Заңды түрде ажырасу үшін не істеуім керек және алиментті қалай өндіремін?
Сәлеметсіздер ме? Менің алиментке қатысты сұрағым бар еді. Менің екі балам бар, үлкені - 2 жаста, кішісі - 4 айлық. Күйеуіммен заңды түрде ажырасқан жоқпын. Бірақ бөлек тұрамыз. Ол жұмыс істемейді. Басқа әйелмен тұрады. Алайда бізге ешқандай көмек беріп отырған жоқ. Енді сұрайын дегенім, күйеуіммен заңды түрде ажырасу үшін не істеуім керек және алиментті қалай өндіремін?
Фарида, Астана қаласы
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:
-Біріншіден ажырасу туралы айтайын. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 19 бабына сәйкес, сіздерде ортақ кәмелетке толмаған балалар болуына байланысты сіздердің некелерініз сот тәртібінде бұзылады. Сіз некені бұзу туралы талап-арызды өзіңіздің тұратын жердегі сотқа бере аласыз. Мұны ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 32 бабы қарастырады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 22 бабына сәйкес, некені бұзу туралы шешімінде сот:
1) неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының қайсысымен тұратындығын айқындауға;
2) ата-аналардың қайсысы және қандай мөлшерде балаларды күтіп бағуға алименттер төлейтінін айқындауға;
3) кәмелетке толмаған балалардың және (немесе) ерлі-зайыптылардың өздерінің мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша олардың бірлескен ортақ меншігіндегі мүлікті бөлуге;
4) жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы бар екінші жұбайдың талап етуі бойынша осы қаражат мөлшерін айқындауға міндетті.
Осыларға қатысты талаптарыңызды сіз бірден сотқа берген талап-арызынызда қарастыруыңыз керек. Себебі сот тек сіздің талабыңыздың шеңберінде шешім шығара алады.