Жұмыстан қысқарту қалай жүргізіледі?
Біз шағын ауылдағы төрт жылдық мектепте үш мұғалім қызмет атқарамыз. Биыл біздің мектептен бір мұғалім жұмыстан қысқартылуы керек екен. Осыған орай «еңбек өтілің аз» деп мені қысқартпақшы. Қысқарту кезінде тек еңбек өтілінің ғана ескерілуі заңды ма?
Тамара ӨМІРӘЛИЕВА, Қызылорда облысы
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 185-бабына сәйкес, қызметкерлер санын не штатын қысқарту бойынша еңбек шартын жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен бұзуға тыйым салынады. Аталған баптың 2-тармағына сәйкес, егер әйел еңбек шартының мерзімі аяқталған күні мерзімі 12 апта және одан көп апта жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынса, жұмыс беруші оның жазбаша өтініші бойынша еңбек шартының мерзімін бала үш жасқа толғанға дейін, оның күтіміне байланысты демалыс аяқталған күнге дейін ұзартуға міндетті.