«Ұжымдық мәдениет» деген не?
Қазіргі уақытта жиі айтылып жүрген «ұжымдық мәдениет» ұғымы жайлы қысқаша анықтама берсеңіздер.
Жазира ТӨЛЕНҚЫЗЫ, Алматы облысы
Әлеуметтанушы мамандардың пікіріне сүйенсек, біз өмір сүріп отырған қоғамның әр саласының дамуы ұжымдық (корпоративтік) мәдениет динамикасына тікелей тәуелді. Қоғамдық және саяси процестерде корпоративтік мәдениеттің ықпалы неғұрлым көп болса, соғұрлым маманның шеберлік сапасына қойылатын талаптар жоғарылайды. Ұжымдық мәдениет, бұл – әсіресе саяси және мемлекеттік іс-әрекет пен әлеуметтік-саяси балансты сақтауға, жұмыс барысын ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құбылыс.
Ұжымдық сана – сіздің кім екеніңізді, шеберлік деңгейіңіз бен білім мен тәжірибеңіз, сіздің айналаңыздағы адамдарды қабылдау мен тәртібіңіз және өмірге деген көзқарасыңызды анықтайды. Осы мәселелердің көпшілігі белгілі бір ұжымда жұмыс істейтін мамандардың біліктілік (компетенция) деңгейіне тікелей байланысты. Кеңестік жүйедегі кадрлар дайындау мәселесі көбіне сан жағымен шектеліп, сапа жағына көңіл бөлінбеді, нәтижесінде корпоративті мәдениет ұғымы туралы түсінік тіпті де қарастырылмады.
Қазіргі ғаламдану жағдайында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен қызметке деген талабын жаңаша қарастырады және жаңаша міндеттейді. Біріншіден, қоғамдағы кеңес заманынан мұра болып қалған әкімшілік-командалық басқару стилінен арылу, екіншіден, қоғамдағы саяси мәдениетті көтеру, үшіншіден, қоғам мүшелерінің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру. Қазіргі заманның басты талабы бізден мемлекеттік қызметтегі, корпорациядағы және топтық ұжымдағы білімсіздікті жоюмен қатар білімді, біліктілік пен шеберлікті талап етеді. Мұндағы басты рөлді, әрине, корпоративтік мәдениет атқарады.