«Узо» деген қандай ішімдік?
Жақында таныстарым «Алматыдағы мейрамханалардың бірінде отырдық, узо іштік» деді. Узо деген не? Ол қандай сусын?
Ғабит, Алматы қаласы
Узо – Грекияда өндірілетін алкогольді ішімдік. Оны абсентпен және француздардың пастисімен тең қойып жатады. Түрік елінде де дәмі осымен бірдей спиртті ішімдік бар, ол ракия деп аталады. 1989 жылы узо гректердің өнімі ретінде бекітілді. Узоның құрамында этил спирті мен түрлі жұпар иісті шөптердің, әсіресе міндетті түрде анис өсімдігінің сығындысы болады. Бұл алкогольді сусынның градусы – 40-50 аралығында. Мұндай спиртті жүзім айыру өндірісінде де қолданады. Узо – аперетив, яғни тәбетті ашатын және ас қорытуды жақсартатын сусын болып саналады. Сол себепті оны түскі немесе кешкі ас алдында ішеді. Болгарияда мұндай сусын «мастика» деп аталса, Италияда узо тәрізді самбука атты ішімдік бар. Узо сусыны дүниежүзіндегі грек ас мәзірін әзірлейтін нысандардан міндетті түрде табылады.