– Өткенде жеке компанияда істейтін бастығым бір күн жұмысқа келмегінім үшін мені жұмыстан шығарып жіберді, онымен қоса айыппұл салды. Бұл заңды ма, жұмыс берушінің осылай етуге құқығы бар ма?
Сабырхан, Алматы облысы
Заңгерлердің айтуынша, егер жұмысшы дәлелді себепсіз үш немесе одан да көп рет жұмыстан қалса, онда жұмыс беруші еңбек шартын бұзуына болады екен. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкерінен не үшін жұмысқа шықпағандығын түсіндіретін түсініктеме жаздыруға міндетті. Онымен қоса қызметкердің жұмыс орнында болмаған сәтін құжатты түрде тіркеп, акт толтырып, оны кем дегенде екі адамның қолымен растауы тиіс. Ал енді айыппұл төлетуге келетін болсақ, бұл ретте жұмыс беруші алдымен айыппұл салғаннан бұрын қызметкерге ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс беруі керек. Сонымен бірге егер айыппұлды сіздің жалақыңыздан ұстап қалу ретінде есептелсе, онда мұндай әрекеттер тек ҚР заңдарымен қарастырылған жағдайларда ғана соттың шешімімен жүзеге асырылуы тиіс. Тіпті бұл ретте айлығын айыппұл ретінде ұстап қалуға қызметкерден жазбаша келісімін алуы керек. Оның өзінде айыппұл ұстап қалудың жалпы көлемі қызметкерге тиесілі жалақының елу пайызынан артық болмауы қажет.