Жас мамандарға қандай жеңілдіктер бар?
Біз жолдасымыз екеуміз Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ды физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірдік. Астана немесе Көкшетау, Қостанай, Павлодар қалаларында мамандығымыз бойынша жұмыс істегіміз келеді.
Еркін, Күлайым, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сіздер жұмысқа орналасу мәселесі бойынша тұрғылықты жеріңіз немесе сұрақта көрсетілген қалалардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына мына құжаттарыңызбен: жеке куәлігіңіз, еңбек кітапшасы немесе диплом, жеке әлеуметтік кодты беру жөніндегі куәлігіңіз (ӘЖК), салық төлеушінің тіркеу нөмірін растайтын құжатыңызбен (СТН) жолығуларыңыз қажет. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет халықты жұмыспен қамту саласында азаматтарды жұмыссыздықтан қорғауға, уәкілетті органдардың делдалдығымен жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге кепілдік береді. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсетудің мұндай түрлері жергілікті (өңірлік) деңгейде көрсетіледі және өзіне мыналарды қосады: 1) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу; 2) кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілікті жоғарылату; 3) қоғамдық жұмыстарда істейтін жұмыссыздарға қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және еңбекақы төлеу; 4) толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істейтін, қоғамдық жұмыстарға қатысатын қызметкерлерге қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және еңбекақы төлеу; 5) заңнамалық актілерге сәйкес, аз қамтамасыз етілген азаматтар қатарындағы жұмыссыздарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету.