Тышқандар қандай ауру таратады?
Кеміргіштерден жұғатын аурулар туралы білгім келеді. Алматыда күз кезінде егеуқұйрықтардың көбейетіні бар. Оларды дер кезінде уламаса, қандай аурулар тарауы мүмкін?
Асланбек ОРАЗБАЕВ, Алматы қаласы
Санитар-эпидемиологтердің мәліметінше, биыл кеміргіштерден жұғатын иерсиниоз ауруы өткен жылға қарағанда, 1,6 есеге артып отыр. Иерсиниоз – ішек-қарын жолын, буындарды, тері мен басқа да органдарды зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол кеміргіштер ластаған азық-түлік пен жеміс-жидекті, көкөністі тұтынғаннан болады. Ауру жұқтырған адам әуелі қалтырап тоңады, басы ауырады, әлсірейді, буындары мен бұлшық еттері талады, ұйқысы қашады, тамағы қышып, тәбеті жоғалады, қызуы көтеріледі, құсады. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы зертханасы мамандарының мәліметінше, қала аумағындағы кеміргіштердің 2,7%-ы иерсиниоз жұқтырған.