Алдымен қоқандықтарды ығыстырып, мылтығын шошаңдатып, дүңкілдеген зеңбірегін сүйретіп, орыс әскері Әулиеата даласына келді. «Келді» деп айту ақ патша әскерінің әлеуетін төмендету болар, олар көшпенділердің сауытты бұзар сайгез садағынан әлденеше есе күшті де, қаһарлы отты қорғасын атқан қаруының қуатымен Әулиеата жерін отарлап, толығымен басып алды. Бұл отарлау саясатын 1864 жылдың 4 маусымында жүзеге асырды. От құшағына оранған, қабырғалары қираған қаланың ішінде де, сыртында да жақынын жоқтап зарлаған дауыстар кең даланы күңірентіп жібергендей болды. Бөтеннің аяғы қазақ даласының жусанын тағы да жапырды. Алатау мен Қаратаудың түйіскен жерін мекен еткен қазақ халқы зар жылады, даланың аңы мен құсы ауды.
Шығысы Балқаш көлінің жағасы мен батысы Ақмешіттің аржақ-бержағы, солтүстігі Бетпақдалаға дейінгі аралықтағы қазақтарды елу бес жыл алым-салығымен ноқталап ұстаған қоқандықтар орыстарға қауқар көрсете алмады. Бұған дейін Алматыда (Верныйда–авт.) бекініс орнатып, әбден нығайып, күшейіп, қатарларына патшалық Ресейді қолдаған қазақтардан жасақталған милицияны қосып алған орыс әскері 1864 жылдың алғашқы айларынан бастап қазақ даласының оңтүстігін және қырғыз жерінің солтүстігін отарлап алу ниеттерін жүзеге асыруға белсенді түрде кірісті.
Орыс әскерлері бірінші мамырда Верный бекінісінен Әулиеатаны бетке алып шыққанға дейін өлке туралы жан-жақты мәліметтер жинастырды. Жинастырған мәліметтері туралы тиісті мекемелерге, яғни, орталыққа тұрақты түрде хабарлар жолдап отырды.
Өзбекстанның Орталық мұрағатында Түркістан өлкесін орыстардың жаулап алуынан толық мағлұмат беретін «Полковник Н.Г.Серебренниковтың қоры» деп аталатын аса құнды тарихи құжаттар мен Ташкенттен шыққан «Туркестанский край. Сборник материалов для история завоевания Туркестанского края» деп аталатын жинақтан осы мәліметтерге қанық болуға болады.
Орыс офицерлері тұрақты түрде естігені мен көргенін, білгені мен сезгенін жоғарыға хабарлауды бір сәт те тоқтатпады. Мәселен А. Дюгамельдің Сібір корпусының командирі – әскери министрге 12 ақпанда жолдаған ақпарында Шу аңғарындағы көшпелілерді Қоқан хандығы жағына тарту үшін Әулиеатаға жаңадан Ташкент билеушісі болып тағайындалған парваншы Қойшының келгені, оның Россияға қарсы үгіт-насихат жүргізіп, үндеулер таратқаны айтылған. Сонымен бірге ол Шу аңғарында көшіп жүрген қырғыздардың Қоқан қыпшақтарымен бірлесіп, орыстарға қарсы күреске үгіттеп жүргені жөнінде де ақпарат жөнелткен. Ал осы жылдың 24 ақпанында генерал Колпаковскийдің Алатау округі бастығы – Сібір әскери корпусының командиріне жолдаған хатында Шу аңғарында көшіп жүрген қырғыздар (қазақтар – авт.) мен қара қырғыздардың арасындағы өшпенділікті және жақында дулаттардың малын қырғыздардың барымталап айдап кеткенін жазған. Сондай-ақ өзінің талап етуі бойынша қара қырғыздардың тұтқынынан прапорщик Сұраншы Хакімбеков (Сұраншы Ақымбекұлын хатта осылай жазған –авт.) пен оның бауыры Андас биді босатып алғанын, олардың генералға көктем шығысымен туған жерді тастап, Таласқа көшетіндерін жеткізгенін де айтқан. Кезінде, нақтырақ айтқанда, 1850 жылдары жақындап қалған орыс отаршылдарынан ығысқан, Алатаудың шығыс бөктерін, Іленің сол жағалауы мен Қаскелең, Шарын өзендерінің жағалауын мекендеген қазақтар қоқандықтарға қарай жақындап көшкені белгілі. Сол кезде қырғыз манаптары орыс патшасы Николай І-ге жолдаған хаттарында кезінде Кенесары ханның әскерін қиратып, ханның басын алғандарын алға тартып, сол жерлерге өздерінің түпкілікті ие болғысы келетіндерін, қазір бос қалған өңірге қырғыздардың қоныстанып алғанын жазған. Осы кезде Сұраншы батыр қырғыздардың ниетінің жүзеге асуына қарсы тұрды. Енді, міне Колпаковскийдің хатындағы дерекке сенсек, Сұраншы батыр бастаған дулат тайпалары туған жерлерін тастап, Таласқа қарай көшпек болған.
Ал генерал А. Дюгамель 4 мамырда қоқандықтардың Әулиеатадағы әскери күші туралы толық мағлұмат жіберген. Бір сөзбен айтқанда, қоқандықтардың әрбір іс-әрекеті назарда болған. Ташкенттен Әулиеатаға қосымша күш ретінде 400 ләшкер жіберілгенін, бекіністе 4 зеңбірек, 5 ірі шойын оқ атқыш барлығын, ешқандай қорғаныс жұмысы жүргізілмей жатқанын, олардың азық-түлігі тапшы екені, киімі ала-құлалығын, қоқандықтар қанша тәртіп орнатамын дегенімен бекіністе анархияның орын алғаны жөнінде де мәліметтер жіберген.
Орыс әскері қоқандықтардың сыртқы саясатынан да жақсы хабардар болған. Орыстардың Әулиеатаға бет алғандығы жөнінде хабар алысымен қоқандықтар бұрын достық қарым-қатынастан гөрі өшпенділіктері басым Бұқар әмірінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұқарлықтар «егер өздерің паналап отырған Қоқанның бұрынғы ханы Құдиярды қайта таққа отырғызсаңдар көмек қолын созамыз» деген шарт қояды. (Орайы келгенде айта кетейік, Құдияр билік басына бес рет келіп, бес рет кеткен. Хандық құрған салтанатының соңында орыстарды паналап, бодан болған – авт.). Алайда Қоқан хандығының құрамындағы аса ықпалды қыпшақ партиясы олардың бұл шартымен келіспейді. Осыны пайдаланып, Бұқар әмірі Қоқан хандығына шабуылға шығып, қоқандықтардың арасында алауыздық өршиді. Түркістан бегі жаңа ханды мойындамай сарттардың жағына шығады. (Сарт–ХҮ-ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Орта Азияны мекендеген халықтың атауы. Сарттар тәжіктерге ұқсас. Бірақ «сарт тілі» аталатын түркі тілінің ерекше диалектісінде сөйлейді. Ф.А. Брокгауз бен И.А.Ефронның энциклопедиялық сөздігі). Оқырмандарға түсінікті болуы үшін мына жағдайды да айта кетейік. Қоқан хандығында қазақ тайпалары басым болған. Оның басым көпшілігі қыпшақтар екені тарихтан белгілі. Сондықтан да патшалық Ресейдің қазақ жеріндегі әскери корпустарының басшылары қоқандықтарды «қыпшақтар» дегеннен жаңылыспаған. Ол орынды да. Қазақ өкілдері биліктің барлық саласында қызмет еткен. Қоқан хандығының бас қолбасшысы және бірінші министрі Мұсылманқұл қыпшақ еді. Оны Құдияр хан таққа қайта келгеннен кейін дарға асқан. Жалпы, Құдияр беделді қазақтармен құдандалы болған. Бір сөзбен айтқанда, орыстар қазақтың оңтүстігін басып алу қарсаңында Қоқан хандығындағы қыпшақтар мен сарттар арасында бақталастық, күндестік, қызғаныш өршіп тұрды. Сондықтан да бұл жағдайды орыс әскерлері бір жылда, нақтырақ айтқанда маусым мен қыркүйек айларында Түркістан, Әулиеата мен Шымкентті жаулап алу жорығында тиімді пайдалана білді.
Сонымен, бірінші мамырда Верныйдан шыққан полковник Черняев басқарған орыс әскери корпусы Әулиеатаға жақындай түсті. Тоқмаққа аялдап, Меркіні бетке алғанда орыс әскерлері жан-жағын қымтап, баяу алға жылжыды. Алайда ешқандай қарсылық, қақтығыс болмаған көрінеді. Оның өзіндік себебі де бар еді. Бұған дейін орыс барлаушылары Қазақстанның оңтүстік өңірін бір емес, бірнеше рет сүзіп өткен. Тіпті, шағын әскери топпен елді аралап, өздеріне жақтастарды да іздестірген. Қырғыз манаптарымен, қазақ батырлары, билерімен пікірлесіп, сый-сияпат үлестірген. Қазақ даласының оңтүстігіндегі Қоқан хандығына бағынышты аймақтарды жаулап алушы әскери корпустың қолбасшысы болып тағайындалған орыс армиясы бас штабының полковнигі Михаил Черняев Созақ, Шолаққорған өңірлерін аралап, сол кезде Бешті-Тамғалы өңірінің биі, датқа Шоқаймен тіл табысқан еді. 1860 жылы Ұзынағашта қоқандықтар мен орыстардың арасында болған шайқасқа Байзақ, Батырбек, Күнімжан датқалар белсене қатысса, Шоқайдың амалсыздан барғаны да сөз болған. Шоқай орыс әскерлері Әулиеатаға жақындап қалғанда Черняевке хат жолдап, өзінің қарамағындағы халық түгелімен Ресейге бодан болуға пейіл екендігі жөнінде хабарлаған. Алдын ала барлау, бағдарлау жұмыстарын өзге орыс офицерлері де жүргізген. Тіпті осы жорықтан екі жыл бұрын полковник М. Герасимов бастаған шағын топ Меркіге дейінгі қазақ жерін аралап, барлап үлгерген. Сол сияқты старшина Бутаков Әулиеатаға барар жолдағы қырғыз манаптарымен тілдесіп, тіпті Ресейге бодан болуға анттарын қабылдап қайтқан. Орыстар қырғыз бен қазақ арасындағы дау-дамайды, барымтаны да өз пайдаларына шешіп отырған. Генерал-майор Кройепус Черняевтің мәліметін толықтыра отырып, жоғарыға жолдаған ақпарында осы мәселені жетесіне жеткізе әңгімелейді. Сонымен бірге ол тұрғылықты халықты орыс жағына шығаруға штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов пен Алатау округі бастығының көмекшісі, поручик Мединскийдің көп еңбек еткенін де хабарлауды ұмытпапты. Орыстар Әулиеатаны жаулап аларда оның сыртқы қарым-қатынасын, қаланың ішкі қорғанының жағдайын, тұрғылықты халықтың құрамын жақсы білген. Оған дәлел Сібір корпусының командирі, генерал-майор А. Кройепустың Ресей үкіметінің вице-канцлеріне 1864 жылдың 7 наурызында жолдаған ақпары. Бұл мәлімет сол кезде Әулиеатаны жаулап алушыларға аса пайдалы болса, бүгінгі күні тарихшылар мен өлкетанушылар үшін құнды дерек көзі. Ақпарда Әулиеата қаласының ішкі қорғаны (цитаделі – авт.) 170х50,70х275 көлемінде тік төрт бұрышты екенін айта келіп, қорғанның ішкі сызбаларын суреттейді. Қорғанда ұзын бес көше мен оны қиып жатқан тар бес көшедегі 517 үйде жайма дүкен барын, 66 үйде дүкеннің жоқтығын хабарлайды. Қорғанның ішінде бір шойын құятын зауыт, 8 ұстахана, керуен сарай және үш мешіт бар екен. Сонымен бірге ол қорғанға іргелес орналасқан қаланың