Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Жазушылықты осылай бастадым»

Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Жазушылықты осылай бастадым»

Сұхбатқа кіріспе. 2018 жылы сәуірдің басында мен редакцияның тапсырмасымен Алматыға, әлемге әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен сұхбат алуға үйіне бардым. Таныстық. Кім екенімді, келген шаруамды айттым. Әбең қызу еңбек үстінде, «Қан мен терді» Мәскеу шығаратын болып, соны түбегейлі өңдеу, өңдегенде аяусыз қысқарту үстінде екен. Жұмысынан кедергі келтірдім бе, басқа себебі болды ма, әңгіме мен ойлағандай бола қоймады. 94-ке келсе де жанарының нұры таймаған – кітапты көзілдіріксіз оқиды екен – жазушының құлағы ауыр еститін болып қалыпты, менің айтқанымды қайта-қайта сұрайды, шаршатып та жібердім ғой деймін. Таңертең келген маған түс ауа қайтуға қамдануға тура келді. Кетіп бара жатып тырнақалды туындымды, «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» деген кітабымды «қолыңыз тиген кезде қарап көрерсіз» деп, ағаға беріп кеттім.

Ол үйден шығуын шыққанмен, Шымкентке қайтпадым. Өз тәжірибемде бірінші рет тапсырманы орындамайын деп тұрмын. Не бетіммен қайтамын? Қонақүйге жайғастым. Бірақ, тапсырманы орындаудың жолын да таба алмадым... Ертесіне күн бесіннен ауып, вокзалға қарай басым салбырап кетіп бара жатқанымда Әбең қоңырау шалмасы бар ма! Салмақты даусымен: «Өмірзақ, мен сенің кітабыңды қарап шықтым. Ұнады. Ертең таңертең кел, батамды берейін» деп нақ-нақ айтты да, телефонды қойып қойды. Алпысқа келген әйелім ұл туғандай қуанғаным-ай! Келесі күні кеңінен әңгімелестік, бір емес екі сұхбаттық дүние алып қайттым. Оның бірінші жартысын газетіміздің 2018 жылғы 14-мамырдағы санында берген болатынбыз. Бүгін – екінші жартысы. Мархабат!

 

Жақсыдан – шарапат!


- Аға, сіздің соғыстан қайтқанда Аралдағы еліңізге бармай, бірден «Курляндия» деген романыңызды арқалап Алматыға тартқаныңызды білеміз. Соны өз аузыңыздан естісек.


- Мен соғыстан 1946 жылы қарашада, лейтенант шенінде Свердловтан, бүгінгі Екатеринбургтен әскерден босағанымда шабаданымда химиялық қарандашпен 12 парақ торкөз дәптерге жазылған романым жатты. Елге бармай, әкем мен ағаларым майданнан қайтпаған ғой, иә, Алматыға тарттым. Оған күн батарда жеттік. «Қала қайда?» деймін. Төрт жарым жыл соғыста небір зәулім үйлері бар қалаларға көзім үйреніп қалыпты. Күту залында ұйықтап шықтым. Ертесіне шабаданымды жүк сақтау камерасына тастап, қалаға шықтым, көшедегі адамдардан Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтың үйін білесіздер ме деп сұраймын, ешкім білмейді. Ертесіне де сөйттім. Білмейді. Үшінші күні таңертең интеллигенттеу бір кісі маған: «Шырағым, бұл үлкен қала, бүйтіп таба алмайсың. Менімен «көк базарға» жүр, соның қасында, Пролетар көшесінде Жазушылар Одағы бар. Керек адамыңды сол жерден табасың» деді. Келдім. Әдемі ғимараттың алдында тұрмын. Бір уақытта таяғы бар Әбділдә Тәжібаев келді. Оқулықтан суретін көргенмін ғой, бірден таныдым. Қасына баруға батпадым... Әлжаппар Әбішев келді. Бара алмадым. Мәриям Хакімжанова келді. Оған да бара алмадым. Бір уақытта «виллис» келіп тоқтады. Сәбит Мұқанов! Тығылып қалдым... Сәбеңе кіруім керек қой, кіре алмаймын... Бір уақытта өзі кабинетінен біреуді іздеп шыққанда маған көзі түсіп кетті. «Кімге келдің?» «Сізге!» «Маған келсең кірмейсің бе? Кір!»
Сәбең мені тыңдап болып, «ертеңгі докладқа дайындалып жатыр едім, Ғабиден Мұстафинге жіберсем ренжімейсің бе?» деді. «Жоқ». «Ғабиден! Мына Әбдіжәмил жолдастың шығармасын оқып, ертең 2 мен 3-тің арасында маған келіңдер. Сәлеммен, Сәбит Мұқанов» деп, тілдей қағазға жазып берді. Шығып алып, Ғабиденнің адресін сұрамағаным есіме түсті. Қайта кіруге батпай тұр едім, Мәриям Хакімжанова шықты. Сол кісіден сұрадым. «Иә, білемін, айналайын. Мен қайтып бара жатырмын, жүр, көрсетіп жіберейін». Ғабиден Мұстафин үйінде екен, «мен түскі тамақтан соң бір сағат ұйықтаймын, сен бір сағаттан кейін кел» деді. Көше бойлап, бір сағат ұйықтауға рұқсат сұрап, бес үйдің есігін қақтым, ешқайсысы кіргізбеді. Алтыншы үйден 35 шамасындағы төртбақ әйел шығып, маған мұңды көзбен ұзақ қарады, шамасы соғыстан күйеуі қайтпаған болса керек. Сөйтті де кіргізді, диванды нұсқады. Мен оятуын өтініп, диванға құлаған бойда ұйықтап кеттім.
Әлгі әйел бір сағаттан соң оятты. Ғабеңе бардым, ол кісі маған жазбамды оқытты. «Бұл не?» деді. «Роман». «Роман деген үлкен дүние, ал, сенікі 12 бет». Мен сол кезде «роман осылай жазыла ма?» деп сұрадым...
Ертесіне екеуміз Сәбеңе келдік. Ғабиден: «Баланың жазу қолынан келеді. Мен білгенімнің бәрін айттым» деді де, кетіп қалды. Сәбең «қайда барасың?» деп сұрады. «Шалқарға, немере әпкемнің үйіне барамын». «Райком кім?» Мен қайдан білейін. Сәбең сол жерде біреуге телефон соғып, Шалқардың райкомы Дәненов екенін сұрап білді. «Сен ертең кел, Дәненовке хат жазып беремін». Өзі де үйіне қайтатын болды. «Жүр, сені қонақүйіңе апарып салайын, түскен жеріңді айт». Вокзалды түнеп жүргенімді есітіп, үйіне алып барды. Особняк екен. Құдасындай күтті.


- Қонақүйге түсуге ақшаңыз жоқ па?


-Ақша деген пішен! Мен қонақүй болатынын 1947 жылы ғана білдім ғой...
«Біздің үйде бір-екі күн бол, қаланы арала, еліңе сосын қайтасың» деді Сәбең. «Әр үш ай сайын келіп, жазғаныңды көрсетіп тұр. Үйдің адресін, телефонды жазып ал. Артиллерийская, 35, тел: 42-15. Шығарда ұмытпай вагоныңды айтып телефон соғатын бол».
Содан мен келемін, Өксікбай есімді шофері күтіп алады. Сәкеңнің үйінде жатамын. Өзінің 4 ұлы, 2 қызы бар. Әр келгенімде Әдеби қорға 3 мың теңге көмек сұратып, арыз жаздырады. Міне, мен жазушылықты осылай бастағанмын...
-Кәзір ғой тіліңіздің шұрайлылығына адам таң қалады. Одан бөлек орысша да жазасыз. Орысша қалай жазып кеттіңіз?
- «Всемирная литература» баспасы әлемдегі ең үздік 200 жазушының ең атақты шығармаларын 200 том етіп шығарды ғой. Мен сол баспаның редколлегия мүшесімін. Ол кітаптардың ішіне қазақтан М.Әуезовтың «Абай жолы» кіргенін білесің. Соған алғысөз жаздым. Одан бөлек Тургенев пен Достоевскийдің 150-жылдық мерейтойына арнап баяндама жасадым. Міне, сол кезден бастап орысша да жаза бастадым.
Жалпы, мен орысшаны интуитивно үйрендім. «Осы сөз жазылу керек шығар» деген долбармен жазамын, ал соным үйтіп-бүйтіп дұрыс болып шығады...
«Соңғы парызды» аударғанда маған ақтөбелік ақын, өлеңдерін орысша жазатын Амантай Өтегенов көмектесті. Танитын ба едің?


- Танимын. (Содан бірнеше күн өткенде Амантай өмірден озды). Ақтөбеде 2013-2014 жылдары «Қазақия» деген екі тілдегі апталық шығарған кезімде танысқанмын. Өлеңдерін газетке беріп тұрдық.


- Ортаншы қызымның екі балконды үш бөлмелі үйі бар еді, Амантай темекі шегетін болғандықтан, соның балконы бар бір бөлмесін оған босатып бердік. Бір күні кішкентай ғана абзацтың аудармасына келісе алмай, екеуміз түске дейін айтыстық. Қарақоңыр түсті жігіт еді, ашуланған кезде реңі қарақошқыл тартып, жалқылдап, сиықсыз болып кететін. Маған ренішін білдіре алмайды. Сағат сайын балконға шығып бұрқыратып темекі сорады. Жарылайын деп отыр. Сағат екі болды. «Шаршадың, сен де ойлан, мен де ойланайын» деп кетіп қалдым. Үйге келдім де жығылдым. Түнде, ұйқының алдында аударманың біраз нұсқасын жасадым. Таңертең, ерте тұрамын ғой, тағы біраз отырдым, санасам, нұсқаның саны онға жетіпті. Ертесіне таңертең 8 болмай келдім. Амантай да күн шықпай тұрады. Оныншы нұсқаны алдына тастадым. Оқыды. Басын көтеріп, жоғары қарап біраз отырды. Қайта оқыды. Сосын маған бұрылып: «Әбе, осы сіз орыс тілінің бүге-шігесін қайдан үйрендіңіз?..» деді. Айтты ма саған? Таза адам болса айтуы керек...

- Айтты, айтты! «Мен де соған таң қаламын» дедім оған.

- Мен кейде кітабымның орысша аудармасын оқып отырамын да, ырза болып, рахаттанып отырып, орнымнан атып тұрып, сол жердің қазақшасы қандай екен деп, түпнұсқаны қолыма алып қараймын. Қарап, көңілім орнына түседі...
Мен аудармашы Юрий Казаковты қатты сыйлаймын. Бірақ, соның өзін де редакциялайтынмын. Менде екі хаты сақтаулы. Біреуінде былай деп жазған: «Ты русский язык так хорошо, как я, не знаешь, поэтому взял меня переводчиком. Не трогай мои слова».
Герольд Бельгер «грамотей» еді. Кейде екеуміз келіспей қалсақ, ол грамматикаға жармасатын. Мен оған айтамын: «Сен грамматикаңды таста! Бұл – тіл ғой! Оны заңға байлағаныңды қой, ол ештеңеге бағынбайды». Бір жолы жеңдім оны. Бірақ, қиқар, қыңыр адам ғой, жеңілгенін ашық мойындамады...
Менде МГУ-дың (Мәскеу мемлекеттік университеті) орыс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған, кандидаттық диссертациясын да, докторлық диссертациясын да Иван Тургеневтің шығармашылығынан қорғаған адамның хаты бар. Фамилиясын ұмытып отырмын. Сол кісі менің Мәскеуде шыққан, Федор Достоевский, Иван Тургенев және Мұхтар Әуезов жайлы жасаған баяндамаларым бар кітабымды оқып, маған былай деп хат жазыпты: «Мен – тургеневтанушымын. Сіз Азияның өкілісіз, Тургеневті өзіңізше қабылдай отырып, оны танып-білуге өзіңізше жаңа үлес қосыпсыз».
Эрнест Хемингуэйдің «Килиманджаро қары» деген кітабын, менің пайымдауымша, ең мықты, әрине, «Шал мен теңізді» қоспағанда, дүниесі деп бағалаймын. Қалғандары онша емес. Сен өзің ол кітапты оқып па едің?


- Әрине!


- Соның «Өзеннің ар жағында, талдардың тасасында» деген поэтикалық атауы бар кітабын оқысаң – примитив, жұпыны, қарадүрсін. Бірде «Вашингтон пост» газетінің байсалды, көзілдірік киген, сақайған тілшісі менен сұхбат алды. Алдымен «біздің америкалық әдебиеттен хабарыңыз бар ма?» деп сұрады. «Әрине, бар» дедім. Біраз жазушының, олардың кітаптарының атын атадым. «Пікіріңіз?» деді. «Пікірім» дедім-дағы, Хемингуэй туралы жаңағы ойымды айттым. «Ол – біркелкі жазушы емес» деп жалғастырдым. «Менің білуімше, ол өмірде де, шығармашылықта да оригинальный, басқаларға ұқсамайтын, біртума тұлға болған адам ғой. Мен «Шал мен теңізді» бір емес, екі емес, қайта-қайта оқып тұрамын. Ал, «Килиманджаро қары» кітабын оқып, қалай үнемді жазуды, қалай тұспалдап жазуды, қалай ойды тұтас аяқтамай беруді үйренемін».
Мен «Соңғы парыздың» бас жағын сол Хемингуэйге еліктеп, бұлыңғыр, түгелдей айтылмау, бүгіп қалушылық тәсілге салып жаздым. Соның орысшасын кейінірек, осыдан үш-төрт жыл бұрын қолға қайта алып, аудармашы таба алмаған соң өзім, қалдыратын жерін қалдырып, қалдырмайтын жерін қысқартып, кәзіргі оқушы қауыммен есептесіп, оны өзіне салған жерден баурап, тартып әкететін етіп қайта жазып шықтым. Бұрынғы басылымда ой бүкпелеу, бұлыңғырлық, түгелдей айтпау, бүгіп қалушылықтың есебінен бірте-бірте, кейін ашылатын болса, мына кітапта бірден ашылады. Соны Стокгольмге, 1953 жылдан «Комсомолкада» жұмыс істеп, 1965-1973 жылдары оның бас редакторы болған, газетті елдегі «Литературная газетамен» қатар ең беделді басылым биігіне көтерген, 1991 жылы Кеңес Одағының соңғы Сыртқы істер министрі болған Борис Панкинге, Мәскеуге, профессор Лев Анастасьевке жібердім. Екеуінен де хат алдым. Олар менде сақтаулы. Анастасьев: «Егер мұны шынымен өзіңіз өңдесеңіз, сізді енді «орыстілді жазушы» деп атауға толық хақымыз бар екен...» деп жазыпты.
Оның үстіне бұрын орысшамды аудармашыларға көрсетіп алатын болсам, енді оңай болды, үйде мектепті орысша бітірген Әйгерімім бар (келіні – Ө.А.)...

 


Жазушылар үйі бар, жазушылар жоқ...


- Мен түнде кеше сіз берген «Соңғы парыздың» орысшасын, «И был день. И была ночь» деген дилогияның бірінші кітабын оқып шықтым. Бастап едім, қызығып кеттім-дағы, таң атқанда бір-ақ бітірдім.

- Оның екінші кітабы біріншісінен қызық. Оны Лев Александрович Анастасьев те айтты. Атақты сыншы. Шыңғыс Айтматовтың «Плаха» романын тас-талқан етіп сынаған адам... Мен өзім Шыңғысты үш повестің авторы деп санаймын: «Жәмилә», «Гүлсары» және «Ақ пароход». Романдарының тәуірі – «Ғасырдан да ұзақ жыл» («Буранный полустанок»).


- Талай мықты жазушымен араластыңыз ғой, солардың ішінде сізге өте бір ұнағаны кім болды?


- Башқұрт Мұстай Кәрім, шіркін, адам затының сұлтаны еді ғой! Дана, білімдар, елдің бәрі сыйлайтын. Расул Ғамзатов сәбидей кіршіксіз таза адам болатын. Аңқылдап жүретін, жалпылдап тұратын.
Мәскеуге жиі баратынмын. Жазушылар Одағының ғимаратына Александр Фадеев кіріп келе жатады, Константин Симонов, Паустовский, Корней Чуковский, Агния Барто, Леонид Леонов, Самуил Маршак, Николай Тихонов кіріп келе жатады... Ойхой, шіркін, заман-ай!..


- Сол алыптар да қам сүт емген пенде ғой, қандай кемшіліктерін байқадыңыз?


