Ұлттық психология қаншалықты зерттеліп жүр?
Елімізде Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық психология саласы бойынша қазақ тілінде бір ғана кітап шыққан деген пікір айтылып жүр. Шынымен де, солай ма? Осы бағытты зерттеп жүрген ғалымдардың ғылыми еңбектері неге көрінбей жүр?
Айдана НҰРЛАНҚЫЗЫ, Алматы облысы
Қазіргі уақытта ұлттық психология саласын зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдарымыз аз емес. Бүгінде еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында аталған саланың әр тармағын қамтитын кафедралар мен факультеттер мен орталықтар жұмыс істейді. Мысалы, бір ғана ҚазҰУ-де бакалавриатта психология мамандығы бойынша қырыққа жуық пән оқытылады. Бұған қоса ұлттық психология түйткілдерін қамтитын бірқатар басылымдар бар. Осыған қарап-ақ ұлттық психология мен этнопедагогика саласында біршама еңбектердің жасалып жатқандығын айтуға болады. Педагогика және психология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, профессор Құбығұл Жарықбаевтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде ұлттық психология саласына қатысты 40-тан астам кітап жарық көрген. Оның сыртында көптеген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, ғылыми басылымдарда психология мамандарының еңбектері жарияланып келеді.