құрылысын да айтуды міндеті санапты. Онда төрт түзу көшеде 250 үй, 5 мешіт, 22 жайма дүкен, шойын құятын зауыт, 15 тері илейтін, 2 сабын қайнататын, 2 шам жасайтын кәсіпорын болған екен. Сонымен бірге 3 керуен сарайы мен 2 монша күні-түні ашық екендігін де жеткізген. Бір қызығы, қорғанда үш шымырдың үйі бар екенін қадап айтыпты. Шымырлардың қалада тұратындығына неге ерекше мән бергені бізге бұл күнде түсініксіз. Тағы бір ақпар беруші Әулиеатада қоқандықтардың тереңдігі 9 сажын болатын шөлмек іспеттес зынданы бар екенін де жеткізген. Орайы келгенде айта кетейік, Қоқан хандығы тұсында қамалдарда негізінен сарттар тұрған. Ал жергілікті халық қала сыртын мекен еткен.
Бір сөзбен айтқанда, Черняевтің әскері еш қиындықсыз Әулиеатаны басып алуға жағдай жасалып қойылған еді. Осындай ақпарларды саралап, Тоқмақтан шыққан әскер 8 күннен кейін – 22 мамырда Меркіге жетті. Қоқандықтар алды-артына қарамай тырағайлап қашты. Орыс офицерлерінің жазуынша, Меркі бекінісі қирап, онда аурулар мен өліктер ғана қалған. 24 мамырда бекіністі жөндеу және малға керек жемшөпті жинау басталды. Бұл жұмысты 3-4 күнде бітірген орыстар 28 мамыр күні Әулиеатаны бетке алды. Черняев көне қалаға 3 маусым күні жететіндігін де болжап қойған болатын. Ол маусымның 6-сы күні Сібір корпусы командирі Шу отрядының бастығына жолдаған ақпарында Әулиеата бекінісіне қалай шабуыл жасағаны жөнінде тәптіштеп айтады.
«Жоғары мәртебелім, Сізге 28 мамырдағы жолдамада айтқандай, Меркіден шығысымен Ұзынбұлақ шатқалында жауды кездестірдік. Осы жерде бізді қоқандықтар Әулиеатаға жақындағанда қарсы алатындығы жөнінде хабар алдық», – дей келіп, артық деген ауыр жүкті, екі рота мен елу шақты казактары, екі батарея зеңбірегін қалдырып, өзге күшпен Әулиеатаға қарай жорыққа шыққанын хабарлаған. Көп ұзамай тағы да қоқандықтарды кездестірген. Алайда екі жақ та бір-біріне оқ атпастан бейбіт тарқасады. «Әулиеатаға 7 верст қалғанда әскерді аялдатып, олардың қиын да, қауіпті 25 верст жерді жүріп келгенін еске алып, демалуға рұқсат бердім. Біз аялдаған жерден 5 версттей жерде тағы да қоқандықтарды байқадық. Үш сағат демалғаннан кейін отряд жоғарыда айтылған биікке қарай қозғалды. Алдымызда екі ракетті станокпен күшейтілген казактардың жүздігі мен қырғыздардың (қазақтардың–авт.) милициясы, тау взводы мен атқыштар ротасы жүрді» делінген жолдауда. Биік жоталардан асып, Тектұрмасқа жақындағанда қоқандықтар тағы да теріс айналып, оқ атпай, қалаға қарай шегініп кетті. Орыс офицерінің жазуынша, олардың қарасы 1500 сарбаз бен 300-дей атты әскер. Дәлдеп зеңбіректерден атылған снарядтар олардың зәре-құтын қашырыпты. Биіктікте батареялық және атты дивизионды, 2 ротаны қалдырып, өзге әскерді бір версттей жерге орналастырған Черняев биіктің бөктеріне түсіп, бекерге қан төгістің болмауы үшін Әулиеата бекінісінің комендантына хат жолдаған.
Хатта былай делінген:
«Әулиеата бекінісінің құрметті бегі Ниязалы датқаға!
Біздің айтпағымыз мынандай: Ұлы патшаның еркі бойынша мен Әулиеатаны басып алуға келдім. Алдын ала айтатыным, босқа қан төкпей сіздердің ақ патша әскеріне бекіністі берілулеріңізді ұсынамын. Сіздер бәрібір бекіністі қорғай алмайсыздар. Қосқорған, Қамысқорған, Ақмешіт, Жаңақорған, Дінқорған және хандықтың үлкен қорғаны Бішкек қанша ерлікпен шайқасса да басынан өткізген тағдырды, Қоқан әскерінің Құмсауыт, Ақмешіт және Ұзынағашта жасаған әрекетінен ешнәрсе шықпағанын естеріңізге алсаңыздар, орыс қаруына бас иетіндеріңіз анық.
Менің ұлы қуатты патшамның атынан сіздерге егер атыссыз бекіністі босатсаңыздар өмірлеріңізді, бостандықтарыңызды, дүние-мүліктеріңізді сақтауға уәде беремін. Өткен жылы менің басқаруыммен орыс әскерлері Созақ пен Шолаққорғанды басып алған болатын. Сол кезде де мен сөзімде тұратындығымды дәлелдегенмін.
Менің ұсынысымды қабылдамасаңыз Сіз Әулиеата тағдырын өзгерте алмайсыз, гарнизонның және тұрғындардың қырылуына мұрындық боласыз, егер сіз ақылға қонымды шешім қабылдап, бекіністі берсеңіз ханыңыз үшін алдағы уақытта ішкі және сыртқы жаулармен шайқасатын батыр сарбаздарды сақтап қаласыз. Қорғанғыларыңыз келе ме, ол өздеріңіздің шаруаларыңыз, ал оның салдарын өздеріңіз тартасыздар. Жауапты 3 сағат күтемін.
Полковник Черняев».
Бұдан кейін хабарламада орыс әскерінің қолбасшысы белгіленген уақытта жауаптың болмағандығынан бекіністі 4 жеңіл және 4 батарея зеңбіректерінен атқылауға бұйрық бергенін де жеткізген.
Келесі күні таңғы сағат 6-да Ниязалы датқаға арнайы хатпен жіберілген штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов пен датқаның бір адамы ілесе келгенін, олар датқаның ойлануға 14 күн сұрағанын жеткізгені жөнінде айта келіп, бұған дейін бекіністі атқылаған зеңбіректердің қатарына тағы да 8 зеңбірек қосып және 2 пұттық қарумен дүркіндете атқылауға бұйрық берген. Бұл күнгі орыстардың бекініске шабуылы осымен тоқтаған. Тек келесі күні ғана арттан жеткен арнайы көліктің көмегімен бір ротаның жартысы және станокты қарумен қаруланған казактар жүздігі Таластың сол жағалауына өткен. Черняевтің жоғарыға жолдауынан ағарғанымыз, Таластың сол жағалауына өткен бұл жасақ негізгі күшке жол ашқан болуы керек. Полковник аталмыш жолдауында бекіністің барлық жағы зерттелгенін, офицерлердің немен айналысқанын да айтқан. Артиллериялық атқылаудан кейін бекіністің дуалдары сөгілген. 4 маусым күні полковник Черняев таңғы алтыда қосынында әскер қалдырып, бес ротаны, казактардың жүздігін басқарып, 8 зеңбіректі сүйретіп, себелеп тұрған ақ жауынды жамылып Талас өзенінен өтіп, бекіністің батыс жағына жақындады. Орыстар бүкіл артиллерияны бекініске алдымен 400, одан кейін 300 аршындай жерге жақындатып, қаланы атқылауды тағы да бастады. Қоқандықтар орыстарға қарсы әскерінің басым күшін және 4 шағын зеңбіректі қарсы қойды. Алайда орыстардың қуатты артиллериясына, атты әскеріне, сегізінші батальонның 1-ші, 2-ші атқыштар ротасына, саперларға және олардың соңынан жеткен артиллериясы бар екі ротаға олар айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Черняевтің мәліметтері бойынша, қала билеушісі Ташкенттен көмекке келген 400 атты ләшкерімен немесе сыпайымен цитадельді тастап, ұзын қабырғаларды қалқалап қашып кеткен. «Біз атқылағаннан кейін екі сағаттың ішінде қала бекінісі, цитаделі толық біздің қолымызға көшті. Мұндай жеңіл жеңіске жетуіміздің басты себебі – артиллерия мен жаяу әскердің бірлесе шабуыл жасауының нәтижесі», – деп жазды ол өз жолдауында. Отряд бойынша орыстардың сегіз жауынгері жеңіл жарақаттанып, бір офицері мен солдат контузия алған.
Черняевтің Әулиеата бекінісін алу тактикасы ол кезде шын мәнінде назар аударарлық болды. Ол бекіністі үш күн бойы зеңбірекпен атқылағанын жаза отырып, себелеп тұрған жаңбырға қарамай «екі сағатта бекіністі басып алдық» деп хат жазуы қисынсыз еді. Оның хатында бір күнде қаланың 307 тұрғыны жерленгені жазылған. 390 адамға дәрігерлік көмек көрсеттік делінген. Тұтқынға 341 сарбаз түсіп, көптеген қару-жарақ олжаланған. Міне, осыларды айта келіп, ол бекіністі алуда ерлік көрсеткен офицерлердің атын атайды. Әрине, қаланы қанға бөктіргені үшін жаулап алушы орыс әскерінің құрамынан бір топ жолдастарымен кетіп қалған Шоқан Уәлихановтың аты ол тізімге ілінбей қалған. Жалпы, орыс әскерінің жауыздығы мен қатыгездігі туралы, әсіресе Шымкент пен Түркістанды жаулап алудағы «ерліктері» жайлы өзбек тарихшысы Ж.Рахимов мектеп мұғалімдеріне арнап жазған қосымша оқу құралында көп деректер мен дәйектер келтірген. Осыған орай орыс ғалымы В.В. Герасимова оған қарсы дау айтып, отаршылардың әрекетін ақтағысы келген де жазбалар бар. Ақыры елшілікті араластырып, Россия бұл оқулықты мектептің бағдарламасынан алғызып тастады.
Әулиеатаны жаулап алған полковниктің қарамағында сол кезде қанша әскер бар еді деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде де А. Серебренниковтің жазбаларында нақты айтылған. Қазақ жерінің оңтүстік аймағын жаулап алушы орыс әскеріне 150 мың күміс ақша бөлінген. Жаулап алушы әскерде 60 офицер, 2500-ден аса солдат, 835 ат-арба берілді. Мұның сыртында 351 казак, сапта тұрмайтын 150 қазақтардан жасақталған милиция тобы және қосымша шаруашылық қызметімен айналысатындар болған. 60 офицері бар әскери жасақтың әлеуеті қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Оқ-дәрі жеткілікті еді. Әулиеатаны атқылауға 2200-дей снаряд жеткізді. Россияның соғыс министрі, генерал-адъютант Милютин осы әскери жасақтың құрамына айына 300 күміс ақша төлеп, белгілі зоология магистрі, ғалым Н. Северцовты қосты. Сонымен бірге Сібір әскери корпусының қолбасшысы, Омбы генерал-губернаторы, генерал А. Дюгамель өзінің адъютанты штабс-ротмистр шеніндегі Шоқан Уәлихановты, суретші М. Знаменскийді қосты. Әрине мұның сыртында көптеген жансыздардың болғаны да анық.
Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе, орыс әскерінің басшылығы Әулиеатаны басып алуға ерекше назар аударған. Әулиеатаны алу Шымкент пен Ташкентке, бүкіл Орталық Азияға жол ашатындығын олар жақсы түсінген. Сондықтан да тыңғылықты дайындалған. 1864 жылға дейін Әулиеатаның жан-жағын қусырып, Созақты да, Шолаққорғанды да, Меркі мен қырғыздың Бішкегі мен Тоқмағын да басып алған.
Орыс әскерінің Әулиеатаны айтарлықтай қарсылықсыз басып алуы қоқандықтар үшін сабақ болғаны сөзсіз. Басты сабақ–жергілікті халықты орысқа қарсы соғысқа жаппай тарта алмауы. Ал орыстар өздеріне бодан болған қазақтардан арнайы жасақ құрып, алға салды. Сонымен бірге барлық шаруашылық жұмыстарын да қазақтардың мойнына ілді. Мәселен полковник Черняевтің 1864 жылы 12 мамырда Омбыға, әскери губернаторға жолдаған ақпарында Әулиеатаға бет алған орыс әскерінің құрамында 1 поп, қару-жарақ жөндейтін 4 шебер, 215 қазақ-қырғыздан құрылған милиция тобында 5 сұлтан, 22 би және бұлардан бөлек 54 арбакеш, 57 лаушы болғандығы хабарланған. Олардың қарамағында 279 түйе, 829 өгіз, 410 жылқы бар екен.
Әулиеатадан айрылғаннан кейін Қоқанның Шымкенттегі билеушісі Әлімқұл жергілікті қазақтарды жан-жағына топтастыруға ұмтылыс жасады. Сондықтан да орыс әскеріне жолбасшы болып жүрген Байзақтың ұлы Ақмолдаға астыртын адам жіберіп, бүкіл қарауындағы қауымымен көшіп келуді сұрады. Алайда Ақмолда орыс патшалығының боданы екендігін алға тартып, Әлімқұлға бармайтынын кесіп айтты да, оның хатын Әулиеата бекінісінің коменданты Богацевичке әкеп берді. Шымкент билеушісі Әлімқұл мұндай хатты өзгелерге де жолдаған еді. Тап осы тұста қазақтың оңтүстік даласын билеген Байзақ датқа мен өзге де билерді, ел ағаларын қоқандықтардың зеңбірекке байлап атып, асқандығы туралы хабар тарап кетті. Мұны естіген Ақмолда Черняевке келіп, қоқандықтарға қарсы 10 мың әскер шығаратындығын, көмек көрсетуден тартынбайтындығын жеткізді. Ал Черняев орыс әскеріне қосылғандарды бұрынғыдан да өзіне жақындату үшін шен-шекпен беруден аянған жоқ. Құдайберген датқа майор атағын алса, Ақмолдаға капитан шені берілді. Мұндай шеннен сол жылы 28 қыркүйекте Сайрамды орыстардың жаулап алу соғысында қаза табатын Сұраншы батыр да шет қалған жоқ. Оған хорунжий деген шен берді. Ал Черняевке Әулиеатаны алғаны үшін генерал-майор атағы берілді. Кейінірек ол Ташкенттің әскери генерал-губернаторы болуына да осы жорығының әсері тигені анық. Ол жедел түрде Шымкентті басып алуға аттанды...