- Жазушылардың ішінде соғыс кезінде де, соғыстан кейін де ең байы Константин Симонов болған ғой. Бір рет «Известия» баспасында қаламақы алдық. Алдымдағылардың бәрі санамай алып кетіп жатыр, тек санағаны К.Симонов қана болды. Оған бір еврей жазушы: «Константин Михайлович, басқа-басқа бұлар сізді алдамайды ғой» деп еді, Симонов сұстанып: «Санағанда тұрған не бар екен? Бұл менің еңбегімнің ақысы!» деді.
Былтыр Бекет Тұрғараев екеуміз Мәскеуге бардық. Шығармашылық үйінен түскі ас іштік. Жөндеп жатыр екен, жұмысшылар жүр. Ақын-жазушылар жүр, мен танымаймын, тек шырамытамын, жұмысшылардан ажырата алмайсың...
Лондонға бардық. Елші бар, оның бір-екі қызметкері бар, бәріміз Жазушылар үйіне бас сұқтық. Баяғы біз таң қалған жазушылар одағы Лондонда екен. Оларда «жазушылар күні» бәрінің басы қосылады екен. Күнібойы әңгіме-дүкен құратын көрінеді. Көрмеге, тойға жиылғандай сәнді, салтанатты киінген жазушылар. Бізде Жазушылар үйі бар, жазушылар жоқ...


- Сізді нағыз «көпті көрген адамның» үлгісі десе болады. Бармаған еліңіз, араласпаған атақты тұлғаларыңыз аз. Оның үстіне жазушысыз. Солардың қайсысы және несімен ерекше әсер етіп, есіңізде қалып қойды?


- Біз Бекет Тұрғараев екеуміз Европаны аралаған сапарымызда Францияға, Парижге бардық. Францияның көп жыл президенті болған генерал Шарль де Голльдің бейітіне барып, гүл шоғын қойып қайтқымыз келді. Сөйтсек, ол Парижде емес, өзінің туған жері, Коломбэ қаласының қасындағы деревнядағы шағын мазарда жерленген екен. Мазарды аралап жүрміз. Бұндай әйгілі адамның бейіті ерекше шығар деп ойлағанбыз ғой. Жоқ, басқалармен бірдей. Тек сәл кеңдеу, үлкендеу. Оның себебі, Анна есімді қызы іштен ауру болып туып, көп ұзамай қайтыс болған екен. Генерал өзінің өсиетінде қайтыс болған соң қызының қабырын ашып, сүйегін соның қасына қоюды тапсырыпты. Әйелінің де қабыры жанында. Міне, қарапайымдылық!


- Иә, елінің тарихында Жанна дАрктен кейін «Францияның Ұлтттық Батыры» деген арнайы атаққа ие болған жалғыз адам...
Қаншама байсалды, салмақты әңгіме айттыңыз. Енді, семіз етті жақсы қорыту үшін қымыз ішетініміз секілді, өзіңіз куә болған қызықты бір жағдайды да еске ала кетіңізші.

 


- 1972 жылы Барселонадағы испантілді елдер арасындағы ең ірі жекеменшік баспаның қожайыны, есімі Лара еді, көп елде баспаханалары, дүкендері бар шалдау адам маған қонаққа келді. Дәл сол күндері Қордайда өтіп жатқан Кенен Әзірбаевтың 90-жылдық тойына шақырған мені, кемпірі екеуін соған алып бардым. Тоқсан киіз үй тігілген екен. Бізді Ғабит Мүсірепов отырған үйге кіргізді. Баспагерім кемпірі екеуі де диетада екен. Ал, мұнда тамақ ас та төк. Тамақ әкелгенде Лара шығып кетті-дағы, екі бутерброд пен бір бөтелке кефир алып кірді. Соны ғана жеді...
Кейін оларды Көктөбеге апарып күттім. Дастарханды Сауда министрінің орынбасары жасаған. Онда да ауыз тимеді...
Үйде күттім. Аудармашы Синявская Мәскеуден келген, Жазушылар Одағының жанындағы Шетелдік елдермен байланыс мекемесінде істейтін. Соған айттым: «Мына тағамның бәрі – диеталық тағам». Қалай дайындалғанын айттым. Духовкада пісірілген дедім. Синявская соның бәрін қонақтарыма аударып берді. Сонда Лара не істеді де? Алдындағы табақтағы еттен титтей ғана кесіп алып, аузына салды. Кемпіріне бірнәрсе деді-дағы, енді үлкендеу етіп кесіп алды. Тағы да бір сөз айтты. Сосын тұтас бір кесек етті алды. Кемпірінің ыдысына да сондай біреуін салды. Кейін: «Мәскеуде Георгий Марковтың үйіне соқтым. Оған Кеңес Одағындағы ең жақсы кухня қазақтарда екен деп айттым» деп хат жазыпты... (Әбең үндемей біраз отырды. Әлден соң сөзді өзі қайта сабақтады).
Мен жақында «Егемен Қазақстанда» «Туған анаңдай, қайран, туған жер!» деген эссе жаздым. Оқыдың ба?


