Жеңіс күніне орай бір рет берілетін жәрдемақы төлеу туралы
Ұлы Отан соғысының ардагері, тылда жұмыс атқарған азамат Жеңіс күніне орай бір рет берілетін жәрдемақы төленгеннен кейін қайтыс болса, онда оның отбасы жәрдемақыны мекеме есепшотына қайтаруға тиіс пе?
Теміртай ЕСПЕНБЕТОВ, Алматы облысы
Сарапшы мамандардың мәліметінше, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен бекітілген облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай жол жүруді қамтамасыз етуге және біржолғы материалдық көмек төлеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесінің 6-тармағына сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы және Қарулы Күштер органдары ұсынған тізімдерді ескере отырып, біржолғы материалдық көмекті алушылардың тізімдерін қалыптастырады. Сонан кейін қалыптастырылған тізімдердің негізінде әрбір алушының жеке шоттарына аудару жолымен оларға біржолғы материалдық көмек төлеуді жүзеге асырады. Бұл ретте, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай біржолғы материалдық көмек алушы жеке есепшотына қаражатты аударғанға дейін қайтыс болса, оған біржолғы материалдық көмек төлемдері жүргізілмейді. Ал егер де біржолғы материалдық көмек алушы әлеуметтік төлемді жеке есепшотына аударғаннан кейін қайтыс болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес мұраның ашылу күнiнен бастап алты ай iшiнде мұра қабылдаған мұрагерге біржолғы материалдық көмек мұрагерлікпен беріледі.