Жазушы Немат Келімбетов туралы білгім келеді
Белгілі ғалым, жазушы Немат Келімбетовтің қысқаша өмірбаянын білгім келеді.
Арайлым Нұрланқызы, Алматы облысы
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың иегері Нeмaт Келімбетов 1937 жылы 4 сәуірде Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Жаңажол қаласында туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданының (қазіргі Сарыағаш ауданы) Абай селосындағы қазақ орта мектебін бітірген. Ташкент қаржы-экономика институтын, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (сырттай оқу бөлімін) журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. 1959-1960 ж.ж. – Қостанай облысының мемлекеттік банкінде экономист-инспектор, 1960-1962 ж.ж. – Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандық газеттерінде әдеби қызметкер. 1962-1965 ж.ж. – Қазақ ССР Ғылым академиясының экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, 1965-1970 ж.ж. – «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1970-1973 ж.ж. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде референт, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы болып қызмет істеген. Кейін «Қазақстан» баспасында редактор, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында профессор, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор ретінде бірнеше буын шәкірттерін тәрбиелеген.
«Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Көркемдік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» сынды терең әдеби-зерттеу кітаптарының авторы. Осыдан екі жыл бұрын бақилық болған көрнекті ғалымның биыл 75 жылдығы аталып өтуде.