«Жаз» өлеңінде қай жер сөз болады?
Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда...» деп басталатын өлеңінде суреттелетін жайлау Ботақан ошағы екені рас па?
Ләззат Молдағалиева, Қарағанды қаласы
Ғалымдар «Жаз» өлеңінде Ботақан ошағы және Бақанас, Байқоңыр өзендері бойындағы басқа да жайлаулар бейнеленетінін айтады. Өлеңге жаңа қонысқа, жазғы мекенге көшіп келіп, қым-қуыт тірлігіне жан бітіріп жатқан қазақ ауылының көрінісі арқау болған. Мұнда ақын жайлауға қоныстанып жатқан қауымның бар қимыл-әрекетін өлең тілінің кереметін пайдалана отырып, айшықты жеткізеді:
...Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап...
1995 жылы жарық көрген «Абай» энциклопедиясында да бұл өлеңде Ботақан жайлауы сөз болатыны айтылады. Өлең 1886 жылы жазылған. Ол қазақ поэзиясындағы жазғы табиғат суретінің ең биік үлгісі саналады. Айта кетейік, бұл қоныста Абай мен Ділдә үйленген.