Ұжымдық шарт деген не?
Еңбек шарты мен ұжымдық шарттың айырмашылығы қандай?
Дариға ДАТХАНОВА, Қарағанда облысы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшы мамандарының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағы, 39-тармақшасына сәйкес, еңбек шарты қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім болып табылады. Бұған сәйкес, қызметкер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесінің ережелерін сақтауға міндеттенеді. Ал жұмыс беруші қызметкерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, қызметкерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді. Жоғарыда аталған баптың 1-тармағы, 78-тармақшасына сәйкес, ұжымдық шарт – ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, қызметкерлер ұжымы мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акті. Яғни еңбек шарты жұмыс беруші мен нақты бір қызметкер арасында жасалса, ұжымдық шарт – мекеменің немесе кәсіпорынның ұжымы мен жұмыс беруші арасында жасалатын келісім.