Мәдени-тарихи ескерткіштер, ұлттық символдардың қайсысы көбірек танымал, қайсысы халықтың жүрегіне жақын? Бұл бағытта арнайы зерттеулер жүргізіле ме екен?
Орынбай Қанашев, Алматы облысы
Әрбір мемлекет, әрбір халық өзінің ұлттық символына, мемлекеттің имиджіне айналған қасиетті тарихи жәдігерлер, мәдени-тарихи мұралары мен архитектуралық кешендерімен әлемге мәшһүр болып жатады. Жуырда бұл бағытта «Стратегия» талдау орталығы әр аймақ бойынша 1500 респонденттің арасында «Сіздің пікіріңізше, Қазақстанның қай тарихи-мәдени ескерткішін еліміздің символы деп тануға болады?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізіпті. Сауалнама қорытындысы ел тұрғындарының жартысына жуығы ешбір ескерткішті символ деп танымайтынын көрсетті. Дегенмен сауалнамаға қатысқандардың 12 пайызы сақ дәуірінен келе жатқан «Алтын адам» мүсінін, 11 пайызы «Астана-Бәйтерек» кешенін, 9 пайызы Абай атамызға арналған әдеби, рухани, архитектуралық ескерткіштердің кешенін, ал 4 пайызы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін Қазақстанның ұлттық символы, бренді деп атаған.