Патша әскері Әулиеатаны басып алған күннен бастап оның тыныс-тіршілігін Россия тұрмысына бейімдеуге ұмтылды. 1867 жылдың 23 тамызында Ресей императоры ІІ Александр Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы ерекше комитеттің жобасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойғанымен, тек 1868 жылы ғана жаңа билік жасақталды. Төрт жылдай барлық билік әскери гарнизонның қолында болды. 1868 жылдың 11 маусымында Түркістан, Сырдария, Жетісу облыстары негізінде Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Орталығы Ташкент қаласы болды. Алғашында Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы ретінде Әулиеата қаласы таңдалған еді. Кейінірек Шығыс Түркістандағы дүрбелең назарға алынып, Қытай шекарасынан қашықтау Ташкентті орталық жасады.
Міне, осы жылы Сырдария облысына бағынышты Әулиеата уездік басқармасы құрылды. (Дәйектер Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 146, 65 ,147, 184, 7, 10, 6 қорларынан алынды). Уездік басқарманы уезд бастығы басқарды. Оған әскери және әкімшілік саласындағы барлық уезд басқармалары бағынышты болды. Сонымен бірге уезд бастығы жер қатынасына тікелей басшылық жасады. Полиция басқармасы да оған бағынышты еді. Оның қолында шексіз билік, үлкен мансап болды. Бұл басқарма 1918 жылы совет өкіметі орнағаннан кейін таратылды.
Жерге байланысты басқармалар мен комиссиялар жер аударылғандарға жер учаскелерін беру, көшпенді қазақ тұрғындарын отырықшылыққа көшіру мәселелерімен айналысты. Олар жер қатынастары мәселелерін реттеумен, қазақ тұрғындарының бір ауылдан екінші ауылға көшуін және жергілікті қазақ тұрғындарынан жер аударылып келгендерге жер учаскелерін бөліп беруді заңдастырумен айналысты. Байқасақ, отаршылдар жер қатынастарына ерекше мән берген. Ішкі Ресей мен Украинадан көшіп келгендерге жер беруді өздерінің қалауынша заңдастырған. Жерді келімсектерге беруде билік жергілікті халықтың пікірін де, келісімін де сұрамағаны айтпаса да түсінікті. Жедел түрде келімсектерді қазақтың оңтүстігіне қоныстандыру жұмысы жүргізілді. Сол жылдары Ташкентте шығып тұрған «Туркестанские ведомости» газетінің мәліметі бойынша, 1894 жылы Әулиеата уезіндегі 17 орыс деревнясында 6379 адам мекендеген. Бұл аз болғандай «Далалық ереже» заңына сәйкес жер, орман, тау-тас, өзен-көл мемлекет меншігі, яғни, орыс империясының меншігі болып жарияланды. Бұл қағидалардың бұлжымай орындалуын бітімгершілік судьялары қадағалады. Олар тікелей Ташкент округтік судьяларына бағыныста болды. Әулиеата уезінде 6 өңірлік бітімгершілік судьясы жұмыс істеді. Шіркеулер бой көтеріп, поптар жергілікті халықты шоқындыру жұмысын қызу жүргізсе, салықтан, әскерден босатылған, арнайы дайындықтан өткен татар молдалары ауылдарда еркін жүрді. Мектептерге қазақ балаларын өзге ұлттың балаларына қарағанда көп қабылдап, оларды шоқындыруды жоспарлы түрде жүзеге асыруды қолға алды. Қазақ тіліне аударылған «Библияны» оқытуды да ұмытпады.
Осылайша Әулиеата қазақтары Қоқанның жібек ноқтасынан құтылғанымен орыстың темір ноқтасын киді. Көп уақыт өтпестен-ақ темір ноқтаның қысымы халықтың басын жұтатындығын түсінгендер еркіндік үшін жан беріп, жан алған күресін бастады. Оларға күні кеше ғана орыстарды қолдағандар да қосылды. Тәуелсіздік үшін күрес күннен- күнге күшейе түсті...