Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы – 21 мың 196 шақырым
Жауынгер бабаларымыздың қаһарынан қауіптеніп салынған Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы қанша шақырымға жетеді? Қай кезден бастап салына бастаған?
Мақсұт БАЙДАРБЕКОВ, Алматы
Аждаһа елінің ұлттық символына айналған Ұлы Қытай қорғаны бұрынғы есептелген көрсеткіштен 2,5 есе ұзын екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Ең соңғы өлшеулер бойынша қорғанның ұзындығы 21 мың 196 шақырымды құраған. 2009 жылы жарияланған зерттеулердің алдын ала нәтижесі 8,85 мың шақырымды көрсеткен болса, бүгінде бұдан бұдан 2,5 есеге ұзын екені мәлімделді. Бұған дейінгі есептерде қорғанның Мин династиясы дәуірінде (1368 - 1644 жылдары) салынған бөлігі ғана ескеріліп келген. Соңғы зерттеу кезінде қабырғаның 44 мыңға жуық бөліктері еленіп, қытай тарихының барлық кезеңіндегі құрылыс жұмыстары есепке алынған. Құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770 – 476 жылы) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475 – 221 жылы) заманында салына бастаған ежелгі Ұлы Қытай қорғанының бүгінгі күнге 8 пайыздан астам қабырғасы жеткен. 74 пайызы қатты бүлініп, қираған, ал қалған бөлігінен тек іргетасы ғана қалған.
Ұлы Қытай қорғаны 1987 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар нысандарының тізіміне енгізілген болатын.