«Хельсинки қорытынды актісі» деген не?
Кеше Ресей Президенті сөз арасында «Хельсинки қорытынды актісі» деген тіркесті бірнеше рет тілге тиек етті. Менің білгім келетіні – Хельсинки қорытынды актісінің принциптері қандай?
Нұржан ҚАЗЫБЕК, Тараз
1975 жылы қол қойылған Хельсинки қорытынды актісі ЕҚЫҰ-ның негізін құрушы басты құжат болып табылады. Бұл құжатта сол кездегі Еуропа құрлығындағы қалыптасқан халықаралық ахуалды түпкілікті бекітетін және оған мүше елдердің өзара ынтымақтастығының нормаларын айқындайтын негізгі принциптер көрініс тапты. Сонымен, Хельсинки қорытынды актісінде бекітілген 10 қағида төмендегідей: 1) егемендік теңдік, егемендікке тән құқықтарды қадірлеу; 2) күш қолданбау немесе күшпен қоқан-лоқы көрсетпеу; 3) шекараның мызғымастығы; 4) мемлекеттің аумақтық тұтастығы; 5) таластың бейбіт түрде реттелуі; 6) ішкі іске қол сұқпаушылық; 7) ой-пікір, ар-ұждан, дін және сенім бостандықтарын қоса алғанда, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қадірлеу; 8) теңқұқылық және халықтардың өз тағдырына иелік ету құқығы; 9) мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық; 10) халықаралық құқық бойынша міндеттемелердің адал орындалуы.