Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ
Тоғызқұмалақ – өткен ғасырда кеңінен тараған ойын. Әлемдік мәдениеттің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын ұлттық ойындардың бірі. Тоғызқұмалақ ойынының есебі ерекше, өзіне ұқсас ойындарға қарағанда анағұрлым күрделірек. Мұнда арифметика, алгебраның элементтері бар.
Тарихи деректерге сүйенсек, тоғызқұмалақ туралы ең көне жазбалар Шығыс Қазақстан облысынан табылған. Алтай Республикасы тоғызқұмалақты «тогуз коргоол» деп біркелкі атай келіп, көне ата-бабаларымыздың ұлттық ойындары ретінде дәріптеп, ресми жарыстар жүргізіп келеді. Тоғызқұмалақ – Алтай тауларынан кейін Тарбағатайдан – Сауырға, одан Сарыарқа мен Жетісуға бүкіл қазақ еліне таралған-мыс.
Бұл ойын адамның ойлау, талдау қабілетін дамытатын есепке құрылған. Ол екі адам арасында ойналады. Ойнау тақтасы – 2 қазан мен 18 отаудағы 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан және тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін – қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.
Отау аттары бәйгеде ат шабысы немесе жан жарыстағы бәсеке, сондықтан да қойылған атаулар тұздықтардың ойындағы қызметіне байланысты болады.
Отаулардың: 1– арт-соңғысы; 2 – тектұрмас; 3 – ат өтпес; 4 – атсыратар; 5 – бел-тақта ортасы; 6 – белбасар; 7–қандықақпан; 8 – мойын; 9 – маңдай деген атаулары болған. Бұл ойынды қай отаудан бастайтынын білдірген. Қазіргі кезде арнайы жасалған ойын тақтасының бірнеше үлгісі (дөңгелек, сопақша, т.б.) кездеседі.
Жүрістер ойыншылар тарапынан кезектесіп жүргізіледі. Алғашқы кезеңде кімнің жүріс жасайтыны жеребемен немесе қарсыластар келісімімен анықталады.
Музей қорынан фотосуреттер: Абайдың ұрпағы Әрхам Ысқақовтың 1950 жылы республикалық спорт жарысындағы сәті.
Абай атамыз тоғызқұмалақ ойынын құмартып ойнаған. Тобықты ішіндегі Көтібақ руынан шыққан Көрпебай Боранбайұлы ауқатты адам болған. Көрпебай тоғызқұмалақтың ойын тақтасын қанжығасына байлап алып, ел аралап қонақтап жүріп ойнайтын болған. Бұл туралы Н.Алдажаровтың «Абай ауылында» атты естелігінде айтылады:
«Бірнеше күн Шыңғыстағы елді аралап, Ши бойындағы өз ауылына келе жатып, өзінің қой бағып жүрген қойшысына кездеседі. Ауылдың амандығын білген соң қойшысына:
– Ауыл аман болса, мен Абай ауылы жаққа кеттім, – депті де, бұрылып Жидебайдағы Абай ауылына беттепті. Жидебайға келсе, сыртта бес-алты ат байлаулы тұрса керек. Көрпебайдың іздегені – осындай жиын. Бұған мән бермейді, себебі бұл ауылдан әрдайым қонақ үзілмейді. Бұл жай оған мәлім.
Үйге сәлем беріп кіріп келсе, Көкбай, Ермағамбет тағы бірнеше адам шай ішіп отыр екен, жасы үлкен Көрпебайға төрден орын береді. Амандықтан кейін жүріс жайын сұрағанда, Көрпебай өз қойшысына жолығып, ауыл амандығын білгеннен кейін, осылай қарай бұрылып кеткенін айтады.
Суретте: Абай мұражайының қорында сақталған тоғызқұмалақ. Сақталуы толық, тіркелу нөмірі – КППМ-3555.
Сөз аңдып отырған Ермағамбет:
– Абай аға, ақсақал өз ауылының амандығын білгеннен кейін осы ауылдың амандығын білейін деп келген екен ғой, – дегенде, үйдегілер ду күлісті.
Абай жымиып күлді де, аналарға:
– Көрпекең тоғызқұмалақты жақсы ойнайды, осы ауылда қонақ бар шығар, солармен ойнайын деп келді. Қанжығасында тоғызқұмалақтың ойын тақтасы да байлаулы шығар, – дегенде, Көрпебай:
– Ол рас, барған жерде бұл ойынның жабдығы кездесе бермейді, – деді. Осы кезде Абай бар денесімен бұрылып, Еркежанға:
– Шайды жинат, бұлардың сайысын көрелік, – деді.
– Қайнаға да келді, мен тамақ астырайын, – деп Еркежан шығып кетті. Көрпебайдың қанжығасындағы ойын тақтасы да әкелінді. Абай үйінде де тоғызқұмалақтың жабдықтары сай екен, қонақтар екіге бөлініп, ойынға кірісіп кетті. Абай төреші ретінде бақылап отырса керек. Шу дегеннен Көрпебай өзінің қарсыласы Ермағамбетті жаушы-жаужалаға келтірмей ұтысқа ие болды. Бұлар ойынды жалғастырып еді, Көрпебай есе бермей, ұта берді. Көкбай бастаған екінші топпен ойнағанда да, Көрпебай оларды да ұтты. Осы үйдегі сайыста Көрпебай өзінің тоғызқұмалақ ойынының асқан шебер ойыншысы екенін көрсетті.
Абай Ермағамбет пен Көкбайға қарап:
– Ақсақал біздің ауылдың амандығын жақсы білдірді емес пе? Одан да сендер осы Тобықтыда тоғызқұмалақтан Көрпебайды ұтатын ойыншы тауып әкеп, ойнататын болыңдар, – деп Көкбай мен Ермағамбетке тапсырды. Өнер иесін жақсы бағалайтын Абай Көрпебайға құрмет көрсетті».
Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынын Әрхам атамыздың ойнағаны туралы ұрпағы Мінәш Әрхамқызы: «Әкем Әрхам да 4 жасынан Абай атамның немересі есебінде, Абайдың өнегелі өсиетін тыңдап, Абай айналасына жиналған өнер саңлақтары, шешен, әнші, күйші, сүйек-өрнекші, скрипкашы, ақын, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматшы еді. Дойбы, тоғызқұмалық шебері болған әкем 1950 жылы республикалық спорт жарысында 19 облыстан келген майталмандармен тоғызқұмалақтан жарысқа түсіп чемпион атағын алды» деп айтады өз естелігінде.
Абайдың мемлекеттік қорық музейінде 2016 жылдың 20 қаңтарында «Абай» өнер мектебі ашылып онда ақындық өнер, мәнерлеп оқу және Абай құмартып ойнаған тоғызқұмалақ үйірмелері ашылған болатын.
Қазіргі таңда тоғызқұмалақ үйірмесіне өз қызығушылығын танытқан жас талапкерлер тәлім алуда. Тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысушылар Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы атынан жарыстарға қатысып, жеңімпаз атануда. Абай музейі Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ үйірмесінің жұмысын жандандыра бермек.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында, өздері қызықтаған алуан түрлі ойын өнері бар ғой. Менің түсінуімше, ойын деген көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағынасы болған», деп тегін айтпаса керек. Міне, ерте заманнан келе жатқан, терең ойды талап ететін, халық даналығы қалдырған, тоғызқұмалақ ойынының тарихы – осындай.
Тоғызқұмалақ ойыны ұмыт болмай, қайта жаңғырып, болашақ жас ұрпаққа тәлім болатын ұлттық тәрбие көзіне айналса деген ойдамыз.
Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері