"Қазақстан барысы-2014": "Мен қолда тұрған жеңістен айырылдым" – Асыл Барменов

"Қазақстан барысы-2014": "Мен қолда тұрған жеңістен айырылдым" – Асыл Барменов

Жұрт асыға күткен «Қазақстан барысы» турнирі аяқталды. Сәні мен салтанаты жарасып, дүбірлеп өткен дода биыл өзгеше сипатта өрбіді. Іріктелген балуандар, төрешілердің басы бұл жолы дау-дамайдан ада. Қуантатыны сол, төртінші мәрте өткен қазақ күресінің бәсекесі елдік сипатқа ие болғанын аңғартты. Бұрынғы жарыстардың жоғары деңгейде өткеніне ешкім күмән келтірмес. Дегенмен бұл жолғы жарысқа деген елдің ықыласы, көзқарасы бұрынғыдан мүлде басқаша. «Алаш айнасы» тілшісі барыстардың бабы мен бағына қатысты ой өрбітпек.
Жексенбіде Астана велотрегі халыққа лық толды. Әр аймақтан келген қалың жанкүйер өз балуанын шама келгенде қолдап-ақ бақты. Бірақ үздік біреу. 28 балуанның арасында жасындай жарқылдап, көзге түскендер көп. Жылдағыдай алдыңғы лектен көрініп жүрген сіз бен бізге етене таныс Ыстыбаев пен Нұғымаров, Жоламанов, Ерсұлтанов пен Әбеуов сын балуандардың жолы ауыр болды. Және алдыңғы төрт балуанның екінші айналымнан аса алмауы жарыста сенсациялық оқиғалардың көп екендігін аңғартты.
Белдесулер.
Алғашқы айналым:
Жарыс өтуге бір ай қалғанда 33 балуанның төртеуі допингтік сынақтан сүрінсе, қостанайлық балуанның бірі іріктеу сындарына толық қатыспағаны үшін жарыстан шет қалған. Қалған 28 балуан толық бабында екен. Бірақ аты аңыз Шалқар Жоламанов жарысты ерте аяқтады. Шау тартыпты ма десек, жарақатынан толық айықпапты. Сөйтіп, «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін жүлдегері бірінші белдесуінде-ақ атыраулық Сұңғат Закарияевқа жол берді. Өкініш деген осы. Турнирдің ең ауыр балуаны Жұманазар Ерсұлтанов жарыс басталмас бұрын жергілікті басылымға берген сұхбатында «Биыл қалайда алтын алам» дегенге саятын әңгіме айтқан еді. Асыра айтқан екен, алғашқы айналымда керекулік Дархан оны өзі жасаған әдісімен алып соқты. Таза жеңіс. Былтырғы турнирдің жартылай финалында Ержан Шынкеев «шу» шығарып, аты аңыз болып еді. Биыл Жұманазар сондай қадамға бара жаздады. Анығы баратын еді, боз кілемде ерсілі-қарсылы жүріп алып, қарсылық танытқан оны жарыс жүргізушісі Бейсен Құранбек тоқтатты. «Айналайын, болашағың алда. Төрешілер шешімі осылай болды» деген соң енді сәл тұрса дисквалификацияға кететінін ескерді ме, Жұманазар «ақылға» келді. Сөйтіп, Жарыстың ең ауыр фавориті алғашқы айналымнан «ауылына аттанды».
