Ұланбатыр қаласының атын қазақтар қойған ба?
Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласының атын қазақтан шыққан белгілі саяси қайраткер Тұрар Рысқұлов қойған дегенді естіп едім. Осы мәліметтің қаншалықты рас екенін білгім келеді.
Айбар Маратұлы, Өскемен қаласы
Тарихта Ұланбатыр қаласының көптеген атауы болған. Мысалы, 1639-1706 жылдары Өргөө, 1706-1911 жылдары Их Хүрээ, Да Хүрээ, Хүрээ деп аталған. 1911 жылы Моңғол елі тәуелсіздігін жариялап, қаланың атауын Нийслэл Хүрээ деп өзгерткен. Аталған қала 1924 жылы Моңғол Халық Республикасының астанасы болып жарияланады. Тұрар Рысқұлов сол жылдары Моңғолияда Коминтерн ұйымының басшысы болып қызмет істеген. Сол қызметте жүріп, социалистік дамуға бет алған республиканың астанасының атауын өзгертуге ықпал еткен. Бұл орайда Тұрар Рысқұловтың атын айтып қана қоймай, Моңғолия қазағы Тауданбек Дәуітбайды да ескерген жөн. Өйткені кейбір деректерде қаланың Ұланбатыр (қазақша мағынасы Қызыл батыр) атануына Тауданбек Дәуітбайдың септігі тигені көрсетілген.