Жылан – денсаулықтың нышаны
Денсаулық сақтау мекемелерiнде жылан мен ыдыс бейнеленген таңбалар болады. Саланың эмблемасына айналған бұл бейнелер ненi бiлдiредi?
Ардақ ӘБУТӘЛIПОВ, Ақтөбе қаласы
Медицина тарихын зерттеген орыс ғалымдарының еңбектерiнде бұл таңбаның бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 800-600 жылдары пайда болғаны айтылады. Антикалық заманда жылан даналықтың, үздiксiз қозғалыс пен дамудың, жаңарудың нышаны саналған. Бiздiң дәуiрiмiзге жыланның ем құдайы Асклепийдiң сырығына, сауда құдайы Герместiң асатаяғына және Аполлонның мосысына өрмелеп жатқаны, сондай-ақ денсаулық құдайы Гигея мен Салутаның ыдысымен бiрге бейнеленген бiрнеше нұсқасы жеткен. Кейiн медицинаның эмблемасы болып соңғысы бекiтiлдi. Мұндағы мағына «дәрiгерлердiң қызметi мәңгi өмiрдiң нышанына айналған жыланның талай дерттен айықтыра алатын шипалы уы секiлдi болуы тиiс» деген ойды меңзейдi. Алайда бұл жөнiндегi ғалымдардың пiкiрi әлi күнге дейiн бiр арнаға тоғысқан емес.