен сөз бар жерде өлім мен күйреу орын алады. Тіл-көз тиіп, адамдар өліп те кеткен. Сондықтан да сөздің киесі барлығын еш уақытта естен шығармаған абзал.
Ұзын тілдің кесірі
Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаху алейхи уа саллам): «Адамның тозаққа түсуінің басты себебі оның тілі болып табылады», — деген. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Өзінің асқазанын, жыныс мүшелерін және тілін тыя білген адам құтқарылады. Адам үшін оның ұзын тілінен жаман еш нәрсе жоқ», — деген. Ал Тавус (рахматуллахи алейхи): «Менің тілім жыртқыш хайуан іспетті, егер оны еркіне жіберсем, ол мені талап тастайды. Үндемеушілік адамды Алланы тануға жетелейді. Үндемеген адам қателіктен, өтіріктен, жаладан, екіжүзділіктен, өзін-өзі мақтаудан, азғырушылықтан және оған қатысы жоқ нәрселерден өзін қорғайды. Үндемеу арқылы адам ойға шомуды, толғануды үйренеді», — деген. Кейбір адамдар басына ауыртпалық түскенде «мен не күнә жасадым» деп зар илейді, сол адамдар тілімен өздеріне жаманшылық жасап жүргендерін білсе ғой… Бейпіл аузы оны жыртқыш хайуандай талап жатқанын білсе ғой…
Бір күні Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Абдуллах ибн Салямға (радиаллаху анху) жұмаққа баратындығын ескертеді. Сонда қасындағы серіктері одан мұның себебін сұрайды. Абдуллах ибн Салям: «Мен сөзді орнымен сөйлеймін, бос сөз айтпаймын, ешкім туралы жаман ойламаймын», — дейді.
Адам өзінің жаман қасиеттерінен, шайпау мінезінен арылса, егер дерті асқынып кетпесе, дәрі-дәрмексіз-ақ дерттерінен айығуына болады. Ал жаман эмоциядан арылудың әдіс-тәсілдері — өзінше бір бөлек тақырып. Мен өзімді-өзім қайта тәрбиелеп, жаман қасиеттерім мен мінезімнен айырылдым және эмоциямды тізгіндеп ұстауды үйрендім. Жоғарыда айтылған ілімді оқып қана қоймай, өзімнің өмірімді түбегейлі жақсы жаққа өзгертуге пайдаландым. Абай атамыздың: «Адамның мінезін түзеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім», — деген сөзі шынымен де рас екен.
Құранда: «Жақсылық жасасаң да өзіңе, жаманшылық жасасаң да өзіңе…» — деген аят бар. Мұны қазақ қарымта заңы (закон кармы) дейді. «Біздің дұшпанымыз — біздің ұс-тазымыз» деген сөз осыны меңзейді. Егер адам біреуге жаман-шылық жасаса, сол жаманшылығы 10 есе болып, басқа бір адамнан өзіне қайтып келеді. Бір өкініштісі, адамдар күнәні ешқашан өзінен іздемейді, өзгеден іздейді. Өзінің кемшілігін түзегеннен гөрі біреуді кінәлап, біреуді жазғыру оңайырақ қой. Қоғамдағы кемшіліктерді айтып даурыққанша, әркім өзін тәрбиелеумен айналысса, қылмыс, күнә жасамаса, бізге полицияның да, түрменің де керегі болмай қалар еді. Қоғамдағы нағыз төңкеріс, міне, осы болар еді. Түсінікті болу үшін өз басымнан өткен бірнеше қарымта заңын мысалға келтірейін. Бастық кезімде қолас-тымдағыларға дауыс көтерген сәттерім болды. Кейін маған өте дөрекі бастық тап болды. Айқайлап, ұрысқаны былай тұрсын, танымайтын жұрттың көзінше «басыңды кесіп аламын» деген кезі де болды. Бір кездері мен біреуге айқайладым, енді біреу маған айқайлап жатыр.
Алла шексіз мейірімді болғандықтан, бұл материал-дық әлемде Ол ешкімді де жіберген қателіктері үшін жаза-ламайды. Алла тек материалдық әлемнің заңдылықтарын ғана жасады, ал оны дұрыс, не болмаса бұрыс қолдануымызға байланысты рухымыз арқылы бүкіләлемдік әділет (қарымта) заңы бойынша өмірдің рақатын, не болмаса қасіретін көреміз. Оны былай түсіндіруге болады. Қылмыс жасаған адам Қылмыстық кодекспен, ал әкімшілік құқық бұзған адам Әкімшілік кодекспен жазаға тартылатыны сияқты ғой. Сонда қоғамды заңдармен реттеуді де біз Алладан үйренген екенбіз. Алланың заңдары тылсым дүние болғандықтан, оны қолмен ұстап көре алмайсың. Ол заңдарды тек санаңмен, ойлау жүйеңмен, ақыл-парасатыңмен ғана түйсіне аласың.
Қытай философтары әлем Инь, Янь деген екі энергиядан тұрады деп есептейді. Бұл энергия адамның да бойында бар. Адамды омыртқаны бойлай қақ ортасынан бөлсек, оң жағы Янь еркектік энергия болып, ал сол жағы Инь әйелдік энергия болып саналады. Бұл адамның бойындағы Янь — ата жол мен Инь — ана жол. Бала ата жолы арқылы күннен, ал ана жолы арқылы айдан энергия алып тұрады. Егер баланың әкесімен қарым-қатынасы нашар, екеуінің арасында өкпе-реніш болса, баланың оң жақ денесінде дерттер пайда бола бастайды. Сондай-ақ, ер адам-дармен де қарым-қатынасы нашарлайды. Өйткені баланың ата жолы жабылып, күннен энергия келмей қалады. Ана жол да солай. Сондықтан да ата-ананың батасын алу деген мәселеге қазақ халқы ерекше мән берген. Дана халқымыз бұл мәселені қандай кемеңгерлікпен шешіп отырғанын көрдіңіз бе? «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» деген сөздің мәнісі осында. «Атаңа не жасасаң, алдыңа сол келеді» деген нақыл сөзді ескерсек, ата-анасын сыйлап, оларды қадірлеген балалар ғана нағыз бақытқа кенеледі екен.
Сандуғаш Серікқали,
Баубек Бұлқышев атындағы
сыйлықтың иегері.
kazakhstanzaman.kz