Үркер неге суық?
Үркер жұлдызы төңірегінде айтылатын аңыздар көп. Бұл жұлдызды түркі халықтары суықпен байланыстырады екен. Не себепті?Оралжан ЕСЕНОВ, Талдықорған қаласы
Үркер жұлдызының түркі халықтарындағы атауы негізінен ортақ болса, моңғолдар мен алтайлықтар, кейде тувалар оны мичин (мешін) деп атайды. Жалпы, түрік-моңғол халықтары үркерді суықпен байланыстырады. Мысалы, сахада қыс бұқасы бар, оның демі – аяз, мүйізі – мұз. Қаңтардың аяғында аспан перзенті – алып бүркіт келіп шақырады. Соның даусынан қаһарлы бұқаның мүйізі шарт сынып, аяздың беті қайтады дейді олар.
Мәселен, тувада «Үркер сооқ егесі», яғни «Үркер суық иесі» деген түсінік бар. Ал терістік суық өлкеде өмір сүретін сахалар Үркер ғана емес, Кішіқарақшы (Малая Медведица) мен Шолпан жұлдыздары ерте заманда өте үлкен болғандықтан, жерге ызғар шашатын, оны бақсылар арбап, сындырып, кішірейткен деп ұққан. Әдетте, жұлдыздар қыстыгүні аяз күшейгенде бақылаушыларға бадырайып, айқын көрінетін болғандықтан, солай түсінген болу керек. Ал қазақтар «Үркерлі айдың бәрі қыс» деп бекер айтпаған. Ол аспанға көтерілген сайын күн суыған, керісінше, мамыр, маусым айларында көзден тасаланып, «жерге қырық күн түскенде» ауа райы жылынып, көк қаулап шыққан. Табиғаттың осындай құбылысын бақылаған малшы қауым «Егер Үркер жерде жатса, мәңгі жылы болады екен» деп қиялдаған.