Жұмыс күні қалай белгіленеді?
Әдетте жұмыс уақытын 8 сағатпен өлшейді. Бірақ кейбір мамандық иелері күні-түні жұмыс істей береді. Ал арнайы заңнамаларда жұмыс ұзақтығының мәселесі қалай бекітілген?
Арсен ТОҚТАРҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Күнделікті жұмыстың ұзақтығы, негізінен, төмендегідей ереже бойынша белгіленеді:
1. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда — 8 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда — 7 сағат 12 минуттан және апталық норма 24 сағат болғанда, 5 сағаттан аспауға тиіс.
2. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда — 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда — 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда, 4 сағаттан аспауға тиіс.
3. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, ұйымның еңбек тәртіптемесі ережелерімен, еңбек шартымен, ұжымдық шартпен белгіленеді.
4. Өнер және мәдени демалыс кәсіптік ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық шартқа немесе еңбек шартына сәйкес, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.
Ал жалдамалы арзан жұмыс қолын пайдаланатын жекелеген кейбір жұмыс берушілер өзара келісіп, жұмыс уақытын қалағанынша белгілей береді. Алайда жалпы еңбек шартын бұзғандар белгіленген тәртіп бойынша әкімшілік-құқықтық жазаға тартылады.