Зағиптар әліпбиінің атасы кім?
Зағиптарға арналған әліппені зағип адам ойлап тапқан ба, әлде сау адам ба? Қолмен сипап оқитын осынау әріптер жиынтығы қалай аталады? Және ол қашаннан бастап қолданысқа енді?
Нұргүл Қабитқызы,
Зағиптарға арналған әліпби мен оқудың тәсілін Нұргүл Қабиқызы, Талдықорған қаласы 1825 жылы 16 жастағы француз Луй Брайль ойлап тапқан. 1809 жылы 4 қаңтарда Францияның шағын қалашығы Куврде ер-тұрман, қайыс жасайтын шебердің отбасында дүниеге келген сәби үш жасқа келгенде кенет көзіне қайыс тілетін пышақ тығып алады. Содан жанары ағып түскен баланы қатарынан кем қалмасын деп ата-анасы түрлі кәсіпке баулиды, музыкаға үйретеді. 1819 жылы Париждегі соқырларға арналған институтқа түскен Луй Брайль рельефті-линиялы оқу тәсілімен танысады. Бірақ көптеген пәндердің зағип жандарға арналған оқулығы болмаған соң, әрі әлгі әріптердің де ыңғайсыздығынан Луй азап шегеді. Көбіне ол кезде көзі көрмейтіндерге дауыстап оқып беретін болған. Шайнап берген асқа адамның қарны тоймайтыны сынды, біреудің оқып бергеніне қанағат таба алмаған Луй осы жағын өзі қолға алуға шешім қабылдайды. Институтта озық қабілетімен көзге түскен шәкірт бітірген соң да сонда қалдырылады да, сөйтіп, соқырларға арналған жазу түрін, әліпбидің алғашқы нұсқасын 1829 жылы институт кеңесіне ұсынады. Бірақ ол бірден қолдау таппайды. Сондағы таққан кінәрат Брайль тапқан шрифт көзі көретін оқытушыларға ыңғайсыз екен. Тек зағиптардың табанды түрдегі талабының арқасында Луйдің еңбегі қайта қаралып, 1837 жылы бірінші рет сол шрифтімен алғаш «Францияның қысқаша тарихы» басылып шығады. Содан бері әліпби аты Брайль деп аталады.