Жолаушы жадына сақтайтын ереже
Жуырда демалысқа шығамын. Ресейге барып қайтсам деп едім. Бірінші рет шығайын деп отырғандықтан, қандай көлемде ақша не тауар алып өтуге болатынын білгім келіп еді.
Жексен Шәймерден
Жаз айлары жақындап қалды, демек, демалысқа аттанатындар саны көбейеді. Осы орайда Кедендік бақылау комитеті шекарадан тауар алып өту нормаларын еске салады. Комитеттің ақпарына сәйкес, Кеден одағы аумағында жеке тұлғалардың өзіне пайдалануға алған заттарын алып жүрудегі тәртіп бірдей.
Соған сәйкес, әуе көлігімен құны 10 000 евродан, салмағы 50 келіден аспайтын тауарларға баж салынбайды. Жер үстіндегі көлікпен жүргендер құны 1500 евродан, салмағы 50 келіден аспайтын тауарды төлемсіз алып өтуге рұқсат. Өз кезегінде бұл талаптардың сапар кезінде керек болатын жеке пайдалануға арналған заттарға қатысты екенін ұмытпаған жөн.
Қаржы жағына келсек, 10 мың доллардан аспайтын соманы декларациялаудың қажеті жоқ. Ал құнды қағаздар мен вексельдер міндетті түрде декларацияда көрсетіледі.
Сондай-ақ ішімдік пен темекі өнімдерін алып жүруге байланысты ереже де белгіленген.Оған сәйкес әр адамның (18-ге толған) сыраны қосқанда 3 литр ішімдік өнімдерін, 200 сигарет немесе 50 сигара алып жүруіне рұқсат етілген.
Кедендік құны 25 мың доллардан аспайтын қымбат металдар мен қымбат тастарды, 5 келі шамасында балық пен теңіз өнімдерін (бекіре уылдырығынан басқа), жеке ыдысқа құйылған 10 л отынды еш төлемсіз алып өтуге болады.
Кей кезде азаматтар шекара арқылы картина, мүсін немесе икона алып өтуге болады деп ойлайды. Бұл заттар мәдени құндылық саналғандықтан, оларды сыртқа алып шығуға шектеу қойылады, не мүлде тыйым салынады. Сондықтан ондай экспонтатты ҚР Мәдениет министрлігі немесе оның аймақтық органдарының арнайы анықтамасымен ғана шығаруға болады.