Жүктілік демалыстан бұрын еңбек демалысына шығуға бола ма?
Менің жүктілік, босану демалысым мен жыл сайынғы ақылы еңбек демалысым қатар келіп тұр. Еңбек демалысына шыққаннан кейін барып жүктілік демалысқа өтініш жаза аламын ба?
Айман СӘРСЕНҒАЛИ, Алматы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 192-бабына сәйкес, әйелге, қалауы бойынша, жүктілікке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тікелей одан кейін не балаға күтім жасауға арналған демалыс біткен соң, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі. Бұл ретте, еңбек демалысының ақысын есептеу кезінде қызметкердің орташа жалақысы ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 137 қаулысымен бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесіне орай, орташа күндік жалақыны жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен есептеледі. Орташа күндік жалақы барлық жағдайларда есепті кезеңде есептелген жалақы сомасын жұмыс уақыты теңгерімін негізге ала отырып, тиісінше бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері санына бөлу жолымен анықталады. Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істеген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері санына тиісінше бөлу жолымен анықталады. Кодекстің 114-бабына сәйкес, демалысты беру, ауыстыру, ұзарту не демалыстан шақырып алу жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.