«Жаяу көкпар» деген қандай ойын?
Өткенде қария кісімен әңгімелесіп отырып, кезінде қазақта «Жаяу көкпар» деген ойын түрінің болғанын білдім. Ережесін Америка футболы, яғни регбиге ұқсаттым. Сонымен, сіздерден сұрайын дегенім – «Жаяу көкпар» деген неғылған ойын?
Думан Танабасов, Кереку қаласы
Рас айтасыз, «Жаяу көкпар» ойынының ережесі аздап регбиге келеді. Сондай-ақ гандбол мен баскетболдың да элементтері кездеседі. Мұнда да ойын қолмен ойналады. Допты аяқпен тебуге тыйым салынған. Бірақ ережесін түсініп, өзі ойынға қатысып көрген жан үшін ұлттық спортымыздың бұл түрі жоғарыда аталған спорт түрлерінен де тартысты әрі қызықты. Сонымен, «Жаяу көкпарда» ойыншылар екі командаға теңдей бөлінеді. Ал алаңның ұзындығы 50-60 метрді құраса, ені 20-25 метрге дейін созылуы керек. Алаңның тура ортасынан сызық сызылады және алаңның екі шетінде диаметрі 1,5 метрді құрайтын шеңбер сызылады. Әр шеңберде қос команданың қос қақпашысы орналасады. Сөйтіп, ойын сол алаң ортасынан басталады. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен екі команданың капитаны ортада тұрған допты бірінші болып жерден көтеріп, командаласына пас беруі керек. Ойынның мақсаты – командалар допты шеңбердегі өз қақпашыларына жеткізулері тиіс. Допты қақпашысына әр жеткізген сайын команда бір ұпайдан алып отырады. Қай команда көбірек ұпай жинаса, сол жеңеді. Ереже бойынша матч кезінде ойыншылар бір-бірін ұстауға, аяқтан шалуға, итеруге болмайды. Сондай-ақ ойын спортзалда да, далада да өте береді. Ғалымдардың айтуынша, бұл ойын осыдан 1000 жыл бұрын қазақ жерінде кеңінен ойналған. Әлбетте, қайта жаңғыртып, республикалық, тіпті әлемдік деңгейге шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді.