Мекеме басшылығы мені дәл бұрынғы ставкамен басқа жұмысқа ауыстырды. Алайда жалақы алғанда бұрынғыдан кем болып шықты. Бірақ бұл жайлы жазбаша ескерту де, келісімшарт та болған жоқ. Осы тұста менің құқығым бұзылып отырған жоқ па? Еш келісімшартсыз менің жалақымды азайту заңды ма?
ЕРІК, Жамбыл облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшысының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 32-бабына сәйкес, еңбек шарты жазбаша нысанда кемiнде екi дана етiп жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шарты бiр-бiр данадан қызметкер мен жұмыс берушiде сақталады. Қызметкердiң еңбек шартының бiр данасын алуы жазбаша нысанда расталады.
Еңбек шартына, оның iшiнде басқа жұмысқа ауыстыру кезiнде, өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен жазбаша нысанда жүзеге асырады.
Еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысты еңбек шарты тараптарының бiрi жазбаша нысанда бередi және екiншi тарап оны берiлген күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде қарайды.
Сондықтан келісімшарт жасалмай, жалақыны қысқарту заңсыз болып табылады.
Жалақыны қысқарту заңды ма?
Последние статьи автора