Жарнама қағаздарын кез келген жерге жапсыруға рұқсат жоқ
Қазір Алматының қай жеріне барсаң да, түрлі кештер мен концерттердің жарнамасын көруге болады. Олардың кейбірі қала сәнін ашып тұрса, ендігілері, керісінше, көшелердің сиқын кетіреді. Менің сұрайын дегенім, осындай жарнамаларды кез келген жерге жапсыруға тыйым салуға болмай ма?
Ғабит ЕРКІНҰЛЫ, Алматы қаласы
Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін біз «Алматы Жарнама» мемлекеттік мекемесінің мамандарына хабарласқан едік. Мамандардың айтуынша, қалада кештер мен концерттердің жарнамасын кез келген жерге жапсыруға рұқсат жоқ. Мұндай жарнаманы ілу үшін әрбір ауданда арнайы белгіленген орындар бар. Ол жердегі әрбір аңдатпа үшін жарнама беруші төрт айлық есептік көрсеткіш бойынша ақша төлейді. Сондай-ақ жарнама «Алматы Жарнама» мекемесіне тіркеледі. Ал егер жарнама беруші хабарламаларды жекеменшік ғимараттардың сыртына ілемін десе, онда сол ғимараттың иелерімен келісуі керек.