"Жастар практикасы" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуға бола ма?
Сәлеметсіздер ме? Мен 2009 жылы жоғары оқу орнын педагог-психолог мамандығы бойынша бітірдім. Оқып жүріп тұрмыс құрдым. 2009 жылы қазан айында алғашқы баламды босандым, екінші баламды 2011 жылы босандым. Сол себепті жұмысқа орналаса алмадым. «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа бармағанмын. Қазіргі таңда «Жастар практикасы» бағдарламасына жолдама ала аламын ба? Осы сұрағыма жауап күтемін. Алдын ала рахмет.
Шахноза Рүстемова, Алматы қаласы
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Алматы қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті мамандарының айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет халықты жұмыспен қамту саласында азаматтарды жұмыссыздықтан қорғауға, уәкілетті органдардың делдалдығымен жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге кепілдік береді. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсетудің мұндай түрлері жергілікті (өңірлік) деңгейде көрсетіледі және өзіне мыналарды қосады: 1.Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу; 2.Кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілікті жоғарылату; 3.Қоғамдық жұмыстарда істейтін жұмыссыздарға қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және еңбекақы төлеу;
Бұл ретте «Жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес нысаналы топқа жататын азаматтар жұмысқа орналастыру барысында басымдыққа ие болады. Нысаналы топқа жататын азаматтар тізімін жұмыспен қамту органдарынан білуге болады. Сонымен бірге, халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес әрбір өңірде нысаналы топқа жататын жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Жоғары оқу орындарын түлектерінің жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында жұмыспен қамту органдары мекемелерде Жастар практикасынан өту үшін жолдамалар береді. Жастар практикасы – түлектерді әлеуметтік қорғаудың қосымша шарасы болып табылады. Жастар практикасының мақсаты алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау, кәсіби білімдерін көтеру, еңбек рыногындағы бәсекелестікке төтеп беру қабілетін арттыру және жұмысқа орналасуға көмек көрсету болып табылады. Жастар практикасына жоғары және орта кәсіптік білім мекемелерінің түлектері жолданады. Жастар практикасы республикалық бюджеттен қаржыландырылады және ұзақтығы 6 айдан аспауы тиіс (жалақы мөлшері 26 мың теңгені құрайды). Жастар практикасы 2012 жылдан бастап Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Осыған орай, жұмысқа орналасуда жәрдем алу үшін әрбір азамат жергілікті жердегі жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жолыға алады. Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша көрсетілген қызметтердің түрі ақысыз болып табылады.