Жуырда шетелдік телеарналардың бірінен «анимал терапия» әдісі дегенді естіп қалдым. Осы туралы кеңінен айтып берсеңіздер екен.
Айгүл ЖҮСІПОВА, Алматы облысы
Қазіргі таңда анималды терапияның күштілігі дамыған елдерде дәлелденген. Сондай-ақ оларда хайуанаттардың адамға әсерін бақылап, зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институттары құрылған. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция елдерінде физикалық немесе психикалық проблемалары бар адамдарға көмек беру үшін анималды терапиямен айналысатын ұйымдар жұмыс істейді. Анималды терапияны ең алғаш 1792 жылы Ұлыбританияның Йорк қаласында жаны ауыратындарға арналған ауруханада ресми түрде қолданған. Негізі, хайуанаттармен емдеудің тарихы тым тереңде, адамзат дәуірі пайда болғаннан бері белгілі болған. Қазіргі уақытта африкалық тайпалар пілдер және қолтырауындармен емдеуді қолданса, Австралияның жергілікті халқы кенгуруды пайдаланып, сеанс жүргізеді. Сондай-ақ дельфинмен емдеу әсіресе апатты жағдайларды: мәселен, дауыл, жер сілкінісі, жол-көлік апатын бастан кешірген адамдарды психологиялық оңалту кезінде таптырмас терапия екен. «Дельфин-терапевтің» пациенттері көбінесе кәсіпкерлер мен шығармашылық кәсіп иелері, жүйке жүйесі ауыратын балалар болып келеді екен.