Ақтауда жиде ағашы гүлдеп жатыр. Қазіргі уақытта оның иісі алыстан мұрын жарады. Менің білейін дегенім, жиде иісінің адам ағзасына зияны бар ма?
Елтай ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, Ақтау қаласы
Жиде немесе Elaeagnus – жиде тұқымдасына жататын мәңгі жасыл жапырақты ағаш. Негізінен, Жапония, Қытай және Оңтүстік Еуропада тараған 50-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда оның E.turcomanіca, яғни түрікмен жидесі және E.oxycarpa – үшкіржемісті жиде деген екі түрі өседі. Жиде еліміздің солтүстік өңірінен басқа аймақтардың барлығында кездеседі. Бұталары тікенді, кезек орналасатын жапырақтары күміс түсті, ұзынша келеді. Гүлі қос жынысты ағаштың шірнесі және жемісі болады. Ол тұқымынан, тамыр өскінінен және тамыр түбінен көбейеді. Жемісі – сырты ұнтақты жұмсақ қабықпен жабылған қызғылттау жалған сүйек. Ғалымдар жиде ағашын шөлді жерлерді көгалдандыруға, құм тоқтатуға, өзен-арықтар жағасын бекітуге пайдалануға болатынын айтады. Ағашы мен сүрегі құрылыс материалы болса, жемісі медициналық препарат ретінде қолданылады, құстарға жақсы азық болады. Жапырағы мен қабығында бояулық заттар бар. Сабағынан алынатын сағызды заттан лак және бояу өндіріледі. Жиде ағашы гүлдеген кезде бөлінетін иістің адам ағзасына зияны жоқ. Керісінше, халық арасында бұл ағаш адамға күш-қуат береді деген сенім қалыптасқан.
Жиде гүлі иісінің ағзаға зияны бар ма?
Последние статьи автора