Жарылғыш заттан қалай сақтану қажет?
Қазір ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпараттар жиі хабарланатын болды. Көбіне мұндай әңгіменің жұртты дүрліктіру үшін қасақана таралатыны анықталып жатады. Ал егер шынымен жұмыс орнына не басқа да жерлерге жарылғыш зат қойылған болса, қандай амал-әрекеттерді білгеніміз жөн?
Күләш Хасенова, мұғалім
Алматы қалалық жасақтық дайындық, азаматтық қорғаныс және табиғи апаттарды ескерту мен оның салдарын жоюды ұйымдастыру басқармасының мамандары лаңкестік әрекеттерден сақтану жолдарын кез келген тұрғын, оның ішінде, мекеме-кәсіпорын қызметкерлерінің бәрі түгел білуі тиіс екенін айтады. Ғимаратта жарылғыш зат қойылғанын білдіретін белгілер мыналар:
- әлдекім қалдырып кеткен сөмке немесе оқшау жатқан қорап-қаптар;
- есіктен, басқа да қуыстардан шығып тұрған жіптер немесе жапсырғыш таспалар;
- күмән туғызатын дыбыстар – әлдеқандай үздіксіз тырсыл, сағаттың тықылы;
- бадам жемісінің иісі (әдетте, жарылғыш заттан осындай иіс шығады), басқа да ерекше иістер.
Мұндай белгілер байқалған кезде адам, ең алдымен, ешнәрсені қозғамай, тыныштық сақтауы қажет. Ұялы телефонмен сөйлеспеген жөн, өйткені байланыс жарылғышқа әсер етуі мүмкін. Жарылғыш заттың нышандары байқалған уақытты есте сақтаған дұрыс. Ақырындап, 100 метр қашықтыққа жылыстау қажет. Жарылғыш қойылған жерден алысқа ұзағаннан кейін барып, құтқарушылар мен құқық қорғау органдарына хабар берген абзал. Мамандар келгенше, бұл жерге ешкімнің жақындамауын тұрғындарға ескерту керек.