Зияткерлік мектептердің өзгешелігі қандай?
Бүгінгі таңда еліміздің аймақтарында Назарбаев зияткерлік мектептері ашылуда. Осы орайда менің білгім келгені, қазіргі кезде қанша зияткерлік мектебі ашылды? Жалпы, осы мектептердің қандай ерекшеліктері бар және олар білім саласына не береді?
Майра АРҒЫНБЕКОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындылары және осы жылға арналған міндеттері жайлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде Б.Жұмағұлов: «Елбасының тапсырмасымен алты Назарбаев зияткерлік мектебі құрылып, жұмыс істеуде. 2015 жылдың соңына дейін тағы да 15-ін салу жоспарлануда, оның 12-сінің құрылысы жүргізілуде.
Бұл мәселеге біз ерекше көңіл бөлеміз, себебі мұндай мектептер барлық орта оқу орны жүйесін дамытудың қозғаушы күші болып табылады.
Елбасы Жолдауда Қазақстанның барлық білім беру жүйесінің Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептердің деңгейіне жетуі қажеттігін ерекше атап өтті. Аталған мектептерде еліміздің таңдаулы мұғалімдері жиналған. Олар шетелдік ең үздік тәжірибелерді белсенді меңгеруде және оған жеткілікті қаражат бөлінуде.
Бұл әлеуетті тиімді пайдалану барша орта білім беру жүйесін дамыту мүддесі үшін ең маңызды міндеттердің бірі болмақ. Мұнда көптеген әлеуетті қосымша бар, олар – басқа мектептердің мұғалімдерімен семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тәжірибе алмасу, жергілікті жерлерде мастер-кластар жүргізу және тағы басқалар», – деген болатын.