Ұлар аңыздағы құс па?
Ұлытау дегенде ұлар құс деген де қоса айтылады. Шынында, ол самұрық секілді аңыз құсы ма, әлде өмірде бар ма?
Әсем ОРЫНБАЕВА, Алматы қаласы.
Құстар жайлы деректерге қарасақ, ұлар – салмағы үш келідей, түсі тас өңдес, тауыққа ұқсас, жергілікті құс. Биік тау шыңдарын мекендейді. Көбіне 5-10-нан топтасып жүреді де тек көктемде ғана жұптасады. Олар өте сақ келеді. Тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен. Егер қауіпті сезсе айрықша үн шығарып, хабар беретін көрінеді. Қыстың аязды күндерінде тас қуыстарынан пана тауып, топтасып бірін-бірі жылытады. Қар қалың жауған жылдары, көбіне таутекенің соңынан еріп отырады. Себебі таутекелер тебіндеп жайылып, қырат беткейлеріндегі қарды тазартып, қанаттылардың азығын тез табуына көмектеседі екен.
Бүгінде саны азайып бара жатқан бұл құс Алтай тауларында көп деседі. Халық медицинасында адам жарақат алып, сүйегі сынған кезде ұлардың еті ем болады екен.