- Әрине! Сізге келерде қалай мен ондай дүниені оқымай келемін?.. Оның үстіне газеттің электрондық нұсқасына жазылғанмын.


- Қалай, ұнады ма? Тек шыныңды айт!


- Ұнағанда қандай! Ондай ағынан жарылған өнегелі дүниені, әсіресе, үлкендер тарапынан оқымағаныма көп болып еді.


- Мен сондай эссені 1960 жылы Тахауи Ақтановты Аралға апарып, Балық шаруашылығы мемлекеттік комитетінің Іс басқармасының қызыл ағашпен қапталған катерімен 16 балық колхозын бір ай бойы аралап, сол сапар нәтижесінде «Туған жер» деген эссе жазған болатынмын. Оны оқып, бірінші қоңырау соққан айналайын Әбіш болып еді. Оқуды енді бітіріп, «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген кезі. Мені кілең «Шал» дейтін. «Әй, Шал, «эссе» деген жаңа стиль тауыпсың ғой, құтты болсын! Соны айтайын деп едім» деді.
Ол эссе жайлы «Дружба народов» журналы біліп, бас редактордың 1-орынбасары Леонид Тер-Акопян Г.Бельгерге жолма-жол аудармасын жасатып алған екен, маған қоңырау шалды: «Край родной» келіңкіремейді, бұған элегиялық тақырып тауып қою керек!» «Қолымнан келмейді» дедім. Сөйтсем, өздері мәтіннің ішінен бір сөзді тауып алып қойыпты: «Песня, которую я не спеть не могу!»
«Жебірлер төбесі»

 

- Тағы да сондай қоғамды дүр сілкіндіріп, жүректі дір еткізетін, жариялауға дайындап жүрген дүниелеріңіз бар ма?

 


- Бар. Олар үшеу. Біріншісі: «Имантай. Имаш».


- Иманғали Тасмағанбетов жайлы ма?


-Иә. 40 бет болды. Көрсеттім ғой саған?


- Жоқ, көрсеткен жоқсыз.


- Өзі соған мәз болып, тағы материал берем деді. Бірақ, бір ғана материал берді. Оны 1999 жылы Атырауға әкім етіп жіберді ғой, білесің. Батпаққа батып жатқан қаланы сегіз айда «конфетка» етті ғой! Алдымен екі ай бойы қаланы қоқыстан тазартумен болды. Үш мыңнан астам жұмысшы, қызметкерді жұмылдырды. Сосын қазақ драма театрын жаңадан салды, орыс драма театрын жөндеп берді. Қазаққа мешітті де жаңадан салды, орыстың құлайын деп тұрған шіркеуіне күрделі жөндеу жасатты. Филармонияны Өнер институтына айналдырды, үлкен көпір салды.
Әкім болып барғанына сегіз ай болғанда, Махамбеттің 200 жылдық тойын өткізді. Жаңарған қаланы көріп, менің одан алған алғашқы әсерім: «Европадағы Люксембург, Монако секілді қалаларға ұқсаған, шағын, тап-таза, әп-әдемі, адам тұрғысы, өмір сүргісі келетін әсем шаһар болыпты да қойыпты ғой» деген ой болды. Одан да керемет етер ме еді, бір жылдан кейін қайтадан үкіметке алып кетті ғой.
Мен Мәскеуге бір жолым түскенде, сол кездегі біздің елшіміз Нұртай Әбіқаевтан «Иманғали жұмыста қандай адам?» деп сұрадым. Нұртай аз сөзді адам ғой, екі-ақ сөз айтты: «Он – взрывной!» Дәл тауып айтты!.. Біраздан соң тағы сұрақ қойдым: «Иманғали екеуің көп жыл бойы Президенттің қасында жұмыс істеп келесіңдер. Бір-біріңді өте жақсы білесіңдер, осы Иманғали қандай адам өзі?» Нұртай: «Иманғали – жау жоқ жерде өзіне жау тауып алып жүретін адам» деп, ашаң жүзіне сәл қан жүгіріп, күлімсіреп жауап берді. Мен де күліп жібердім. Себебі, екеуміздің ол туралы пікіріміз бір жерден шықты.