Айбек Серікбаев (Қызылорда) – Еділ Үсенов (БҚО)
Батырхан Жүнісов (Павлодар) – Рүстем Жұмаев (СҚО)
Бақыт Ысмағұлов (Алматы) – Дәулетхан Жақыпов (Жамбыл обл)
Асылхан Бәрменов (Қарағанды обл) – Леонид Станеев (Ақмола обл)
Сұңғат Закарияев (Атырау обл) – Шалқар Жоламанов (ШҚО)
Саят Шәмшиев (Алматы обл) – Арман Әбеуов (Астана)
Руслан Әбдіразақов (Қызылорда обл) – Айдос Қаңлыбаев (Алматы обл)
Айбек Нұғымаров (ШҚО) – Бекзат Ахметбеков (Қарағанды обл)
Дархан Жоламанов (Павлодар обл) – Жұманазар Ерсұлтанов (ОҚО)
Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл обл) – Нұрлан Жамалов (Ақмола обл)
Бекболат Салықов (Атырау обл) – Мұхит Тұрсынов (ШҚО)
Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау) – Нұрсұлтан Иманғазин (Ақтөбе обл)
Екінші айналым:
Бейбіт Ыстыбаев бабында дестік, бозкілемге шыққанда. Батыр тұлғалы балуанның қасы-көзінен мінезі көрінгендей. Сұсты. Қарсыласын мысымен басып кетеді. Жеребе бойынша 4-ші нөмір түскен Ыстыбаевқа бірінші белдесу қиынға соққан соққан жоқ. Орайы келгенде алып ұрған. Ақмола облысының балуаны Жамаловты. Екінші кездесу ол үшін «трагедия» болды. Өзі талай рет кездескен, жеңіп жүрген Тұрсыновпен жолы түйісті. Былтырғы жарыста тура екінші айналымда шығысқазақстандық Мұхит Тұрсыновтан ұпай саны бойынша басым түскен. Бұл жолы...
Жарыстан бірер күн бұрын Ыстыбаевтың бапкері Елдос Далабаймен тілдескенбіз. Балуан бабында деп масаттанғанымен, «жаралы» балуандардың қауіпті екендігін айтқан. «Жаралы дегенім ол былтыр жеңілген жігіттер. Соның бірі – Мұхит. Ол бізге ең қиын қарсыластың бірі болмақ. Жалпы, біз анаған қарсы, мынаған қарсы деп арнайы дайындалмаймыз» деп ағынан жарылған. Айтқаны айдай келді. Тұрсынов бабында екен. Бейбіт өзінің бұрнағы әдісіне салып, күреспей жүріп алды. Тірескен болды. Әрине, оның қарсылас қапы қалған сәтте алып соғатыны белгілі. Бірақ Мұхит қапы қалмады. Жартылай жеңіс ұпайымен кездесудің ортасында алға шықты. Осы тұста Бейбіт алға ұмтылғанымен, бәрі де кеш еді. Белдесу ортасында сіз бен біз аңыз қылып әңгіме айтатын Бейбіт кілемде жатып алып, дәрігер шақырды. Бірақ, Тұрсынов бұл жерде жеңімпаз атанды.
Жарыстың жарық жұлдызы Айбек Нұғымаров Бейбіттің кебін киді. Қызылорда облысының намысын қорғайтын Руслан Әбдіразақов жақсы балуан. Дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі. Алғашқы барыс атанған Ұлан Рысқұлдың туған інісі. Айбек Нұғымаров Русланмен кездесуде ұпай алғанмен, жедел түрде жеңіліспен жарысты аяқтады. Жеңімпаз Руслан. Қызықтысы сол, қазылар осы тұста Русланға жартылай жеңіс ұпайын берген. Бірақ, Ұланның ортаға қамшы тастауымен белдесу бейнесі қайта қаралып, бірден жеңімпаз Руслан деп танылды. Іріктелген деп атын дардай қылған қазылар осы тұста алғаш рет олқылық танытты.
Рүстем Жұмаев (СҚО) – Айбек Серікбаев (Қызылорда обл)
Рүстем Борбаев (Ақтөбе обл) – Дәулетхан Жақыпов (Жамбыл обл)
Асылхан Барменов (Қарағанды обл) – Сұңғат Закарияев (Атырау обл)
Арман Әбеуов (Астана) – Сабыржан Әбілдаұлы (ОҚО)
Руслан Әбдіразақов (Қызылорда обл) – Айбек Нұғымаров (ШҚО)
Дархан Жоламанов (Павлодар обл) – Арслан Әбдамит (Алматы)
Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл обл) – Мұхит Тұрсынов (ШҚО)
Дәурен Еслямов (СҚО) – Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау обл)
Ширек финал басталғанда бәсекенің тартысы күшейе түскен. Себебі, оның алдындағы белдесулер сенсацияға толы болған. Ауыр салмақтағылардың бәрі жарыс жолынан шығып қалған соң қалған сегіз балуанның салмағы 100 келінің о жақ бұ жағында. Жасындай жарқылдаған жігіт тараздық Дәулетхан Жақыпов. Осы турнирдегі ең тегеурінді балуан сол болды. Салмағы 83 келі тартқанына қарамастан, атан түйенің белін майыстыратын алматылық Бақыт Ысмағұловты алып ұрды. Анығы айтқанда Бақыт тырп ете алған жоқ. Және әдіс сәтті жасалып, таза жеңіс тараздың тастүлекке талассыз берілген. Салмағы 130 келі тартатын солтүстікқазақстандық Рүстем Жұмаев жақсы балуан. Бірақ, өзінен 50 келі жеңіл Дәулетханды жеңуге шеберлік жетіспеді. Жеткендей еді, бірақ қарсы шабуылда Жақыповқа қарсы қауқар таныта алмады. Шығыс жұлдызы Мұхит Ыстыбаевты жеңген соң еркін көсілді. Ширек финалдағы қарсыласы маңғыстаулық Мейрамбек жарыстағы ең жас балуан. 19 жастағы Мейрамбектен жеті жас үлкен Мұхит айла асырды. Былтыр жарысты алғашқы айналымда аяқтап, астаналық Ғани Сейділдаевқа есе жіберген-ті. Биыл ¼ финалға дейін еркін көсілді Мейрамбек.
Жартылай финалға сайдын тасындай іріктеліп, Дәулетхан мен Асылхан, Руслан мен Мұхит жетті. Және бұлардың ішінде тек Руслан ғана 120 келі тартады. Қалғандарының салмағы 100 келіге жетпейді. Байқағанымыз, қарағандылық Асылхан «ақырын жүріп, анық басады» екен. Қарсыластың қапы қалған сәтін күтеді. Жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпаған Дәулетханды екі рет алып соқты. Қатты құлаған болуы керек, тараздың балуан басын ұстап бозкілемде ұзақ жатты. Намысқа тырысып қайта күрескен. Тіпті соңына дейін екеуі жартылай жеңіс ұпайымен теңескен еді. Бірақ қосымша ұпай еншілеген Асылханның аты озды. Осы сәтте төрешілер жеңімпазды анықтауында бір күмән қалғандай көрінді. Себебі, Асылхан да, Дәулетхан да өзін жеңімпаз сезініп тұрған-тын.
Келесі топтағы Руслан мен Мұхит арасындағы кездесудің тағдырын қоян-қолтық белдесу шешті. Тағы да күмән туғызды. Себебі, белдесуде Руслан әдіс жасаған еді. Бірақ, төрешілер әуелі жеңімпазды Руслан деп жариялап, артынша Мұхиттың қолын көтерді.
«Қазақстан барысы-2014» – Мұхит Тұрсынов
Финал былтырғыдай Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысы балуандары арасында өрбіді. Жеңімпаз өзгеретін шығар деп топшылаған едік. Шығыстық балуан мен қарағандылық екі балуан да кездесудің негізгі уақытында ұпай ала алмады. Қоян-қолтық белдесуде бойының сәл биіктігі Тұрсыновты тұғырға шығарды. Айқын жеңді. Қарағанды балуаны жеңіле біледі екен. Мойындады, қарсыластың қолын алды. Қола белбеу үшін таласта Руслан мен Дәулетхан де ұзақ күресті. Бірақ, Руслан басымдық танытып, қарсыласын соңғы минуттарда алып ұрып, жеңімпаз балуандар былтырғы құрамды толық өзгертті.
Жыл сайын тұғырға шығып жүрген Ыстыбаев, Нұғымаров, Жоламановтар соңынан тұлпар дүбірі шығып келе жатқанын енді ескерген болар. Таң қаларлығы сол бұл жолғы жеңімпаздардың барлығы 1988 жылы туғандар және біреуі ғана 120 келі, қалғандарының салмағы 95-100 келі арасында.
Сөйтіп, жарыс жеңімпазы Мұхит Тұрсынов алтын белбеу мен алтын тайтұяқты еншілеп, 150 мың АҚШ долларына ие болды. Асылхан Барменовке күміс белдікпен бірге 30 мың АҚШ доллары табысталды. Үшінші орын иесі Руслан Әбдіразақовқа қола белбеу мен 10 мың АҚШ доллары берілді. Жанкүйердің көңілінен шыққан балуандар көп. Ал көрермен көзайымы деген атқа лайық балуан ол Дәулетхан Жақыпов болатын. Ұйымдастырушылар тарапы ақылдаса келе осындай шешім қабылдауды жөн көріпті. Сөйтіп, «Хюндай элантра» автокөлігі тараздық балуанға табысталды.
Жарысқа дейін ұйымдастырушылар төрешілердің іріктелгенін сан рет айтып еді. Алайда шешім шығаруда олар тағы да жанкүйерді әбігерге салды. Мәселен, жартылай финалда Руслан мен Мұхит арасында жекпе-жекте жеңімпаз есімі екі рет аталды. Асылхан Барменов пен Дәулетхан Жақыпов арасында да төрешілер жеңісті кімге берерін білмей қалғандай көрінді.
«Қазақстан барысы-2014» турнирін тікелей эфирде күллі қазақстандық тамашалады. Ресейдің «Боец» арнасы арқылы әлемнің 35 мемлекеті көргені тағы бар. Бұл қазақ күресін насихаттауға арналған қадам. Қазақ күресінің бәсекесін тамашалауға қызығушылық танытатындардың қатары артатыны сөзсіз. Жапонияның суммо біріншілігіне күллі әлем көз тіккені секілді, қазақ күресінің жарысы түбінде осындай сипатқа ие болатыны анық. Осыдан кейін «Еуразия барысы», «Әлем барысы» секілді әлемдік додаларға қатысуға ниет білдіретіндердің саны арта түсетіні анық.
Осымен төртінші рет жарыс жеңімпазы өзгерді. Былтырғы барыс Айбек келесі жылы жасындай жарқылдау қиын болатынын Русланнан жеңілгеннен кейін түсінген шығар. Келер жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы тағы да өзгеруі бек мүмкін. Мүмкін ол Руслан Әбдіразақов болар, мүмкін маңғыстаулық Мейрамбек Жаңабай. Қалай дегенмен де биыл жарқ ете қалған балуандар өте көп. Алғашғы чемпион Ұланнан кейін жеңімпаз атанған Бейбіт Ыстыбаев «әлі «Қазақстан барысын» 3 рет ұтып аламын» деп сенімді түрде айтып еді. Енді ол ойынан айныған болар...
Мұхит Тұрсынов, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің жеңімпазы:
– Бірінші кезекте бапкерлерімен алғыс айтамын. Менің жеңіске жетуіме солардың сіңірген еңбегі орасан. Сонымен қатар, облыс әкімдігіне, спорт басқармасына рахмет. Бүгінгі турнирге барымды салып, жеңіске жетуге тырыстым және сол мақсатыма жеттім. Алдағы жылы осы атағымды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп ойлаймын.
Асыл Барменов, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің күміс жүлдегері:
– Жарыс қай балуанға болсын оңайға соққан жоқ. Алғашқы үштікке кіру арманым болатын. Сол мақсатқа жеттім. Анығында мен қолда тұрған жеңістен айрылдым. Негізгі уақытта жеңемін деп ойлағанмен, қоян-қолтық белдесуде есем кетті. Дегенмен, күміс жүлде қолда. Бапкерлеріме үлкен алғыс айтамын. Айтулы жеңісімды туған жерім Жаңаарқаға арнаймын.
Руслан Әбдіразақов, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің қола жүлдегері:
– Турнирге келерде Бейбіт, Айбек, Шалқар үшін арнайы дайындалдым. Шынымды айтсам, финалда солармен жолым түйіседі деп ойладым. Жарыс әділ өтті, шындығында жеңемін деген ой болды. Бірақ бұйырғаны осы. Ал бүгінгі жеңімпаз Мұхиттың бабы мен бағы қатар шапты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста