Журналист сөзі қайдан шыққан?
Журналист сөзінің мағынасы қандай және ол қай тілден алынған? Алғаш ақпарат тарату қалай жүзеге асырылды?
Мира МҰҚАНОВА, Қостанай облысы
«Журналистика» термині «күнделік», «журнал» мағыналарын білдіретін journal деген француз сөзінен алынған. Ағылшын тілінде journalism, неміс тілінде Journalistik сөздері «журналистика» терминімен мағыналас. Алғашқы кездерде «журналистика» сөзі тікелей баспа ісімен байланысты саналды. Журналистика баспа күйінде жаңалықтар таратқандықтан әрине, баспа машинасы мен қағазы пайда болу керек болды.
Сондықтан, XV ғасырда И.Гутенберг ғажап дүние ойлап тапты. Бұл кезең жаңа бір дәуір секілді саналды, тіпті, «Гутенберг дәуірі» деп аталған. Кезінде жекелеген хабарламалар немесе мәліметтер жариялау әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асырылды: шешендер мен жаршылар ақпараттарды ауызша жеткізсе, Мысырда жаңалықтар жазылған папирустар, Ежелгі Римнің қоғамдық орталықтарында хабарлама ілінетін арнаулы тақталар арқылы жазбаша жүргізілді. Әртүрлі елдерде қазіргі газеттердің алғашқы бастауы ретіндегі жаңалықтар жазылған қолжазбалар пайдаланылды. Неміс өнертапқышы И.Гутенбергтің 1445 жылы баспа машинасын ойлап табуы қазіргі заманғы түсініктегі журналистиканың пайда болуына ықпал етті. Бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі ретінде журналистика – пайда болу тарихы жөнінен екінші орын алатын ең ежелгі мамандық. Ол XVI ғасырда адамдардың бір-бірімен хабар алмасу құралы ретінде пайда болып, кейін қоғамға дендей еніп, талай қалыптасу, даму жолдарынан өтті.