- Екіншісі кім?


- Екіншісі: Жұмабек Тәшенов. Бұл адамнен мен мақтау сөзімді аямаймын. Жұмекең Қазақ КСР-інің солтүстігіндегі 5 облысты Ресей Федерациясына беру туралы мәселеде КСРО-ның сол кездегі басшысы Никита Хрущевке ашық қарсы шыққан батыр адам. Айтқанына көндіре алмай, ашуға булыққан әпербақан, ұрдажық Хрущев, не істерге амал таппай, ақырында Жұмекеңді сыбап, балағаттауға дейін барады. Сонда Жұмекең: «Мені де боқтауға көшуге мәжбүр етпеңіз! Қоймасаңыз мен де бұл «өнердің» неше атасын білемін!» деп тоқтатқан. Сондай адамды Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінен Шымкентке, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп 15 жыл бойы отырғызып қою, 60-қа жасы толған күні зейнетке шығарып жіберу деген...


- Үшіншісі кім?


-Үшіншісі: Әуезов. Жазылып, дайын тұр деуге болады. Әуезов жөнінде, Әуезовтің бізге, Тахауи Ақтанов, Зейнолла Қабдолов және мен үшеумізге 1961 жылы мамыр айының басында, ол кісіге ауруханаға барғанымызда ұрысқаны жайлы. Аурухана ауласында, ақ тақтайдан жасалған, сырланбаған, арқасы бар орындықта бір өзі төмен қарап, ойға шомып отыр екен. Басында велюр шляпа, үстінде сұр макинтош. Біз қасына келгенде барып басын көтерді. «Келіңдер» деп, қасынан орын берді. Соның алдында «Литературная газетада» мақаласы шыққан болатын. Тахауи мен Зейнолла екеуі мақаланы мақтап сөйледі. Мен үндемей отырмын. Себебі, мен әрқашан Мұхаңның алдында желегі түспеген жас келіншектей қымсынып, қысылатынмын да, шамам келсе жақын отырмауға тырысатынмын. Бір кезде Мұхаң маған қалпағының астынан, көзінің қиығын тастады. Мен сәл алға ұмсынып, «Мұха, мен де оқыдым, маған әсіресе бір-екі сөйлем қатты ұнады» дедім. Жақтырмады... «Ол қандай сөйлем?!» «Қазақстанмен іргелес жатқан ресейлік Орынбар, Астрахань, Волгоград, Саратов, Куйбышев облыстарында ия замануаи қазақ мәдениетіне, ия орыс мәдениетіне тартылмаған, мал бағатын, егін егетін миллионға жуық қазақ тұрып жатыр» деген сөйлем, Мұха». «Пәлі, соны да тауып айттым деп тұрсың ба? Ол не ол, ол әуеге атылған бір оқ қана, зу етті де кетті. Халық – тобыр, алдындағысын тартып алып жатса жармасып, таласа алмайды. Көкірегіндегісін айта алмайды! Оның бәрін істейтін менің ұрпағым – базардан қайтып келе жатқан ұрпақ. Енді істейтін мына жас ұрпақ, сендерсіңдер! Сендер өкпешілсіңдер. Халық жайына келгенде басшылар қанша жерден тыңдамаса да оларға өкпелемеу керек, айта беру керек, айта беру керек! Жаза беру керек! Көктемде қар ерігенде, жерде көк тас жатса, төбеден тамған тамшы тасты да тесіп өтпей ме? Сол тамшыдай тынбай, ерінбей жұмыс істеу керек!»
Мен соны жаздым... Енді біраз сыным бар, соны жазам. Европаны Европа еткен оның ақылды корольдары. Европадан тараған экспедициялар әлемнің түкпір-түпіріне дейін жол тартып, небір жаңа жерлерді ашып жатты ғой. Корольдар солармен бірге жақсы жазушыларды арнайы тапсырмамен жан-жаққа жіберіп жатты. Олар әлгі жиһанкездер, теңізшілер тапқан байлықтан он есе, жүз есе бай шығармалар жазып, соны артына мұра етіп қалдырып кетті. Даниел Дефо «Робинзон Крузоны» жазды. Стивенсонның «Қазына аралы». «Гулливер лиллипуттар елінде». Бір Киплингтің өзінің жазғаны неге тұрады? Шекспир ше?! Басқа көптеген майда дүниені есептемегенде. Ағылшындар тек отарлаумен шектеліп қалған жоқ, олар өнеркәсіптік революцияны өмірге әкелді. Небір зауыт, фабрикалар салды. Қойдың ерекше асыл тұқымды түрлерін жасап шығарды. Сол уақытта небір ұлы романдар туды. Ағылшындар осылайша алтыннан да ардақты, рухани байлық құрады, соның арқасында өздерін өздері ұлы ұлт етіп құрай алды. Ұлы державаға айналды.
Өздерінің Құдай емес екенін білетін ақылды корольдар қасындағы қызылды-жасылды шапан киген нөкерлерінің балдай тәтті сөзінен жеріп, мезі болған кезде сайқымазақтар институтын ойлап тапты. Король қателессе де нөкерлері құптайтынын көретін олар ыржалақтап күліп жүріп, корольдың барлық кемшілігін бетіне айтатын. Біз үлгі тұтқан Абылай хан да көзінің еті өсіп, шектен шығып бара жатқан кездерде оны қатты сыйлайтын, бірақ, халқын да ұмытпайтын Бұқар жырау:
«Ай, Абылай, Абылай!
Мен сені алғаш көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің.
Түркістанда жүр едің.
Үйсін Төле бидің,
Түйесін баққан құл едің!» деп, сабасына түсіріп отыратын. Біздегі биліктің бір пұшпағы – Парламентте ақтөбелік философ, ғалым Амангелді Айталыны ұстап отыруға болар еді ғой. Ол сол жерде халықтың көзі де, тілі де болып отырар еді.
Содан кейін, сонау бір заманда, Қызылордада, екі ауданды басқарған, Социалистік Еңбек Ері атанған, сол елде обком хатшысы болып қызмет істеген, апырай, мені қатты қайран қалдырған Исатай Әбдікәрімов деген азамат болып еді-ау. Мен сол азаматты есіме алғанда, ойыма Аралдың бөгеті оралғаны. Біз осы қанша зауыт, фабрика саламыз, оларды сән-салтанатпен ашамыз, жер-жаһанға жария етеміз, соның бәрінің басы бар-дағы аяғы жоқ болып шығады. Аралдың бөгеті де солардың жолын құшты. Ол жайлы мен кешегі «Туған анаңдай, қайран, туған жерде» де ептеп жаздым. Бөгетке бөлінген ақшаны да, Арал қаласындағы біздің заманымыздың бай-бағландары баурына басқан төбені қарапайым халық «жебірлер төбесі» деп атап кетіпті, Арал ауданы мен Қызылорда облысының жемқорлары жеп қойды.


-Ойпырмай, атауын қалай дәл тауып қойған десеңізші! Ондай төбе еліміздегі қаланың бәрінде бар ғой, тіпті, біреу емес, бірнешеуі бар...


-Бұрын Аралдағы үйлердің қабырғасына соғып жататын теңіз, кәзір қаладан ондаған шақырымға қашып кеткен. Аралдың құмы қандай еді, төгіп қойған құмшекердей еді. Суы қандай еді, көздің жасындай мөп-мөлдір, тұнық, шыныдай еді. Мен бұны да жазамын...
Менің туған жерім Беларанда ақ жал толқындары жардың тасына соғылып, арсылдап, гүрсілдеп жататын терең теңіздің орнында аппақ сор жатыр. Лев Толстойдың өмірінің соңына таман ІІ-Николай патшаға ренжіп жазған, «Брат мой!» деп басталатын хаты бар. «Не могу молчать!» деп аталады хат. Қалай жазбайсың...


- Маған енді батаңызды беріңіз, еліме қайтайын.


- Ең алдымен, зерттейтін адамыңа адал бол! Екінші, өз ісіңе адал бол!


- Аумин! Аман болыңыз! Осы қайратыңыз қайтпаған күйде жүзге жетіңіз!

 


Сұхбаттасқан: Өмірзақ Ақжігіт,

"Оңтүстік Қазақстан", №105-106, 2020 жылдың 5 қыркүйегі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста