Біз танытқан түйе балуандар
Қазақ күресiнiң халықаралық деңгейде танылуына өлшеусiз үлес қосқандардың көш басында «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң ұжымы тұр. Дәлел жеткiлiктi. Қылышынан қан тамған кеңестiк жүйе кезеңiнiң өзiнде 1958 жылы қазақ күресiнен жарыс өткiзу дегенiңiз үлкен ерлiк. Дәстүрлi турнир биыл 58-шi рет өткiзiлдi. Елiмiзде қазақ күресiнен тамыры тереңге кеткен мұндай жарыс жоқ. Бұл жарыс қалай басталды? Алғашқы жеңiмпаздар кiмдер? Осы уақытқа дейiн кiмдер «түйе балуан» атанды? Өкiнiшке қарай, тыңғылықты зерттеу жүргiзiлмегендiктен күнi бүгiнге дейiн бұл сұрақтарға жауап берiлмей келедi. Бiз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облысымыздағы «Отырар» және А.С.Пушкин атындағы кiтапханалардың мұрағаттарында сақталған газет тiгiндiлерiн сараптап шықтық. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 1958 жылдан бастап жарық көрген сарғайған парақтарына көз жүгiрттiк...
Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».
Газеттiң 1958 жылғы сандарының бiрiнде қазақ күресiнен жарыс өтетiнi туралы алғаш рет хабарландыру берiлген. Онда «Үстiмiздегi жылдың 10-11 майында Шымкентте «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң жүлдесiн алу үшiн қазақша күрестен жарыс өткiзiледi. Облысымызда спорттың басқа түрiне қарағанда қазақша күрес әлi де болса бұқара арасында кең таралмай келедi. Бұл жөнiнде дәстүрлi спорттық жарыстар сирек өткiзiледi. Мiне, осыған байланысты газет редакциясы облыс жастары арасында қазақша күрестен жарыс өткiзудi ұйғарды. Жарыс командалық және жеке бiрiншi орын алу тәртiбi бойынша өткiзiледi. Әрбiр команданың құрамында салмақ категориясы бойынша 8 адамнан спортшы, басқарушы немесе тренер, яғни барлығы 9 адам болуы шарт. Жарыста ұтып шыққан команда «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң ауыспалы кубогiмен және грамотасымен марапатталады» делiнген. Жекелей салмақ дәрежесiнде топ жарғандарға да жүлде берiлетiнi айтылған. Осылайша, 1958 жылы Шымкентте «Оңтүстiк Қазақстанның» турнирi алғаш рет ұйымдастырылады.
Қарашаңырақ басылымның 1982 жылғы мамыр айындағы санында осы турнирдi 30 жылдан астам уақыт бойы газетке жазып, ұйымдастырушысы болған Уәлихан Темiрбековтiң мақаласы жарық көрген. Онда «Бұл сонау 1957 жылдың май айы болатын. Шымкент қаласы кәдiмгi дәстүрлi мерекедегiдей сәнге бөленген. Бiр топ ақын-жазушылар, журналистер Советтiк баспасөз мерекесi күнi қаланы серуендеп жүрмiз. Олардың iшiнде белгiлi ақын Омарбай Малқаров, газет шығарушымыз Нұрмат Ешметовтер бар. Сөздi бiр кезде Омекең бастады:
– Орталық газет редакциялары сияқты бiз неге баспасөз құрметiне жарыс ұйымдастырмаймыз, осыны қолға алу керек-ақ, - деп бұйыра айтты. Бұл пiкiрдi бәрiмiз мақұлдадық. Сонымен ертеңiне сол кездегi редакторымыз Мәди Байтұрсыновқа келесi жылы баспасөз күнi құрметiне жарыс өткiзу туралы ұсыныс жасадық. Кейiн коллектив болып ақылдасып, қазақша күрестен жарыс өткiзу ұйғарылды. Сөйтiп, 1958 жылы тұңғыш рет жарыс ұйымдастырдық. Жеңiмпаз командаға ауыспалы кубок белгiлеп, жеке балуандарға Мақтау грамотасы мен бағалы сыйлық әзiрледiк. Оған 9 команда қатысып, балуандар 8 салмақ категориясы бойынша белдестi. Жарысты көрiп тамашалауға адам көп келдi. Шынында да, жасыл кiлем үстiндегi белдесулер шиеленiстi де қызықты өттi. Тұңғыш жарысымыздың бас бәйгесiн Шымкент педагогика институтының командасы жеңiп алды. Осылай басталған жарысымыз биыл, мiне, 25-шi рет өттi» делiнген.
Тiл мен дiлге қолдау көрсеткен айтулы азаматтар қуғынға ұшырап жүрген қилы заманда қазақ күресiн насихаттаған редакция қызметкерлерiнiң ерлiгi мақтауға тұрарлық. Ұлт мүддесi, ұлт руханияты, ұлт спортының тағдыры сынға түсер сәтте бұқпантайлап қалмаған редактор Мәди Байтұрсыновтың қайраткерлiгi де ел есiнде қалатыны анық. Осыдан кейiн газеттi басқарған Қ.Сағындықов, Ә.Тiлеукеев, Ә.Әлиев, К.Үкiбаев, Н.Ораз, О.Жарқынбек, И.Омар, А.Бәкiрова, А.Балажан, Б.Тәжiбаев, Б.Тайжан және қазiргi бас редактор А.Балажанның тұсында да дәстүрлi турнир үзiлген жоқ. Қайта қанатын кеңге жая түстi. Үнемi Шымкентте өтетiн жарыс 1993 жылы Ордабасы ауданында ұйымдастырылған. Ол кезде «түйе балуан» атанған Берiк Нұрғалиевке сыйлыққа өгiзше берiлген болатын. Ал, Анар Бәкiрова редакторлық еткен 2006 жылы сайыс Түлкiбас ауданында өтсе, 2007 жылы жарыс тарихында тұңғыш рет «темiр тұлпар» тiгiлдi. Бұл елеулi оқиға едi. Алғашқы автокөлiктi «Спорт сарайы» командасының атынан сынға түскен Сәкен Бөлегенов иемдендi. 2008 жылы түркiстандық Мәди Құрымбаев «Мерседес» автокөлiгiне ие болды. 2009 жылы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң 85 жылдығы тойланды. Бас редактор Бейсенбай Тәжiбаев басқарған тұста редакция ұйғарымымен турнир аудандарда өткiзiле бастады. Ең алғаш доданы Бәйдiбек ауданы қабылдады. «Түйе балуан» атағын ордабасылық Ерғали Нұршабай жеңiп алды. Оған бас жүлдеге түйе тапсырылды. Одан кейiн турнир Созақ, Отырар, Қазығұрт, Мақтаарал, Сарыағаш және Шардара аудандарында сән-салтанатымен өттi. Бұл турнирлердiң бәрiнде бас жүлдеге «темiр тұлпар» берiлдi.
Турнир тарихына көз жүгiрте отырып, ең алғаш рет «түйе балуандар» сайысы 1961 жылдан бастап өткенiн бiлдiк. Ол кезде алып балуандар сайысы абсолюттi салмақ дәрежесiндегi жарыс деп аталған. Оған соңғы төрт ауыр салмақ дәрежесiнде топ жарған 4 жеңiмпаз ғана қатысқан. Алғашқыда ауыр салмақта Хайдар Асылбеков топ жарса, абсолюттi салмақ дәрежесiнде Христофор Яндамиди топ жарған. Бұл додада сол кезеңдегi ең алып һәм ең мықты жiгiттер жеңiске жетiп жүрдi. Олардың арасында бiрнеше рет «түйе балуан» атанғандар бар. Мәселен, алпысыншы жылдары Шымкент педагогикалық институтының балуаны Сейдахмет Қонақбаевтың дәуiрi жүрсе, жетпiсiншi жылдары шымкенттiк Қожакелдi Құланов қарсылас шыдатпады. Бұл азаматтар үш реттен «түйе балуан» атанған. Сексенiншi жылдардың басында Леонид Приказчиков бас жүлденi ешкiмге бермесе, Қуат Байқожаев екi рет «түйе балуан» болды. Одан кейiн Қожакелдi Құлановтың бауыры Нұрқабыл Құланов атқа мiндi. Ол 1988-1992 жылдар аралығында төрт рет «түйе балуан» атанып, ел алғысына бөлендi. Сондай-ақ тәуелсiздiк алған соң шымкенттiк Берiк Нұрғалиев пен отырарлық Дархан Төреәдiлұлы бiрнеше рет бас бәйгенi олжалады. Ал, соңғы үш жыл көлемiнде ОҚМПИ командасының мүшесi, ордабасылық Жұманазар Ерсұлтанов қарсылас шыдатпай жүр. Жұманазар осы қарқынынан таймаса, «түйе балуан» атану бойынша көш бастауы мүмкiн. Оған «Жақсығұлдың» әлеуетi жетедi.
Өкiнiшке қарай, бiз газет беттерiнiң толық сақталмауына және ақпараттың түгел жарияланбағанына байланысты кейбiр жылдардағы «түйе балуандарды» анықтай алмадық. Алдағы уақытта орталық мұрағатта зерттеуiмiздi жалғастырып, 58 жыл көлемiндегi «түйе балуандарды» ғана емес, турнирдiң барлық жүлдегерлерiнiң аты-жөнiн оқырман назарына ұсынамыз. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне қатысып, жеңiмпаз атанған спортшылар туралы тың мәлiметтер болса, оны қабылдауға дайынбыз. Себебi, бұл – тарих. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң сарғайған парақтарын ақтара отырып, осы турнирге даңқты спорт қайраткерi Мардан Сапарбаевтың, дүниежүзiлiк қазақ күресi федерациясының президентi Серiк Төкеевтiң қатысып, бiрнеше рет топ жарғанын бiлдiк. Даңқты Қажымұқанның ұлы Жанәбiл Қажымұқанов та жарысты өткiзуге атсалысқан. Жарысты ұйымдастырған және топ жарған азаматтар туралы айтар болсақ, бiр кiтапқа жүк болады. Сондықтан бiз бүгiн «түйе балуандарды» анықтап алуды жөн көрдiк. Жүлдегерлер арасында спорттың дзюдо, самбо және қазақ күресi түрлерi бойынша әлем, Азия чемпионы атанғандары қаншама! Қазiр қазақ күресiн дамытып жүрген нарқасқа азаматтардың басым бөлiгi осы турнирден тәлiм алып, боз кiлемде айқасқан. Демек, қазiргi әлем бiрiншiлiктерi мен «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» турнирлерiнiң ұйымдастырылуына «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң дәстүрлi додасының да қосқан үлесi бар деп есептеуге негiз бар деп ойлаймыз.