Жаяу Мұса да скрипкада ойнаған
Скрипка – Еуропадан енген музыкалық аспап. Осыны ең алғаш қазақ даласына алып келген кім және қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы жайлы айтсаңыздар?
Гүлнұр Көлбай, Қызылорда
Қазақ скрипка өнерінің бүгінгі өкілдерінің бірі, қазір «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас директоры Дүйсен Қасейінов бұл сұраққа былай жауап берді: «Бізге музыкадан дәріс берген профессор Коган қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы деп Жаяу Мұсаны айтатын. «Ақ сиса» сынды әннің авторы, белгілі сазгер кезінде жәрмеңкелерде, сондай-ақ ауыл аралап жүріп сырнай мен скрипка тартады екен».
Алайда ең бірінші арнайы музыкалық білім алған кәсіби скрипкашы әрі Қазақстандағы скрипка мектебінің негізін қалаған тұлға – Әйткеш Толғанбаев. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Қарауыл атты ауылында туылған әйгілі өнерпазды ең алғаш ауылда скрипка тартып жүрген жерінен көріп, Алматыдағы музыкалық-педагогикалық техникумға түсуін қадағалаған композитор Латиф Хамиди болыпты. Бір өкініштісі, Әйткеш техникумда оқып жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, музыканттың болашақ жоспарының күл-талқанын шығарады. Соғыста жау тұтқынында болып, елге оралған өнерпазды кеңестік саясат «халық жауы» деген жаламен 25 жылға түрмеге қамайды.
Осылайша өнерін дамытпақ түгілі, өз басымен қайғы болып кеткен Әйткеш өле-өлгенше құсалықтан арыла алмапты. Бүгінде оның туған жері Қарауылдағы бейітінің басында скрипкадан ескерткіш тұрғызылған.