Халықаралық әйелдер күні мерекесін тойламайтын елдер бар ма?
Кейде 8 Наурыз мерекесін «жат мереке» деп ұнатпай сөйлеп жататындарды кезіктіріп қаламыз. Тіпті базбіреулер бұл мерекенің шығу тарихы жайлы да жақсы сөз айтпайды. Осы орайда менің білгім келгені, 8 Наурыз мерекесі ең алғаш қай елде тойланған? Бұл мерекені тойламайтын елдер де бар ма?
Марат Мақұлбеков, Алматы облысы
Базбір деректерге қарағанда, әйелдер мейрамы ежелгі Римде де аталып өтілетін болған көрінеді. Ол күні бас бостандығы бар әйелдер күйеулерінен сыйлық алатын болған, ал күңдерге қожайындары бір күндік демалыс берген екен.
8 наурыз әлемнің барлық елдерінде Халықаралық әйелдер мерекесі ретінде аталып өтпейді. Мысалы, Сирияда 8 наурыз «Төңкеріс күні» болса, Либерияда (Африканың батыс жағалауы) – «құрбан болғандарды еске алу» күні. Ал Өзбекстанда, Румынияда – «Аналар күні». Бірқатар батыс елдерінде бұл күн отбасылық мереке ретінде аталып өтеді екен.
Халықаралық әйелдер күні мерекесі 1910 жылдан бастап ресми мереке атанған. Бұл мейрамды ең алғаш рет Дания астанасы Копенгагенде тойлаған екен.
8 наурызды ресми түрде әлемнің 30-ға жуық елі тойлайды.