Жеңіс көрмесінде – батырлар шеруі
Елімізде әрбір мереке қарсаңында мәдени шаралардың өтіп тұратынын білеміз. Оның ішінде майдангерлерімізді ұлықтайтын мейрам да атаусыз қалмайды. Биылғы жылы Елорда Жеңіс күніне орай қандай шаралар атқарылмақ?
Нұргелді МАНАП, Астана қаласы
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 68 жыл толып отыр. Бұл мерейлі дата болмаса да бірқатар шаралардың атқарылатыны айқын. Мерекелік шаралар нақтыланғанда уақтылы хабардар етіп тұратын боламыз. Қазірге айтарымыз, Астана қаласындағы Қазіргі заман өнері мұражайында «Олар Отан үшін от кешті» тақырыбында көрме ашылды.
Көрмеге 72 өнер туындысы қойылды. Оның ішінде Василий Тимофеевтің «Рейхстагқа ту тіккен батыр – Рақымжан Қошқарбаев», «Маршал Коневтің портреті» және Иван Пензовтың «Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Родимцев» атты портреті, Николай Гаевтың «Кеңес Одағының Батырлары – комсомолшылар» сериясы бойынша «Нүркен Әбдіров», Аманжол Мүсәлімовтің «Партизан» («Қасым») еңбектері қойылған. Мүсіндік портреттерде «Кеңес Одағының Батырлары, ұшқыш Н.А. Бокий», КСРО Халық суретшісі Лев Кербельдің, «Маршал Конев», Ресейдің еңбек сіңірген суретшілері Иван Першудчев пен Юрий Нероданың «Сібір партизаны», «Әлия» және «Мәншүк» туындылары бар. Бұның сыртында еліміздің атақты суретшілері мен мүсіншілерінің көптеген жұмыстарын көруге болады.